Қарақалпақстанда интернет өшірілді

0
Өзбекстан құрамындағы Қарақалпақстан республикасының астанасы Нүкісте жүздеген адам ресми Ташкенттің Қарақалпақстанды «егемен» (суверенитет) статусынан айыру жоспарына қарсы және тәуелсіз журналист Дәулетмұрат Тәжімұратов босатуды талап етіп наразылыққа шықты.
Өзбекстан билігі ел Конституциясына көптеген өзгерту енгізіп, соның ішінде Қарақалпақстанды егемен дәрежесінен айыруды және Өзбекстан құрамынан шығуға тыйым салуды қарастырмақ. Конституциядағы өзгерістер тізімі 25 маусымда жарияланған. Өзгерістер бойынша талқы 5 шілдеде аяқталуы тиіс.
Mukun.uz телеграм каналы таратқан видеоларда Нүкіс көшелеріне жүздеген адам шыққаны байқалады. Кейбірінің қолында Қарақалпақстан туы көрінеді.
«Алға, Қарақалпақстан» қозғалысының жетекшісі Аман Сағидуллаевтың Азаттыққа айтуынша, тұрғындар жергілікті заңгер әрі тәуелсіз журналист Дәулетмұрат Тәжімұратов ұсталған соң жаппай көшеге шығып, оны босатуды талап еткен. Телеграм каналдарда тараған видеоның бірінде жұрт «Дәулет!» деп айғайлағаны естіледі.
Бүгін, 1 шілдеде Тәжімұратов Нүкіс орталығында тұрып, жұртты «Қарақалпақстанның статусын сақтап қалу үшін» 5 шілдеге бейбіт митингіге шақырады. Ол Қарақалпақстанның «Жокаркы Кенесінде» (Жоғарғы кеңес, парламенті) болып, 5 шілде бейбіт митинг болатынын ескерткенін жеткізеді. Кейін тәуелсіз журналист ұсталып, халық талабынан соң қайта босатылғаны айтылды.
Кейбір видеоларда Нүкіске жиналған жұрттың арасында арнайы жасақ пен полицейлер тұрғаны байқалды. Азаттық телеграм каналдарда тарап жатқан видеолардың шынайылығын бірден анықтауға мүмкіндігі болмады.
ХУК сайтының жазуынша, 27 маусымнан бері Қарақалпақстанда интернет пен ұялы байланыс дұрыс істемей тұр.