Жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқытатын мұғалімдерге қолдау артады
Жыл басынан бері жаңаша білім беруге кіріскен алматылық мұғалімдердің 70%-ның жалақысы 30 пайызға көбейген. Ал қыркүйектен бастап ұлттық кәсіби тестілеуді еңсерген 1293 ұстаз алғаш рет өздерінің қызметтік еңбекақысына 30-дан 50 пайызға дейін қосымша ақы алатын болады. Бұл туралы қаланың педагогтар қауымымен кездескен шаһар басшысы Бауыржан Байбек айтты. Әсіресе физика, химия, информатика пәндерін ағылшын тілінде оқытатын мамандарға айрықша жағдай жасау көзделген. Мұндай мұғалімдердің қызметтік жалақыларына қоса 200%-дық көлемде қосымша ақы төленеді.
Қаланың үздік педагогтарымен кездескен қала әкімі Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру аясында Білім және ғылым министрлігінің «Педагог мәртебесі туралы» және «Оқушы мен мұғалімнің жүктемесін азайту бойынша бірқатар заң актілеріне өзгерістер мен қосымшалар енгізу туралы» заңдардың жобаларын дайындағанын атап өтті. Оның сөзінше, қаладағы барлық ұстаздар мен ата-аналар қауымдастығының өкілдері аталған заңды талқылауға белсенді түрде қатысуы керек.
«Ең маңыздысы, жобадан қазақстандық педагогтер өз жұмыстарының жоғары бағаға ие екенін, білім саласында туындаған барлық мәселеге, оқушылар мен мұғалімдерге айрықша назар аударылатынын көрді. Сіздердің қаланың білім саласын дамытуға қосқан үлестеріңіз өте жоғары, жауапты әрі қиындығы мол ұстаздық қызметтеріңізге алғыс айтамын. Оқушылардың түрлі білім сайыстарында биік жетістіктерге жетуі жеке кәсіби біліктіліктеріңіздің сапасын айқындай түседі», деді Б.Байбек.
Алматы қаласының білім беру жүйесінде 1078 білім беру ұйымы жұмыс істесе, соның 700-ден астамы мектепке дейінгі білім беру мекемесі. Мәселен, соңғы екі жылдың өзінде қалада 10,4 мың адамға арналған 262 мектепке дейінгі мекеме ашылған. Бүгінде мектепке дейінгі білім беру және тәрбиелеу ісімен қаладағы үш жастан алты жасқа дейінгі жеткіншектердің 81,2 пайызы қамтылып отыр. Мектептер мен мектептен тыс ұйымдарда іске қосылған роботтехника және 3D модельдеу үйірмелерінде 3 мыңнан астам шәкірт білім алады.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ
Дереккөз: http://egemen.kz/