Уимблдон турнирінің ширек финалына шыққаныма қатты қуандым – Елена Рыбакина
Қазақстанның бірінші, әлемнің 23-ракеткасы Елена Рыбакина алғаш рет Уимблдон турнирінің ширек финалына шыққанына қатысты пікір білдіріп, қуанышымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, биылғы жыл басы қазақстандық теннисші үшін онша сәтті бола қойған жоқ. «Жыл басында мен өзіме сенімді болмадым, өйткені маусымға жақсы дайындала алмадым. Жарақат алып, аллергиядан, ковидтен зардап шектім. Әйтеуір бір мәселе туындады да тұрды. Қазір өте бақыттымын. Қалай ойнап жатқаныма, бабымның қандай екендігіне қарамастан, тартысты ойындарда жеңіске жеттім. Тағы бір айтатыным, мен өзімді ешкіммен салыстырмаймын. Тек өзімнің талантым бар екендігін білемін. Менің бойым ұзын және өте тез ойнаймын. Осы қаруымды жиі пайдалануға тырысамын», деді Е.Рыбакина. Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық жас теннисшілердің халықаралық турнирлерде жақсы нәтиже көрсеткенін , Елена Рыбакинаның Уимблдонда ширек финалға шыққанын жазған болатынбыз. Е.Рыбакина ширек финалда әлемнің 44-ракеткасы, аустралиялық Айла Томляновичпен шеберлік байқасады. Ол төртінші айналымда рейтингте 37-орындағы франциялық Ализе Корнеден айласын асырды – 4:6, 6:4, 6:3.