Ескі мазар, кесенелерді тонайтын «қара археологтар» көбейіп барады

0

Қазір бүкіл ел бойынша ежелгі Сақ Бабалар қорғандары мен ескі мазарат, кесенелерді тонайтын, тіптен мұны «табыс көзіне» айналдырып алған «қара археологтар» көбейіп барады. Өкінішке орай бұл мәселелер бірнеше рет үкімет газеттері «Егемен Қазақстанға» шейін де, Мәжілісте де көтерілді. Осыдан бірнеше жылдар бұрын осы жолдар авторы да мұны жергілікті баспасөзде көтерген болатын. Бұл оңай жолмен тез арада байығысы келген қылмыскер топтар «металл іздейтін» қондырғылармен және де басқа да техникалармен жарақтанып, отаршыл жүйеден енді ғана шығып, бойын тіктей бастаған Ата тарихатымыз бен ұлттық мәдениетімізге, орасан зор апаттар әкелуде. Бірақ газет оқымайтын, оның ішінде өздері сол мемлекетті басқарып отырса да мемлекет тіліне де, тарихына да, ертеңіне де, баға жетпес жәдігерлеріне де пысқырып та қарамайтын, бұрыңғы империяның рухында тәрбиеленіп, түрлі жолдармен ел билігіне келіп қалғандар бұл аса маңызды мәселеге мүлдем көңіл бөлмей келеді…

Ежелгі замандар мен орта ғасырларда осындай киелі жерлерді, яғни қорымдар мен кесенелерді, керуендерді тонап, адамдарға қарақшылық шабуыл жасағандарды Ұлы Қаһанның арнайы өкілеттіктері бар жасауылдары әлгі қорқау сұмдарды ұстаған жерлерінде бастарын шауып, ағаштарға іліп кететін болған…

Ай Қарақ Керей Хан билікке келер алдында Алтын Ордада түрлі діндерді ту еткен хан тұқымдары таққа таласып, өзара қырқысып Елдің берекесін кетіріп, тәртіп қожырап тұрған тұста елді тонайтын, керуенді торуылдайтын топтар қайтадан пайда болады. Керей Хан Қазақ Хандығын құрып, билікке келгесін жан-жақты осалдап кеткен тәртіпті қалпына келтіруден бастайды. Осы қанды тұтқиыл шабуылды басқаратын түнгі ұрыларды Керей Хан арнайы сарбаздар шығарып, іздеріне түсіп бұғаулап ұстап алып келіп, халықтың алдына шығарып басшыларының басын кесіп, жол бойындағы ағаштардың бұтағына ілдіріп қояды екен. Адамның басы тұрған ағашты ел көріп: «Ай Қарақтың қолданған жазасы!» — деп біледі екен. Кейінерек осы сөзден «қарақшы» — деген сөз пайда болады.

Жоңғар-Қазақ соғысында осы жазаны Айбынды Абылай Ханның Бас батырларының бірі Ер Қанайұлы Құлан Қайыр Ханбас Батыр Жоңғар қарақшыларына қолданады. Жазықсыз сәби, ана, ақсақалдарды жылатқан пенделерді аямаған. Мұндай жауыздардың бастарын кесіп, ағашқа ілген. Осындай жазаларды қолданған жерлерде, Керей Хан заманы мен Айбынды Абылай Хан өмір сүрген Жоңғар шапқыншылығы уақытынан қалған тарихи жер атаулары: «Қандыағаш», «Көктерек», «Сұрағаш», «Сарыағаш», «Қарақшы терек», «Бұтақбас», «Төртбұтақ», «Қарға қонар», «Үштөбе», «Молалы шыбық», «Қытай шыбық», «Орыс жылаған», «Парсы бас», «Иткөзді қарағай», «Бұзық тобылғы», «Сүйекбас Сексеуіл», «Ханбас бекет», «Керей жайрасұны», «Қанжыға бұтақ», «Шіріген ағаш», «Еңіреуік тоғайбас», «Жылауық қайың» — деп аталыпты. Осындай тарихи жерлерде қарақшыларды о дүниеге аттандырып, басшыларының бастарын ағашқа іліп қойған.

Шындығында, бүгіңгі күні Елімізде өте ауыр мәселеге айналып тұрған мұндай «қара археологтарға» осындай аса қатаң жаза қолдану керектігі де өмірдің талабынан туындап отыр! Себебі ежелгі мазараттар мен кесенелерді тонап, соны кәсіпке, күн көріске айналдырып жүргендердің, моланы ашып мүрделерді жейтін жыртқыш қорқаулардан айырмашылығы қайсы? Мұндай сұмдар дүние мен ақша үшін кез – келген адамды шімірікпей бауыздап, немесе ата салады. Бұл олар үшін су ішкенмен бірдей ғана нәрсеге айналған. Осындай қорқаулардың адам арасында өмір сүруінің өзі, олардың қорқау ұрпақ таратуы да қоғамға да, Елдің болашағына да аса қауіпті. Мұндай элементтерді, яғни «адам терісін жамылған ібілістерді» бабаларымыз түбірімен жойып отырған. Қазіргі белең алған жаппай жемқорлық мемлекетімізді іштей ірітуде. Еліміздегі тәртіп қожырап, жетім сатқан, жер сатқан, азғын қоғам орнатқандардың арқасында мемлекеттің билігі мен пәрмені барлық салада әлсіреп барады. Ал осындай жағдайда олардың мұндай өте маңызды мәселелермен айналысуына пейілдері де, уақыттары да жоқ боп тұр?!

Аbai.kz cайтында Әділбек Қаба мен Тәкен Молдақынұлының осы мәселелер бойынша келтірген деректері, біздің елді нағыз жарымес елдің ертеңін ойламайтын пенделер билеп отыр ма, деген заңды сұрақты туындатып отыр?! Сұмдық қой бұл! Бас қайда? Елдің ертеңін терең ойлайтын ер — азаматтарға, биліктен тәртіп пен заңдылықты қатайтатын іс – шараларды талап етіп, біліксіз басшыларға орынды босатыңдар деп талап қоятың шешуші кезеңдер келген сияқты…

Ілесбек Байжанов

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

Дереккөз: https://abai.kz/