Шешен болам десеңіз…

0

Шешен болу – оңай іс емес. Ықылым заманнан бері келе жатқан, бұл өнердің пайда болуы мен дамуына сан ғасырлар жұмсалды. Сол секілді шешен болғысы келетін тұлғалар үшін де қойылар талаптар өзгеріп отырды. Шешен  ол — қиыннан қиыстырып, сөз тауып айтатын, мәні мен мағынасы, тәрбиесі зор шешендік сөздерді өз жанынан шығаратын дана кісі.

Менің ойымша, шешен болу үшін қажет негізгі қасиеттер мыналар деп ойлаймын: әділдік, тапқырлық, яғни суырыпсалма қасиет, даналық. Осы қасиеттер шешеннің бойынан табылса, оны нағыз шешен десе болады. Ал шешен болғысы келетіндер осы қасиеттерді бойына сіңіруі тиіс.

Әрине, шешен болу үшін көптеген талаптарға сай болу керек. Шешен ішкі және сыртқы қасиеттерін шыңдағаны абзал. Алайда ең негізгі шешендіктің діңгегі болар осы үш қасиет әрбір шешен бойында табылуы тиіс деп есептеймін.

Ең алдымен, шешен болу үшін әділ болуы шарт. Себебі, шешен халықтың дау-дамайын шешетін, екі жақты бітімге келтіретін тұлға. Ол қара қылды қақ жарған, әділ би секілді бітім айтып, шешендігімен татуластыра білуі қажет. Шешендік сөздің идеясы да әділдікке негізделген. Әділ тауып айтылған шешендік сөз халықтың жүрегінен орын алып, жауды қапы қалдырып, өте қатты бағаланған. Қазақ әділ шешендерін, билерін де құрметтеген, оларға бағынған. Сондай әділ билерімізге Төле,  Қазыбек, Әйтеке билерді жатқызуға болады. Олар әділділігімен дүйім жұртқа танылған. Үш биіміздің шешендік сөздері күні бүгінге дейін өз құрметі мен маңызын жоғалтпаған.

Келесі кезекте, шешен болу үшін тапқыр адам болу керек. Кез-келген жағдайда, өзгелер сөз таппағанда, дәл тауып айтып елді аузына қаратқан шешендер аз емес. Алдына: «дауыма шешім айт»-, деп келгенде, тосылып қалмай, дереу саралап, тапқыр сөзбен шешімін айтып, болмаса өсиет қалдыруы тиіс.

Мысалы үшін, кішкене Қазыбек баланы алатын болсақ, Қалмақ ханы Қоңтажының алдына барғанда, үлкендер тосылып қалып, сөз таба алмай тұрған сәтте, тапқырлық көрсетіп, өз шешендігін дәлелдеген болатын. Суырыпсалмалық қасиетімен ел арасында жастайынан атағы шыққан. Сонымен, бала Қазыбек екі ел арасындағы соғыстың алдын алып, хан аузына құм құйған болатын. Осы секілді шешен болғысы келетін адамдар, тапқыр да батыл болуы керек. Тапқыр болуы үшін шешеннің сөздік қоры мол болғаны жөн.

Міне, суырыпсалмалық қасиет шешеннің атағын, абыройын көкке асқақтататыны анық.

Үшіншіден, шешен болуы үшін кісінің даналығы болуы керек. Саралап қарасақ, қазақ шешендерінің барлығы дерлік дана болған. Жиренше шешен, Зілқара шешен, Мөңке би, Төбе би, Шортанбай Ерубайұлы, Әнет баба сынды шешендеріміз даналығымен танылған болатын. Хандармен кеңесіп, ел үшін елеулі оқиғаларға қатысып, шешім айтып, арттарынан көптеген өсиеттер қалдыра білген. Әрине артынан өсиет қалдыру үшін де, дана болу қажет. Данадан шыққан сөз ел арасында кең тарап, халықтың тәрбие жолында үлкен маңызға ие болған. Дана шешен болу үшін де, көпті көрген, зиялы, ақылгөй болуы керек. Қазақ айтады ғой, «көп білгеннен емес, көп көргеннен сұра» деп. Сондықтан да, шешен болу үшін көпті көрген дана болу шарт. Өмірдегі сан түрлі оқиғалар шешеннің шеберлігін шыңдай түседі. Содан келіп, көпті көрген шешен аузынан шыққан дана сөз халыққа өсиет, өнеге болып тиген.

Қорытындылай келе, шешен болу үшін осы үш басты қасиеттер керегі анық. Шешен тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтып, батылдығымен ерекшеленуі тиіс. Шешендік заңғар биік таудың шыңы болса, сол шыңға шығу әркімнің қолынан келеді деп сенемін!

№38 мектеп – гимназиясының

11«Ә» сынып оқушысы:

 Жандос Аяла