Жемқорлықпен күресте табандылық керек | «Айқын» газеті
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында негізгі міндеттердің қатарында сыбайлас жемқорлықпен белсенді күрес жалғасатынын нақтылап өтті. «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында да Мемлекет басшысы назар шоғырландырылуы тиіс негізгі 10 міндет қатарында жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі туралы атап өткен болатын.
Сыбайлас жемқорлық мемлекеттің негізіне нұқсан келтіріп, экономикалық дамуды тежейді. Ол қоғам мен бизнеске аса теріс әсер етіп, жүргізіліп жатқан экономикалық әрі әлеуметтік реформаларға кедергі келтіреді.
Заң үстемдігі – экономикалық өсу, әлеуметтік әділдік, қоғам мәдениетінің дамуы мен гүлденуіне қол жеткізу үшін міндетті шарт. Тәуелсіздік алған сәтінен бастап Қазақстан мақсатты түрде кезең-кезеңмен жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың заңнамалық тетіктерін құрып келеді. Бұрынғы Кеңес елдері арасында алғашқылар қатарында 1998 жылы осы теріс әлеуметтік құбылыспен күресудің мақсат-міндеттерін және негізгі принциптері мен тетіктерін айқындайтын «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» заң қабылданды.
Елімізде сыбайлас жемқорлық ұлттық қауіпсіздікке төнетін тікелей қатер дәрежесіне дейін көтерілген және оған қарсы күрес жүргізудегі мемлекет пен қоғамның күш-жігерін біріктіру көзделген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заманға сай заңнамамен қоса, бірқатар бағдарламалық құжат қабылданып, арнайы уәкілетті орган құрылды. Осы саладағы халықаралық ынтымақтастық белсенді түрде жүзеге асырылып келеді.
Әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына қосылу бойынша міндеттер аясында жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы азаматтық сектордың рөлін кеңейту мақсатында сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізіліп отырған саясат қайта жаңғыртылды.
Осыған байланысты Президент Қазақстанның 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын бекітті. Ол құжат толықтай іске асқанда елімізде халыққа мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы, азаматтардың құқықтық сауаты мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейі де артатын болады.
Жемқорлыққа қарсы іс-қимылда қоғам мен мемлекеттің күш-жігерін біріктіру ерекше маңызға ие. Бұл сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеу мәдениетін қалыптастыру бойынша іргелі құндылықтарды бекіту үшін керек.
2015 жылы Финляндия, Ұлыбритания, Норвегия, АҚШ, Бельгия, Франция, Германия және т.б елдердің тәжірибесі негізінде әзірленген «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңның жаңа редакциясы қабылданды. Алдыңғы заңға қарағанда оның негізгі айырмашылығы мен басымдығы – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және жемқорлық салдарымен күресу емес, оның болу себептері мен шарттарын жою. Ол заң – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл стратегиясын, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, Бес институттық реформаны жүзеге асыру, «Нұр Отан» партиясының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасын іске асырудың маңызды түрткісі.
Осыған байланысты жемқорлықтың алдын алу арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саясатын іске асыруға, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың қызметіндегі жемқорлық қатерлерін табу және оларды барынша төмендетуге, осы бағытта жүргізілетін жұмыстарды кеңінен жариялауға және қазақстандықтар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар басым болып белгіленген.
Мемлекет басшысы 2008 жылғы Жолдауында заңдылықты ұстап тұрудағы басым бағыт – жазалаушы іс-әрекет емес, құқықбұзушылықтарды абайлату мен олардың алдын алу деп атап өткен. Сол кезде Қазақстанның мемлекеттік, өзін-өзі басқару органдары, ұйымдары мен азаматтарының құқықбұзушылықтардың алдын алу жөніндегі қызметінің құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдастыру негіздерін белгілейтін «Құқықбұзушылықтардың алдын алу туралы» заң қабылданған.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңда мемлекеттік және жеке секторда сыбайлас жемқорлыққа түрткі болатын себептер мен жағдайларды жою үшін алғашқы рет жаңа тетіктер енгізілді. Бұл – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг, жемқорлық қатерлеріне талдау жасау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет тәрбиелеу және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша Ұлттық баяндама қалыптастыру және оны жариялау.
Меніңше, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл – құқық қорғау немесе арнайы мемлекеттік органдардың ғана ісі емес, еліміздің әр азаматының міндеті.
Сыбайлас жемқорлық мәселесі жемқорлық деңгейін төмендету бойынша елеулі жұмыстар атқарып отырған «Нұр Отан» партиясының да үлкен алаңдатушылығын туғызады.
