Журналист Козачковқа қатысты істі жіті бақылап отырмыз — Асқар Омаров
Ақпарат және әлеуметтік даму министрлігі белгілі қазақстандық журналист Михаил Козачковқа қатысты жағдайды жіті қадағалап отыр, деп хабарлады Асқар Омаров:
«Біз жағдайды мұқият қадағалап отырмыз. Естеріңізге сала кетейін, Қазақстан Республикасы Конституциясының 20-бабында сөз бостандығына кепілдік берілген. Әркімнің заңмен тыйым салынбаған кез келген жолмен ақпаратты еркін алуға және таратуға құқығы бар. Әрине, министрлік БАҚ өкіліне, сондай-ақ оның мүлкіне қатысты мұндай заңсыз әрекеттерге еш негіз жоқ екеніне сенімді. Құқық қорғау органдары мұндай әрекеттерге жедел түрде құқықтық бағасын береді деп сенемін. Министрлік өз тарапынан ашықтықты қамтамасыз ету және журналистің құқықтары мен бостандықтарының бұзылуына жол бермеу мақсатында қылмыстық-процессуалдық заңнамада қарастырылған мүмкіндіктер аясында тергеу барысын қадағалайтын болады», — деп жазды Омаров әлеуметтік желідегі парақшасында.
Еске салайық, 2 шілдеде Козачков Алматы қалалық әкімшілік полициясы бастығының ұлы Нұрлан Аманбектің үйлену тойы туралы видео жарияланғаннан кейін өзіне қоқан-лоқы көрсетілгенін мәлімдеген. Сонымен қатар, оның көлігіне зиян келтіріліп, оған дөрекі сөздер жазып қалдырған. Шілденің 3-і күні «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры бұл жағдайға байланысты ІІМ-не үндеу дайындап жатқанын хабарлады.