Қошқарбай Төремұратов: Өзбекстанның осал жері – Қарақалпақстан

0
Өзбекстанның жаңа Конституциясы саяси дағдарысқа ұласатын түрі бар. Гәп – тек президенттің өкілеттілік мерзімін ұзартуда ғана емес екен. Сонымен қатар, Қарақалпақстанның егемендігі де таразыға түскелі тұр. Конституциядан «егемен» деген сөздің алынуы қарақалпақтардың наразылығын тудырды. Қарақалпақстандық қоғам белсендісі Қошқарбай Төремұратов NEGE тілшісіне берген сұхбатында осы түйткілдің себеп-салдарын тарқатып берді.
 Қ.Төремұратов. Фото: әлеуметтік желіден.
– Өзбекстанда жаңа Конституция қабылданғалы жатыр. Онда Қарақалпақстанның мәртебесін өзгерпек. Бұған қарақалпақ жұртшылығы қарсы. Қарақалпақстандағы қазіргі ахуал қандай?
– Өзбекстан Конституцияға рефереундум арқылы өзгеріс енгізбекші. Қашан екені нақты айтылмады. Бірақ 24 маусымда Өзбекстан парламентінің төменгі палатасы – Олий Мажлис ұсыныс жасады. Ұсыныстары өте көп. Ең көзге түсетіні – президенттің өкілеттілігін бес жылдан он жылға созу, сонымен қатар, Қарақалпақстан Республикасының мәртебесін өзгерту. Саяси дағдарысқа әкеліп соғуы мүмкін екі нәрсе – осылар.
Президенттік мерзімді созу – Өзбекстанның өз мәселесі. Бұл елдің құрамында егеменді Қарақалпақстан Республикасы бар. Оның мәртебесі 1992 жылы 8 желтоқсанда қабылдаған Конституциясында айқын көрсетілген. Оның 17-бабы Қарақалпақ Республикасына арналған. Енді 70-тен 75-ке дейінгі баптарға өзгеріс енгізу ұсынылып жатыр.

Қазіргі Конституцияның 70-бабында «Егемен Қарақалпақстан Республикасы Өзбекстан Республикасының құрамына кіреді» деп жазылған. Енді олар «егемен» деген сөзді алып тастап жатыр.

Демек, Қарақалпақстанның егемендік мәртебесін төмендетпек.
– Бірақ Республика мәртебесі өзгеріссіз қалады ма?
– Қазір Република мәртебесі туралы әңгіме айтылып жатқан жоқ. 74-бапта «Қарақалпақстан Республикасы өз еркімен, халқының ықтиярымен жалпы халықтық референдум өткеру арқылы Өзбекстан құрамынан шығып кете алады» деген сөз бар. Жаңа редакциясында бұл сөз мүлде жоқ. Оның орнына «Қарақалпақстан Республикасы – Өзбекстан Республикасының ажырамас бір бөлшегі» деген сөйлемді кіргізген.
– Бұл әлі тек ұсыныс шығар?
– Иә, ұсыныс. 25 маусымнан 5 шілдеге дейінгі жалпыхалықтық талқылауға салынды. Олий Мажлис, яғни парламент баспасөз қызметі мәтінін жария етті. Енді талқылау үшін колл-орталық ашып қойған. Оған қоңырау шалып, әр азамат өз пікірін айта алады.  «Менің конституциям» деген портал да іске қосылған. Ол жерде де электронды түрде ұсыныс беріледі.
Бірақ, өзіңіз де білесіз, Өзбекстан – Орталық Азиядағы еңбек мигранттарын сыртқа шығаратын басты ел.  Қазіргі уақытта он сегіз жастан асқан, дауыс беруге құқығы бар азаматтардың дені шетелде жұмыс істеп жүр. Қарақалпақстан Республикасының мәртебесіне қатысты ұсыныс, дауыс беретін адамдар да сыртта. Өзбекстанның аумағында жүрген адамдар ғана колл орталыққа, порталға хабарласа алады.
– Конституцияға өзгеріс енгізу мақсаты – қазіргі президенттің мерзімін ұзарту емес пе еді?
– Адамдардың бәрі осыған баса назар аударып, мына мәселе тасада қалады деген ой болған шығар.  Мақсаты – қалаған уақытында құрамынан шығып кете алатын елден құтылу. Өзбекстанның осал жері Қарақалпақстан болып тұр.
– Қарақалпақстандағы ахуал ушығып тұр деген түрлі ақпарат бар. Қазір ол жақта не болып жатыр?
– Қарақалпақстанның барлық аудандарында, ауылдарында, көшелерінде адамдар үйлерінен шығып, наразылық білдіріп жатыр.

Қарақалпақстанда әрекет етіп жатқан – тәуелсіз заңгер, «Ел қызметі» деген газеттің бұрынғы бас редакторы Дәулет Тәжімұратов.