2013 жылғы 18 қазанда өткен «Нұр Отан» партиясының XV съезінде партия Төрағасы, Президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Саяси көшбасшылықтың қағидатты мәселесі – жемқорлыққа қарсы бітіспес стратегиямыз. Партия нұротандықтардың азаматтық ар-ұжданының табанды сақшысы болуы керек. Адамдар жергілікті жерлерде жемқорларды түстеп таниды. Ал бұл – оларды қатардағы нұротандықтар да біледі деген сөз. Олар бірінші болып дабыл қағып, жемқорларды әшкерелеуі керек. Партия мен құқық қорғау құрылымдарының міндеті – жемқорлықпен күресушілерді қорғап, оларға көмектесу. Мемлекеттік қазынаның бір теңгесі де қараусыз қалмауы тиіс. Тек сонда ғана қазынаға қол салумен күрес табысты болмақ!», – деген болатын.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүргізу – партияның Сайлауалды тұғырнамасының да маңызды тұстарының бірі. Онда бұл теріс құбылысты қоғам ішінде ымырасыз қабылдамауды қалыптастыру бекітілген.
Сөйтіп, 2014 жылы мемлекеттің ғана емес қоғам жағынан да жемқорлықпен күрестегі жаңа жүйелі, ұзақмерзімді шараларын әзірлеу мақсатында партияның 2015-2025 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданды.
Бағдарлама сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет, білім беру және тәрбие қалыптастыруға, оның туындау алғышарттарын төмендетуге, мемлекеттік басқару органдарының, квазимемлекеттік сектор мен монополия субъектілерінің қызметін партия мен қоғам тарапынан бақылауды күшейтуге және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы одан ары жетілдіруге бағытталған.
Құжатта жемқорлыққа қатысы бар тұлғаларды шеніне қарамай жауапкершілікке тарту, жалпы аталған проблемаларды ашық талқылаудың негізгі міндеттері белгіленген.
Оны іске асырудың жол картасына сәйкес партия Саяси кеңесі бюросының бірқатар ұсынымдары әзірленді. Солардың ішінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа бөлінетін қаржының жалпы көлемінің 5 пайызынан кем емес бөлігі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыруды көздейтін жобаларға бөлу ұсынылған.
Өкінішке қарай, жергілікті атқару органдарының осы ұсынымды орындауы ойдағыдай болмай тұр. Атап айтқанда, 2016 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыруға 7,7 млрд теңге қарастырылса, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тақырыбына небәрі 49 млн немесе жалпы соманың 0,6 пайызы ғана бөлінген. 2017 жылы да бұл көрсеткіш 0,6 пайыз немесе аталған тапсырысқа бөлінген 10 миллиардтан 64,9 млн теңгені ғана құрады.
Осылайша, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңның 18 және 22-баптарының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды өз құзыреті шегінде барлық мемлекеттік органдар, ұйымдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері мен лауазымды адамдар жүргізуге міндетті деген талаптары толықтай іске асырылмай отыр.
«Нұр Отан» партиясы республикалық, аймақтық және аумақтық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестерінің шеңберінде қоғамдық бақылауын айтарлықтай кеңейткен.
Еліміздің алдында тұрған стратегиялық мақсаттарға жемқорлықпен және жалпы қылмыстармен жалпыұлттық ымырасыз күресу арқылы қол жеткізу мүмкін. Бұл іс-қимылда құқықбұзушылықтардың алдын алу ерекше маңызға ие болуы тиіс. Осыған байланысты 2017 жылы Мемлекет басшысының тапсырмаларын, сондай-ақ 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасын орындау мақсатында «Нұр Отан» партиясы мен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өзара ынтымақтастығы туралы жол картасына қол қойылды. Оған сәйкес бірлескен жұмыстардың басым бағыттары болып орталық және аумақтық деңгейде білім беру мекемелеріндегі, тұрғын үй қатынастары, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар белгіленді.
Осылайша, «Нұр Отан» партиясы республикалық және аумақтық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестері арқылы бірлесіп жұмыс жүргізуге ашық екенін жариялады. Өткен жылы партия құқық қорғау органдарымен, «Атамекен» ҰКП, азаматтық альянс және басқалармен бірге сыбайлас жемқорлықтың шығу себептері мен жағдайларын жою бойынша үш мыңнан астам ұсыным дайындап, 9 заңға түзету енгізіп, 42 заңға тәуелді актіге бастамашы болған.
«Нұр Отан» партиясы берілген ұсынымдардың орындалуын қатаң бақылауында ұстап, жүргізілген мониторинг нәтижелерін отырыстарында жоспарлы түрде қарап отыратынын айтқан жөн.
