Кәрім Мәсімовті қамауға алу мерзімі бір айға ұзартылды

0

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов пен ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары, «А» арнайы мақсаттағы қызметінің басшысы Әнуар Садықұловтың қамауда ұстау мерзімі 2022 жылдың 6 шілдесіне дейін ұзартылды. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті хабарлады, деп жазады kznews.kz сайты.

Ал ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Дәулет Ерғожинді қамауға алу мерзімі 13 шілдеге дейін ұзартылды.

«ҰҚК-нің тергеу тобы Мәсімовке, Садықұловқа, Ерғожинге және басқа да тұлғаларға қатысты ҚР ҚК-нің 175-бабы 1-бөлігі, 179-бабы 3-бөлігі, 218-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы, 362-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы, 366-бабы 4-бөлігі бойынша қылмыс жасау белгілері бойынша қылмыстық істі тергеуді жалғастыруда», –  делінген хабарламада.

Кәрім Мәсімовке қатысты қылмыстық іс «өте құпия» деп танылды. ҰҚК-нің тергеу тобы Мәсімов, Садықұлов, Ерғожинге қатысты қылмыстық істі тергеуді жалғастырып жатыр.