Бодандық, құлдық қақпалары алынсын!

0
Семей қаласының тарихы, іргетасы 1718 жылы қаланған әскери бекінісіпен байланыстыруға болмайтыны мәлімделген. Тариxшы, ғалымдар дәлелдеген.
2018 жылы қаланың 300 жылдығы деп ұран салғандардың әлегіне, зиялы қауым бастап, кейін әкімшілік қостап тосқауыл болған.
Тірі куәміз. Содан бері әлі тиісті тапсырма беріліп, әкімшілік тарапынан шара қолданылмаған.
І Петрдің шығыс аймақтағы жерлерді қорғау туралы әйгілі жарлығына және Ертіс өңірі бекіністерінің салына бастауымен байланыстырылған тариxтың шеңбері өте тар. Идеологиялық тұрғыдан әбден ескірген. Тәуелсіз елмізге жараспайды. Жаңа Қазақстанға мүлдем.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай: «Семей өңірі – қазақ тарихындағы киелі өлкенің бірі. Сондықтан елдің рухани дамуында ерекше орны бар Семей қа­ласын тарихи орталық ретінде белгі­леген жөн. Ұлы Абай мен Шәкәрім­нің, Мұхтар Әуезовтің кіндік қаны там­ған өңір айрықша құрметке лайық.” — деген сөзін облыс әкімшілігі мүлде қаперден шығармағаны жөн деп ойлаймын.
Қазір. Иә, дәл қазір қаламыздың шығыс жақ бетінен кірсеңіз көзге түрпідей тиетін төмендегі «Семей-1718» деген жазуы бар дәу белгі әлі жарқырап тұр. Түбімен қопарып, тұқым-тұяғымен құртса деймін.
Өйткені жас ұрпақ, алыс-жақынан келетін қонақтар қала тариxы 300-ақ жыл екен деп ойлап қалуы бек мүмкін. Солай айтып жүргендермен де талай дауласқанбыз. Құлдық, бодандық белгілері де сүйекке таңба.
Өткендегі Дмитрий Медведевтің парақшасына салынып, кейін қайта өшірілген жазбадан: “Қазақстан-жасанды мемлекет, бұрынғы орыс территориялары. Мысалы Гурьев (Атырау), Семей (Семипалатинск), тіпті Алматы қалалары 1924 жылға дейін Верный деп аталды.” — деген шатпағына мына бекініс белгілері (Семейде әлі тұрған) тұздық болары сөзсіз.
Ежелгі Қимақ қағанатының, Алаш орданың астанасы болған, бүгінде рухани орталық, “Киелі мекен» деген ұғымды білдіретін СЕМЕЙ шаhарымыздың терең тамырына балта шаппай, бүгінін бүрлетейік!
P.S. Айтпақшы жаңадан жасақталған, құрамында бір де бір ақын-жазушысы жоқ “Абай облысының қоғамдық кеңесі”, алғашқы жұмыстарыңыз болсын, Сіздердің де құлақтарыңызға алтын сырға.
Мерей ҚАРТ
ҚЖО Абай облысы филиалының төрағасы