Алматыда жедел жәрдем жүргізушісіне шабуыл жасалды

0

Алматыда жедел жәрдем көлігінің жүргізушісін газбен атылатын тапаншадан атты деп хабарлады жергілікті ақпарат агенттіктері. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, оқиға 11 желтоқсан күні болған. Сағат 20 шамасында»103″ нөміріне түскен шақыртумен барған жедел жәрдем дәрігері үйде науқасты қарап жатқанда, жүргізуші көлікте отырған. Бір кезде оған жас жігіт келіп, үйінің алдынан көлігін алуды сұраған. Жүргізуші фельдшер мен науқасты күтіп отырғандықтан көлікті әкете алмайтынын, ешкімге кедергі келтіріп тұрмағанын айтқан.

Бұдан соң үйіне кіріп кеткен жігіт қайта айналып келіп, газ тапаншасынан жүргізушінің бетіне атқан. Жүргізушінің беті күйген.

Алматы қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, бұл оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің «бұзақылық» бабымен іс қозғалған.

Алматыда биыл осымен екінші рет жедел жәрдем көлігінің жүргізушісіне шабуыл жасалып отыр. Қыркүйектің ортасында қала көшелерінің бірінде шетел азаматы жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жығып, оқиға әлеуметтік желіде қызу талқыланған.

Жедел жәрдем жүргізушісіне шабуыл

Дереккөз: Азаттық