«Русский силуэт» бәсекесінде жеңіске жетті
Міне, көп ұзамай-ақ Айя мен Бота Мәскеуде өткен «Русский силуэт» байқауының тарихында жеңіске жеткен алғашқы қазақ дизайнерлері атанды. Аталмыш сайыстың «Шекарасыз байқау» бөлігінде дүниенің әр шалғайындағы дарындар өз жұмыстарын бір ай бойы ашық онлайн-дауысқа салады. Жұрттан ең көп дауыс жинаған модельерлер жеңіске жетеді.
Нәтижесінде үздіктердің ішінен үзіліп шыққан дизайнерлеріміз басқа қатысушылармен бірге Мәскеуде өткен жас дизайнерлердің «Русский силуэт» ХІІ Халықаралық байқауында өздерінің 5 үлгіден тұратын топтамасын көрсетуге мүмкіндік алды. Ресейдің барлық түкпірінен, айналадағы мемлекеттер мен Черногория, Қытай және Оңтүстік Кореядан келген 94 ісмермен бірге сән әлемінде салтанат құрған Қырғызбаевалардың қолтаңбасына 60-қа тарта қазылар алқасының қатарында Вячеслав Зайцев, Валентин Юдашкин, француз модельері Клод Бонуччи, Bosco di Ciliegi маркетинг директоры Илья Куснирович, Анастасия Задорина, Игорь Гуляев, Виктория Андреянова, Джемал Махмудов, Сергей Сысоев сынды мода мэтрлері баға берді.
Айя мен Бота Қырғызбаевалар: «Біз бұл байқауда авангард стилінде, футуризм бағытындағы «Жаңбыр салған суреттер» топтамасын ұсындық. Киім үлгілерінде қиялдық конструкцияларға, аксессуарлар мен бас киімдерде таңданыс тудырарлық пішіндерге басымдық бердік. Коллекция бояулары ақ, қара, сұр, қызыл түстерден тұрады. Өз үлгілерімізді Қазақстанда шығарылатын «Evo» фабрикасы ұсынған аяқ киімдерімен толықтырдық», дейді.
Қазақ қыздарының бұл байқаудан тапқан тағы бір табысы олар Мәскеудегі «R.E.D дүкенінде өз коллекцияларын ұсыну» бақытына ие болды.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ
Дереккөз: http://egemen.kz/