Бүгін – «Нобель» сыйлығының иегері Альбер Камю туған күн
Бүгін – «Нобель» сыйлығының Редьярд Киплингтен кейінгі ең жас лауреаты, жазушы, философ, әлем әдебиетіне «Сизиф туралы аңыз», «Бөгде», «Бірінші адам» сынды өлмес туындылар қалдырған Альбер Камюдің туған күні. Назарларыңызға жазушының өмірінен қызықты деректер ұсынамыз.
Альбер Камю 1913 жылы 7 қарашада Франция отарындағы Алжирде, нақтылап айтқанда, Мондови жеріндегі «Сан-Поль» фермасында дүниеге келген. Әкесі Люсьен Камю, арғы атасы эльзастық болып, шарап өндіретін фирмада жұмыс істеген. Әкесі І дүниежүзілік соғыс кезінде жеңіл жаяу әскерде қызмет етіп, 1914 жылы Марн жердегі ұрыста ауыр жараланып, лазаретте қайтыс болады.
Анасы Кутрин Сантэнің ұлты — испан. Ол жартылай саңырау және сауатсыз кісі болған. Алжир қаласының Белкур ауданына екі ұлы Альберт және оның ағасы Люсьен Камюмен көшіп келіп, әжесімен бірге кедейлікте өмір сүреді. Кутрин отбасын асырау үшін алғашында фабрикада жұмыс істесе, кейін үй қызметшісі болып нәпақа табады.
1918 Альбер бастауыш мектепке оқуға түсіп, оны 1923 жылы үздік тәмамдайды. Ары қарай оқуға ақшасы болмағанымен, бастауыш мектебіндегі мұғалімі Луи Жермен оның оқу керектігін, болашағы зор болатындығын айтып, өзі Альберді лицейге дайындап, оқу стендиясын алуға қол ұшын береді.
Альбер лицейде оқып жүріп 1930 жылы құрт ауруына шалдығады. Ауырып жүріп Андре Жид, Фёдор Михайлович Достоевский, Фридрих Ницше сынды ойшылдардың ықпалына қатты ұшырайды. Науқастығына байланысты ем іздеп Еуропаның бірқатар елдерін саяхаттайды. Анасы, әжесі, жанұясы туралы эссе кітап жазады. Бұл уақытта Алжирде оны зиялы қауым өкілі ретінде құрметтей бастайды.
Университет бітірген соң біраз уақыт Алжир мәдениет үйін басқарды. 1938 жылы «Жағалау» журналының редакторы болды. Кейін оппозициялық «Альжен републикен» (“Algen Republіcaіn”) және «Суар републикен» газеттерінде саяси шолушы және редактор болып жұмыс істейді. Сол кездерде Камю әлеуметтік саясатты жақсартуды, Алжир еліндегі арабтардың дамуына көмектесуді жақтады. Алжир, Суар газеттері Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда цензурамен жабылды.
Соғыс жылдары Камю бар уақытын эссе және публицистика жазумен өткізді. 1938 жылы «Неке» атты кітабы жарық көрді.
Соғыс жылдары:
1940 жылы мамыр айында «Бөгде» шығармасын жазып аяқтайды;
1940 жылдың желтоқсан айында «Пари-Суар» газетіндегі жұмысынан кетіп, басып алынған елде тұрғысы келмейді де, қайтадан Оранға көшіп барып, мектепте француз тілінен сабақ береді;
1941 жылы «Сизиф туралы аңыз»(»Le Mythe de Sisyphe»)шығармасын аяқтайды;
1942 жылы «Бөгде»(»L’Étranger») романы жарық көреді;
1943 жылы «Сизиф туралы аңыз»(»Le Mythe de Sisyphe»)басылып шықты.
1943 жылы «Айқас» газетінің бас редакторы атанады.
1943 жылы әйгілі жазушы Ж.П.Сартрмен танысып, оның қойылымдарына қатысады;
1944 жылы «Оба» (»La Peste») атты романы жазылып бітті және тек 1947 жылы ғана басылып шықты;
1947 жылы Камю отбасында егіздер Жан және Катрин дүниеге келеді;
Соғыстан соң жазушы эсселер мен пьесалар жазады. 1957 жылы Швед академиктері Альбер Камюді «Адамның ар-ожданын негізге ала отырып, әдебиет саласына қосқан үлкен үлесі үшін» әдебиет саласындағы «Нобель» сыйлығымен марапаттайды. Альбер «Нобель» баяндамасын (бастауыш мектепте мұғалім болған, мұның талантын сол кезден-ақ аңғарып, лицейге түсуіне көмектескен) мұғалімі Луи Жерменге арнайды.
1960 жылы желтоқсанның ызғарлы күндерінің бірінде бір топ баспагерлермен бірге Парижге қайтып келе жатқан жазушының машинасы Парижден жүз киллометр жердегі Вильблевен қалашығы маңында кенеттен жолдан шығып кетіп, ағашқа соғылады. Қатты соққыдан Альбер Камю тіл тартпай кетеді. Рөлдегі баспагер Галлимер 2 күннен соң ауруханада қайтыс болады. Ұлы жазушы Альбер Камю Оңтүстік Франция Люберон ауданындағы Лурмарен моласына жерленеді.
Жазушы қайтыс болғанда қалтасынан пойыз билеті мен аяқталмаған «Бірінші адам» («Le premier homme») шығармасы табылған. Ерте болса да жазушының қызы Катрин оны баспаға дайындаған. Бірақ әңгіме арада 34 жыл өтіп қана жарық көреді. Шығарма бірден дау-дамай туғызған. Жазушының көзі тірісінде ешқандай шығармасы мұндай танымалдыққа жетпеген екен.
Бір қызығы, 2011 жылы италиялық «Corriere della Sera» газеті дабыралы болжам жасайды: Советтік арнайы қызмет (КГБ) әдейі Альбердің өлімін қолдан ұйымдастырып, көліктің бір дөңгелегін жарып, ұлы жазушының өлімін қасақана туғызған екен. Камю Венгрияға Совет одағының басып кіруін айыптағаны үшін және Борис Пастернакты жақтағаны үшін оған осы сұрқия қастандық жасалған көрінеді. Газет кісі өлтіру жоспарына тіке бұйрық беруші ретінде КСРО Сыртқы істер министрі Шепиловты (Dmitri Chepilov) атаған. Дегенмен, бұл тұжырыммен келіспейтіндер француздардың темір көлікті тым қатты айдайтынын себеп етіп көрсетеді.