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми ақпараты бойынша 2017 жылы 1835 сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық тіркелген. Ол 2016 жылға қарағанда 18 пайызға төмен екен. Бұның себебі – назардың ауыр және аса ауыр санаттағы қылмыстарға және жүйелі сыбайлас жемқорлық фактілерін анықтауға қарай ауысумен байланысты. Уақтылы жедел іздестіру іс-шараларын жүзеге асыру нәтижесінде жүйелі сыбайлас жемқорлықтың 108 фактісінің жолы кесіліп, олар бойынша 320 адам қылмыстық жауапқа тартылды.
Сыбайлас жемқорлық қылмыстардың неғұрлым тараған түрлеріне пара алу, ұрлық және лауазымды тұлғалардың өкілеттіктерін теріс пайдалану жатады. Өткен жылы Қазақстан Transparency International сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі халықаралық рейтингінде 31 балмен 122-орынға ие болды. Ал 2016 жылы 29 балмен 131-орында болатын. Бал санының 30-дан асуы әлемдегі сыбайлас жемқорлық кең тараған елдер қатарынан шығуға мүмкіндік берді. Осы ретте сарапшылардың айтуынша, рейтинг өсуіне оң әсерін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және мемлекеттік билік қызметінің тазалығы мен есептілігін қамтамасыз ету салаларындағы кеңауқымды заңнамалық бастамалар болған. Соның ішінде халыққа мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін жетілдірудегі жүргізіліп жатқан жұмыстар аталған.
Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне арналған жолдауында Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы Антониу Гутерриш: «Сыбайлас жемқорлық барлық елде – бай немесе кедей, солтүстік және оңтүстік елдерінің бәрінде кездеседі. Ол – БҰҰ құндылықтары мен мінсіздігіне қол сұғушылық. Халықты мектепсіз, ауруханасыз қалдырып, инвесторларды үркітіп табиғи ресурстарды талан-таражға салады. Құқық үстемдігіне нұқсан келтіреді және басқа да қылмыстар жасауға себепші болады», – деген еді. Оның айтуынша, салық төлеуден жалтару, ақшаны жылыстату және басқа да қаржылық алаяқтықтар тұрақты дамудың мақсаттарына қол жеткізу бойынша күш-жігерге нұқсан келтіреді.
Бүкіләлемдік экономикалық форумның мәліметтері бойынша сыбайлас жемқорлықпен байланысты жыл сайынғы шығын мөлшері 2,6 триллион доллар немесе әлемдік жалпы ішкі өнімнің 5 пайызын құрайды екен. Осы тұста Бас хатшы барлық елді сыбайлас жемқорлықпен күресте бірігуге шақырған.
Сыбайлас жемқорлықты қабылдамайтын ортаны қалыптастыру – жемқорлықтың алдын алу саласында, соның ішінде жастармен жұмыс істейтін жоғары санатты мамандардың болуымен байланысты. Алда қойылған жоспарларды сәтті іске асыру – мемлекеттік құрылымдар мен азаматтық қоғамның өзара тиімді іс-қимылы жағдайында мүмкін болады.
Жалпы, Қазақстанның Қылмыстық, Әкімшілік кодекстерінде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Мемлекеттік қызмет туралы», «Ақпаратқа жол жеткізу туралы» және басқа да заңнамалық актілерінде қарастырылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың құқықтық негіздері посткеңестік кеңістіктегі елдер үшін модельді болды деуге болады.
Сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы іс-қимыл шараларын күшейту қажеттігі қолданыстағы заңнаманы әрі қарай жетілдіретін өзгерістер мен толықтырулар енгізуді талап ететіні де күмән келтірмейді.
Ол жөнінде Мемлекет басшысы биылғы жолдауында атап өтіп, бірқатар тапсырма берген.
Елбасы сыбайлас жемқорлық көріністерінің жағдайын төмендету бойынша көрсетілетін мемлекеттік қызметтер аясында мемлекеттік қызметшілердің тұрғындарымен тікелей қарым-қатынасын азайтуға қол жеткізу, жер қатынастары мен құрылыс саласындағы бюрократтық рәсімдерді жою, жұрттың және бизнес қоғамдастығының наразылығын туғызатын басқа да бағыттар бойынша тиісті реттеу жұмыстарын жүргізу керегіне, 2020 жылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің кемінде 90 пайызын электронды форматқа көшіру және қарамағындағы қызметкерлер сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылық жасаған жағдайда бірінші басшылардың жеке тәртіптік жауапкершілігін күшейту мәселесін пысықтау қажеттігіне тоқталған.
Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н.Назарбаевтың осы тапсырмалары заңнамалық қызметте, соның ішінде бір топ депутаттар бастамашы болған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасын пысықтау кезінде міндетті түрде ескерілетіні сөзсіз.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы табанды күрес жалғастырылуы тиіс.
Жанат ЖАРАСОВ,
Мәжіліс депутаты,
«Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі
Дереккөз: Айқын