Ол өз арнасы арқылы: «Неге наразылық білдірген адамдарды қамайсыздар? Оған құқықтарыңыз жоқ. «Мына баптардың өзгеруіне қарсылық білдіремін» деген сөзі үшін неге соттар шешім шығарып жатыр?», – деп ашық айтып жүр.
– Наразыларды ұстап, қамап жатыр ма сонда?
– Иә, солай. Порталға шығып, айтуға мүмкіндіктері жоқ. Қарақалпақстанда интернет өшірілген. Колл-орталыққа да шыға алмайды. Сондықтан, бейнеүндеу арқылы наразылық білдіреді. Бес-алты адамнан жиналып айтып жатыр. Үйлерінің алдында. Бірақ жаппай көшеге жиналып, шерулетіп жатқан жоқ. Соның өзінде де, адамдарды алып кетіп, шара қолдануда.
Қарақалпақстан Республикасының Жоғарғы кеңесі. Фото: ғаламтордан.
– Наразылықтың басты себебі конституцияға енгізілген өзгеріс пе?
– Әрине, 70-бапта Өзбекстанның Қарақалпақстан Республикасының егемендігіне кепілдік (!) беретіні айтылған. Отыз жылдан кейін қарама-қайшылық туды. Керісінше, қол сала бастады. Өзбекстан окупациялық әрекетке көшіп жатқаны байқалады. Осы күнге дейін халықаралық қауымдастық алдында «Қарақалпақстанның егемендігіне кепілміз» деп келген ел «егемендікті» конституциясынан алып тастап жатыр.

78-бап бойынша Қарақалпақстанның заңдары Өзбекстан Республикасының заңдарына қайшы келмеуі керек. Демек, бұдан кейін Қарақалпақстанның да конституциясы өзгереді.

Қарақалпақстанның барлық егемен мемлекеттерге тән өз атрибутикасы бар.  Парламенті, министрліктері, жоғарғы соты, конституция және байрағы бар. Жаңа өзгерістер іске асқан жағдайда, Қарақалпақстанның парламентінің заң шығару күші жойылады. Өзбекстаннан келген заңдарды қайталап отыратын мекемеге айналады.
– Қазақстандағы қарақалпақтар арасында бұл мәселеге қатысты көңіл-күй қандай?
– Әрине, конституция баптарының өзгеруіне қарсы. Қазақстанға көшіп келіп, азаматтық алған қарақалпақтар көп. Бірақ нақты статистикасы жоқ. Неге екенін білмедім, бірақ Қазақстанның статистикасында бұл көрсетілмеген.
Не Қазақстанда емес, не Өзбекстанда емес, құжаты жоқтары да бар. Азаматтық не ықтияр хат алу үшін Өзбекстаннан тіркеуден шығып, осы жерде тіркелуі тиіс. Ол үшін Алматыда төрт миллион теңге банкке кепіл ақша қою керек. Көбінің ондай мүмкіндіктері жоқ. Өзбекстанда тіркеуден шығып кеткен, Қазақстанда тіркеуге тұрмаған.
Дені үш айдан, бір жылдан создырып, Қазақстанда заңды түрде тұрып жатыр. Бірақ есепке кірмеген.
– Наразылықтың арты ушығып кетуі мүмкін деген болжамдар да айтылып жатыр. Сіз бұған не айтар едіңіз?
– Әр ұлттың өз болмысы, салт-дәстүрі, тарихы бар. Ұлттан егемендігін алса, не болады? Көшеге шығып, төбелес шығарады. Мәселен, Қытайда ұйғырлар мен дүңгендерді, Таяу Шығыста күрдтерді алайықшы. Жанкештілердің шығып кетпеуіне кім кепілдік бере алады? Террористер мен экстремистер осындайдан шығып жатқан жоқ па? Демек, мұның алдын алу керек.
– Өзбекстан үкіметі халықтың наразылығын ескеріп, бұдан бас тартуы қаншалықты мүмкін?
– Өзбекстан заңы бойынша талқылау кезінде бес мың адам колл-орталыққа хабарласып, порталға жазба қалдырып, қарсылық білдірсе, ол мәселе алынып тасталады. Бірақ осы күнге дейін «Қарақалпақстанның парламенті ұсыныс етті,  халқы талқылады» деп айтылып келеді. Шын мәнінде, бұл мәселе алдын ала талқыланған жоқ. Бірақ Олий Мажлис бір ауыздан қабылдап жіберді. Бірінші оқылымнан. Осыны істеп отырған мемлекет бұдан бас тартады деп кім айта алады?
Ш.Мирзиеев.
– Мұның ақыры немен бітеді? Не болжам жасар едіңіз?
– Не боларын білмеймін. Украинада соғыс болып кетеді деп кім болжаған? Приднестровье мен Косово бөлініп кетеді, Қырым Ресейге қосылады деп кім ойлады? Ертең не болатынын біз білмейміз.
Қарақалпақстан стратегиялық маңызды орында тұр. Қазақстан, Түркіменстан және Өзбекстанмен шектеседі. Дәлізде орналасқан. Ол жерде спекуляция болып жатыр деп білемін. Мәселен, Донецкі пен Луганскіні пайдаланып, Ресей Еуропаға, НАТО-ға қыр көрсетіп жатыр. Мұндай жағдай біздің аймақта да болуы мүмкін.