Ақтауда 100 тұрғын үйдің электронды паспорты әзірленді
Маңғыстау облысы әкімдігінде өткен аппараттық жиында Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын цифрландыру туралы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Жандос Сәлімов осылай деді.
Тұрғын үй-коммуналдық саланы цифрландыру бойынша жол картасына сәйкес ТҮКШ-тің цифрланған мәліметтерін «Е-Шаңырақ» ақпараттық жүйесіне 2022 жылға дейін енгізу міндеті қойылған. Ақтауда осы ақпараттық жүйеге 73 үй қосылған. 2022 жылдың соңына дейін барлығы 1621 үйді қосу жоспарда.
«Мәліметтерді ақпараттық жүйеге онлайн режимде бере алатын 1689 үйге ортақ есептеу құралы орнатылды. Есептеу құралдарын орнату тұрғындарға 156,1 млн. теңгеге дейін, ал кәсіпорындарға 8,34 мың Гкал жылу үнемдеуге мүмкіндік береді. Ақтау қаласының көп пәтерлі тұрғын үйлеріне электронды паспорттар әзірлеу жобасына — 19,2 млн теңге бөлініп, нәтижесінде 100 тұрғын үйдің электрондық паспорттары әзірленді. Сонымен қатар әрбір тұрғын үйге QR-code тақтайшаларын орнату жұмыстары жүргізілуде. Ол арқылы басқарушы компания туралы, диспетчерлік қызметтің байланыс телефондары, электрик, слесарь, қолдау пункті, үй туралы толық ақпаратты алуға мүмкіндік береді», — деді Жандос Сәлімов.
Ал өңірдегі агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы туралы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Қалдығұл баяндады.
Оның айтуынша, мемлекеттік бағдарламасын іске асыру үшін республикалық бюджеттен 2018 жылға 1 244 089 млн.теңге бөлінген. Оның ішінде 821 837 200,0 теңге «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-на және 422 251 800,0 теңге «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-на қарастырылған. Бүгінгі күні бөлінген қаражаттың 95% игеріліпті.
Сонымен қатар «Бастау Бизнес» бағдарламасы аясында 1056 адам оқып, сертификатқа ие болған.
«Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 12 996,2 млн.теңгені құрайды. 2018 жылы мал басы 8% артып, 564 911-ге жетті. Жалпы егіс көлемі-1118,5 гектар. 800 га жерге көкөніс және бақша дақылдары үшін тамшылатып суару жүйесі енгізілді».