Дос Көшім: Қазақ пен орыс тілін тең қою – ақымақтық
Тақырыпты айқайлатып қоюға негіз бар. Мәселе қазақ тілінің төңірегінде болғасын мемлекетшіл азаматтарды құлағдар еткіміз келді. Хош, биыл Назарбаев зияткерлік мектебінің қазақ бөліміне оқуға түсу үшін 936, орыс бөліміне 706 өтініш түсіпті. Ал, сынып екі тілге де теңдей бөлінбек. Жоғары ұпай жинап, оқуға қабылданбай қалу ықтималдығы барлар «орыс сыныбына тапсыра салуымыз керек еді» деп сан соғып жатқанға ұқсайды. Себебі, бәсекелестік аз, грант саны көп.
Бұл мемлекеттің тіл саясатына қаншалықты оңтайлы? Соны білмек үшін жауаптыминистрліктің Тіл саясаты комитетінен пікір алғымыз келді. Ресми сайтта көрсетілген байланыс нөміріне күн ұзақ қоңырау шалып, «Ало» деген жауап ала алмадық.
Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының ресми сайтына кіріп едік жаға ұстауға тура келді. Қазақ тілін зерттеп, насихатын арттырады деген институттың сайты орыс тілінде ашылып тұр. Қазақ тілін арнайы таңдау керек. Демек, мемлекеттік тіл мәртебесін осы институттан бастау керектей.
«Адырна» Ұлттық порталының тілшісі саясаткер Дос Көшіммен тіл жайында сұхбаттасып қайтты.
— Дос аға, армысыз?! Ресейдегі соңғы қазақ мектебі жабылғанда қолдап едіңіз, елдегі мына жағдайға қатысты не айтасыз?
— Назарбаев мектебінің бұл ісі мүлдем дұрыс емес. Қазақстандықтардың 70 пайыздан астамы қазақ болса, қазақтілді қауымның үлесі 80 пайыздан асып кетті десек бұл жайт неге ескерілмей отыр? Ұлттық мөлшерге байланысты пропорция жасалуы тиіс немесе соңғы санақтағы «Өзіңнің ана тіліңді қай тіл деп санайсың» деген деректі алға тартуымыз керек. Дерек болмаса бәрі бос әңгіме. Болжамды түрде «Елдегі қазақтілділер мынанша пайыз, орыстілділер мынанша» деп айта алмаймыз. Қателеспесем, соңғы санақ бойынша елдегі қазақтілділер 70 пайыздан асты. Сондықтан, ел ішінде қазақ тілі кез келген жерде алға шығады. Ал, оны орыс тілімен қатар қою барып тұрған ақымақтық.
— Өзі қазақ бола тұра баласын орысша оқытатындар қатары азаймай тұр. Бұған да ерекше назар аудару керек сияқты.
— Бұл орыстілді мектептер мен балабақшаны көбейтудің тікелей жолы. Сосын, «орыс тілінде мүмкіндік көп, бәсекелестік аз» деген ақымақ практикалық бағыт бары рас. Сондықтан, жоғарыда айтқанымдай білім алушы өзінің ана тілін қай тіл деп санайды, соған қарап сыныптар бөліну керек.
— Бұл керісінше, орыс тілді қауымның оң жамбасына келмей ме? Өйткені Қазақстанда аралас мектептен бөлек, таза орыс тілінде білім беретін 1500-ден астам орта мектеп бар екен.
— Мынадай бір қызық айтайын. Осыдан 3-4 ай бұрын Талғарда қазақ мектебі салынғанда ата-аналар «аралас мектеп керек» деп шу шығарды. Дәл сондай жағдай астанада да болды. 4-5 әйел жиылып «Путинге жазамыз» деп доқ көрсетіп әлеуметтік желі шулады ғой. Мен жуырда Батыс Қазақстан облысына барып қайттым. Өңірдегі ономастикалық мәселелер бойынша халықпен кездестім. Соңғы күні Жымпитыдан шақырту алдық. Жымпитыны білесіздер Алашорданың орталығы болған. Өңірдегі халықтың 99 пайызы қазақтілді. Бірақ, бір орыс сыныбы бар екен. Ата-аналар тағы бір орыс сыныбын ашу мәселесін көтеріпті. Тіл басқармасы мен білім басқармасының мамандарымен бірге халықпен кездестік. Сондағы таң қалғаным, орыс сыныбын ашуды сұрап жатқандар – мемлекеттік қызметкерлер. Ал бізде мемлекеттік тілді дамытатын дәл осы қызметте жүргендер ғой. Біздің барғанымыз әсер етсе керек 5-6 ата-ана балаларын қайта қазақ сыныбына беретін болды. Бірақ, 25 бала оқитын орыс сыныбы 30-ға дейін көбейгелі жатыр. Енді, ең қызығын айтайын, ата-аналардың бұндай шешімге келуіне тікелей Білім басқармасы кінәлі болып тұр. Өйткені, өткен жылы мектепке дайындық сыныбына 50 орын ашыпты. Орын болғасын балалардың дені орыс сыныбына барған. Енді, олар келер сыныпта да 50 орын ашуды талап еткен. Олардың талабы орынды. Сосын менің ата-аналарға ашуым келіп «200 орын ашса соның бәріне оқытасыңдар ма, қандай қазақсыңдар» деп ұрыстым. Олар «оқытамыз» деп отыр. Бұл мемлекеттік идеологияның түк жұмыс істемей тұрғанының көрінісі.
— Аға, айтып отырғаныңыздың бәрі алдығы 3-4 жылда үлкен мәселе айналуы мүмкін. Осыны жүйелеу жайлы қандай ұсынысыңыз бар?
— Бұның шешімі біреу-ақ. Батыс Қазақстандағы басшыларға да соны айттым. Осындай мәселелерде халыққа сұраған нәрсесін бере бермеу керек. «Кешіріңдер, екінші сыныпты ашуға орыс тілінде оқытатын мамандар жоқ» деу керек. Болды. Шындығында да мамандар жыл сайын азайып келеді. Әйелім ҚазҰУ-да жұмыс істейді. Содан естігенім «орыс тілінде оқытатын топтар жиі толмай қалады» екен. Мәселен, ЖОО түсетін орыс тілді талапкерлер аз ба, бұл маман тапшылығына тікелей әсер етеді. Содан кейін ол орыс тіліндегі мектептердің азаюуына алып келу керек. Бірақ, осыны көріп отырған мемлекет ешнәрсе жасамайды. Басшылар «маман жоқ, Ресейге барып оқытам десеңдер толық құқыларың бар» деп айту керек. «Бірдеңе қыламыз, құқықтарың бар ғой» дей беру дұрыс емес. Құқықтары болса да, мемлекеттің мүмкіндігі жоқ. Айтарым осы.
Сұхбаттасқан Арман Құдайберген