Дизель отынын экспорттауға тыйым салынады
Астана, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда желтоқсан айынан бастап алты ай ішінде дизель отынын экспорттауға тыйым салынбақ. Бұл туралы Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Үкімет отырысында мәлімдеді.
«Еліміздің шекаралық аумақтарында жанар-жағармайдың транзиттік тасымалдауда жоғары тұтыну фактілері болып жатыр. Бұл көршілес елдермен салыстырғанда мұнай өнімдері бағаларының айырмашылығына байланысты болып отыр», — деді Қанат Бозымбаев.
Министдің мәліметінше, Қазақстанда АИ-92 маркалы бензині бір литрі үшін – 154,8 тг, ал Ресейде – 230,5 тг, Өзбекстанда – 273 тг, Қырғызстанда – 234 тг тұрады. Қазақстанда дизельді отынның бір литрі орташа есеппен – 193,2 тг, Ресейде – 246,5 тг, Қырғызстанда – 250,8 тг, Өзбекстанда – 208 тг құрайды.
«Қазақстанда жанармай бағасын көтермеу үшін, сондай-ақ дизель отыны тапшылығы қаупін азайту мақсатында министрлікпен ЕАЭО нормаларына қайшы келмейтін қолданыстағы заңнама негізінде ҚР шекарасынан тыс жерлерге мұнай өнімдерін шығаруға уақытша тыйым салу үшін шаралар әзірленуде», — деді Энергетика министрі.
Министр Үкімет кулуарында тиісті құжат әзірлеп жатқанын және ведомство сайтына жарияланатынын жеткізді. Дизель отынын экспортқа шығаруға тыйым салатын құжат желтоқсанда енгізілуі мүмкін.
Айта кетсек, Қазақстанда жыл басынан бері 82,4 млн тонна мұнай және конденсат өндірілсе, мұнай экспортының көлемі 66,6 млн тоннаға жеткен. Мұнай өңдеу көлемі шамамен 15 млн тонна құраса, 10,6 млн тонна мұнай өңделген. Нарықтағы ішкі мұнай өнімдерінің жағдайы тұрақты. Жанар-жағармай тапшылығы жоқ.
10 желтоқсандағы жағдай бойынша АИ-92 маркалы бензиннің орташа бағасы бір литр үшін – 154,8 теңге, ал маусымаралық дизель отыны бір литр үшін – 193,2 теңгені құрады. Сондай-ақ, елдегі мұнай базаларында жанар-жағармайдың қалдық қорының көлемі ішкі нарық қажеттілігіне жеткілікті: АИ-92 – 267,5 мың тонна, дизель отыны – 143,2 мың тонна.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