Цифрлық даму министрі Көксу аудандық ауруханасында орнатылған PACS жүйесіне оң баға берді

0

Жетісу облысының Көксу орталық аудандық ауруханасында пилоттық жоба ретінде енгізілген PACS орталықтандырылған жүйесі онкологиялық ауруларды ерте сатысында анықтауға ықпал етеді. Бүгін өңірге сапары барысында цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин осы цифрлық жүйенің жұмысына және оның қол жеткізген нәтижелеріне жоғары баға берді.

ТМД аумағында баламасы жоқ МЖӘ жобасының аясында Алматы облысының Денсаулық сақтау басқармасы «WDSOFT» ЖШС жеке компаниясымен бірлесе отырып, облыс орталығында Компьютерлік, магниттік-резонанстық томография, рентгенография және маммографияны қоса алғанда, барлық радиологиялық зерттеулерді орталықтандыру мүмкіндігімен Алматы облысының 13 және Жетісу облысының 17 медициналық мекемелерін бірыңғай радиологиялық ақпараттық жүйемен біріктірді.

Бұдан басқа, жүйе өңірдегі радиолог-мамандардың жетіспеушілігі проблемасын реттеуге ,диагностика сапасын жақсартуға, білікті мамандардың пікірін қашықтықтан алуға, ақпаратты тез жинақтауға және ең бастысы, онкологиялық ауруларды ерте сатысында анықтауға мүмкіндік береді, бұл тез арада сауығу мүмкіндігін арттырады.
Осы цифрлық жоба жұмыс істеген 4 жыл ішінде оның жүйесі арқылы 1 млн. 520 мыңнан астам радиологиялық зерттеулер жүргізілді. Атап айтқанда, жасанды интеллектті пайдалану өкпе мен сүт безі патологиясын ерте кезеңде 20% — дан 82% — ға дейін анықтауды қамтамасыз етті.