Жедел жәрдем жүргізушісіне тағы да шабуыл жасалды
«103» қызметінің 7/31 бригадасы шұғыл медициналық көмек көрсету кезінде жедел жәрдем жүргізушісіне шабуыл жасалды, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Алматы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
103 нөміріне қоңырау 11 желтоқсан күні түскен. Қызмет бригадасы Жетісу ауданы, Винтер көшесіндегі мекенжайға барған. Фельдшер науқасты үйінде қарап жатқан уақытта жүргізуші жедел жәрдем көлігінде болған.
«Жүргізушінің сөзіне сай, 20:00 кезінде оның жанына бейтаныс жас жігіт келіп, көлікті тұрақтан алуын сұраған. Науқас пен фельдшерді күтіп отырған жежел жәрдем жүргізушісі көлікті орнынан қозғағысы келмеген. Оның үстіне басқа көлік қозғалысына еш кедергі келтірмегенін алға тартқан. Бейтаныс жігіт үйге кіріп кетіп, сәлден кейін қайта оралып, белгісіз химиялық затпен тығындалған тапаншадан оқ атады. Оқ жедел жәрдем жүргізушісінің бетіне тигендіктен, күйік шалды»,-деп хабарлайды Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасы.
Көлікке қайта оралған фельдшер зардап шегушіге алғашқы медициналық көмек көрсеткен. 103 нөміріне хабарласып, қосымша бригада шақыртқан. Шабуыл жасаған жігіт те, оқиға куәгері де ешқандай көмек көрсетпегені белгілі болды.
Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының бастығы Қанат Төсекбаев болған оқиғаны растады және мұндай жағдай бірінші рет болып жатпағанын, жедел жәрдем қызметкерлеріне қала тұрғындарының құрметпен қарауын өтініп сұрады.