Тақ таласта кім жеңеді? Қазақ Қонақбаев па, өзбек Рахимов па?
Енді үш күннен кейін Мәскеуде АИБА-ның президенті сайланады. Оған қазақ ұлтының өкілі Серік Қонақбаев пен өзбек Ғафур Рахимов таласайын деп отыр. Бұл тақ таласта кімнің бәсі жоғары болады?
Әзірге қуаныштысы, бізге бірер күн бұрын Лозаннадан жылы хабар келді. Халықаралық бокс қауымдастығының (АИБА) вице-президенті Серік Қонақбаевтың спорттық арбитражды сотқа (CAS) жіберген шағымы қанағаттандырылып, ол ресми түрде президенттікке үміткер атанды. Бұл туралы Ұлттық олимпиадалық комитеттің баспасөз қызметі хабарлады.
–CAS пен бұл іске қатысушыларға менің шағымым бойынша әділ шешім шығарғаны үшін алғыс айтамын. Біз келтірген дәлелдерді CAS-тің оң қабылдағанына ризамын. Мен үшін АИБА президенттігіне үміткер атану үлкен құрмет. Енді басшылықты міндетті қолға алып, біздің ұйымымыз бен спортымызды ұлттық федерациялармен бірлесе отырып қайта жандандыратын мүмкіндігіміз бар. Маған президенттікке үміткер атануға мүмкіндік берді. Әрі қарай Президиумды орынды ұтып алу үшін бар күшімді саламын. Мұны өзім үшін емес, біздің боксшылардың құқығын, олардың Олимпиададағы арманы мен үмітін қорғау үшін істегім келеді. Бұл міндетке үлкен жауапкершілікпен қарай отырып, 3 қараша күні Мәскеуде өтетін сайлауды асыға күтемін. АИБА-ның жарқын болашағы үшін қауымдастықтың барлық мүшелерінен менің кандидатурамды қолдауды өтінемін, — деді қазақ боксының болашағын ойлаған Серік Қонақбаев.
Айта кету керек, осы уақытқа дейін Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығының міндетін атқарушы қызметіне Ғафур Рахимов тағайындалғаны белгілі. Кезінде өзбек жерінен қуылып, «қылмысқа қатысы бар» делінген Рахимов билікке Мирзиеев келгелі қайтадан Өзбекстан шекарасын аттауға рұқсат алды. Соңғы Азия чемпионатында өзбектер алтынды көбірек алып, қазақ боксшыларына кедергі жасалғанынан да жұртшылық хабардар. Оның үстіне соңғы жылдары АИБА-ның басшылары қылмыстық жауапкершілікке тартылып, аталған ұйымның беделі де төмендеп кетті. Сондықтан әрине бұл жерге қазақ боксында орны бар Серік Қонақбаевтың барғаны тиімді. Бұл біз үшін де абырой болар еді.
Ал өзбек Рахимовтың АИБА-ның президенті болуға мүмкіндігі бар ма? Кім жеңеді? Рахимов па, Қонақбаев па? Бұл мәселе алдағы уақытта 3 қарашада Мәскеуде өтетін АИВА-ның конгресінде сарапқа салынады.
Ескерте кетейік, 2017 жылдың шілде айында АИВА-ның атқарушы комитетінің 13 мүшесі ұйымның басшысы Чинг-Куо Вуға сенімсіздік білдіріп, оның отставкаға кетуін талап етті. «Қаржы жымқырды» деп айып тағылып, қазіргі уақытта оған қатысты тергеуалды жұмыстары жүргізілуде. АИВА-ның тәртіптік кеңесі өткен жылдың қазан айында оны біржола қызметтен шеттетті.
Демек, бұдан шығатын қорытынды не? АИВА сияқты іргелі ұйымға қазақ Қонақбаев секілді таза әрі адал адам керек. Біз ұлттың абыройын асырып жүрген қайраткер азаматқа жеңіс тілейміз.