Жүзден жүйріктер жүлдегер атанды | «Айқын» газеті
Тұңғыш Президент қоры мен кітапханасы үш жыл бұрын Тәуелсіздік жылдарында еліміздің қол жеткізген жетістіктері мен «Назарбаев моделін», Елбасының идеялары мен бастамаларын насихаттауға негізделген «Қазақстан Тәуелсіздігі және Елбасы» атты байқауын өткізді. Содан бері дәстүрлі түрде Тәуелсіздік күні қарсаңында баспасөз қызметкерлері мен электронды бұқаралық ақпарат құралдарының үздіктері марапатталады.
Тұңғыш Президент қорының директоры Дариға Назарбаева байқауға қатысқан жұмыстардың өзектілігін ерекше атап өтті. «Осы тұста шетелдік ақпарат құралдары өкілдерінің байқауға қызығушылығы бізді қуантады. Сондықтан, комиссия мүшелері байқауға халықаралық деңгей беруді бірауыздан қолдап отыр. Енді шетелдік журналистер «Шетелдік БАҚ-тағы үздік жарияланым» атты халықаралық номинацияға қатыса алады» деді Дариға Назарбаева.
Оның айтуынша, жыл сайын байқауға қатысушылардың қатары да көбейіп келеді. Ең алғашқы жылы байқауға 365 үміткер еңбегін ұсынса, биыл 564 журналист бақ сынаған.
Сонымен 2018 жылдың «Үздік телевизия материалы» аталымын «Qazaqstan» телеарнасының тілшісі Ержан Калымбайұлы, «Ғаламтор-Бұқаралық ақпарат құралдарындағы үздік жарияланым» – «Елорда-ақпарат» сайтының журналисі Айнұр Шошаева, «Үздік радиоматериал» – 1-орын «Қазақ радиосынан» Жанат Жанұзаков, «Газеттер мен журналдардағы үздік мақала» аталымында – «Түркістан» газетінің журналисі Динара Мыңжасарқызы мен «Казахстанская правданың» журналисі Анастасия Прилепская жеңімпаз атанды. Байқауға Астананың 20 жылдық мерейтойына орай енгізілген жаңа аталым – «Ел жүрегі – Астана» номинациясын Қазақстан Президенті телерадиокешенінің режиссері Берік Әбішев иеленді. Жеңімпаздар қаржылай сыйлыққа ие болып, төсбелгі, дипломдармен марапатталды.
«Айқын» ақпарат
Дереккөз: Айқын