Парламентаралық ынтымақтастық артады | «Айқын» газеті
Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Чех республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Элишка Жигованы қабылдады. Жүздесу барысында Н.Нығматулин Чехия Қазақстанның Орталық және Шығыс Еуропадағы маңызды серіктесі екенін атап өтті.
Дипломатиялық қарым-қатынастар орнаған 25 жыл ішінде екі мемлекет арасында белсенді саяси диалог жолға қойылды. Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық үдемелі түрде дамып жатыр. Парламентаралық үнқатысу да тиімділікке қол жеткізді. Нәтижесінде, қазақстандық және чех парламентшілері арасында өзара әрекеттестіктің жақсы тәжірибесі түзілген.
Мәжіліс төрағасы мұның – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Чехия Президенті Милош Земан арасындағы өзара түсіністікке негізделген бірлескен жұмыстың жемісі екеніне назар аудартты.
Нұрлан Зайроллаұлы барлық бағыттағы, соның ішінде парламентаралық деңгейдегі қазақстандық-чехиялық ынтымақтастық екі ел арасындағы қатынастардың одан әрі нығаюына септесеріне сенім білдірді.
Палата спикері Қазақстан – Еуропа мен Азия ортасындағы көпір екеніне тоқтала келе, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың келесі жылы 25 жылдық мерейтойы атап өтілетін Еуразиялық кеңістік туралы идеясының маңыздылығына екпін түсірді.
– Президенттеріміздің, парламенттеріміздің, үкіметтеріміздің жұмысына негізделген мемлекеттеріміз арасындағы өзара түсіністік бүгінде елдер қалай әріптесе, бірлесе қимылдай алатынының жақсы үлгісі саналады, – деді Нұрлан Нығматулин.
Өз кезегінде Чехия елшісі екіжақты қатынастардың кең ауқымына назар аудартты. Ол Чехия үшін Қазақстан «Орталық Азиядағы ең маңызды ел» екенін баса айтты. Элишка Жигованың байламынша, Чехия Қазақстанмен Еуропалық одақта қалай бірге тиімді жұмыс жасауға болатынын паш ете алады. Дипломат сондай-ақ өзара ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін парламентаралық ықпалдастықтың маңызын атап өтті.
Айхан ШӘРІП
Дереккөз: Айқын