Алмат Сақатов: Енді бізге сахнада жыныстық қатынас жасау ғана қалды

0

Сахна – адам тәрбиелейді. Демек, сахна – идеологиялық құрал. Ал сахнада қалай жүру және сөйлеу – адамның ішкі мәдениетін, кәсібилігін көрсетеді. Бүгінгі сахнаға кімдер шығып жүр? Олар кімді тәрбиелеп жатыр?

Nege.kz тілшісі осы сауалдың жауабын белгілі актер Алмат Сақатовтан сұрап еді.

– Алмат Маратұлы, сахнаны былапыт сөзбен былғап жүрген жастар туралы сіздің пікіріңіз қандай? Қасиетті, киелі сахнаны қалай қастерлеп жүрміз?

– Жалпы, бұл бізге тән жағдай. Қазақстанда үй өртенбесе, өртпен күреспейміз. Немесе апат болып, көліктің астына түсіп өлмесе, жолды жасамаймыз. Біз сондай халықпыз. Оған жеткізген өзіміз.

Сахнада былапыт сөз айтып, ойына келгенін істеп жатқандарды былай қойғанда, кеше ғана Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың өзі «вы сверху были или снизу» дейді. Өзінше басқа бір нәрсе айтып тұрғандай міз бақпайды және қайталап сұрайды. Елдің алдында тұрып, сондай әңгіме айтуға бола ма?

Ол – мәдениетті басқарып отырған адам. Сондықтан ауыздарына ие болып сөйлеу керек. Байқап сөйлеу керек. Ол – Қазақстан мәдениетінің бетпердесі.

Түсінемін, құрдасыңмен қалжыңдас, кластасыңмен әзілдес, ал сұхбат беріп тұрып мән-мағынасыз сөз айтып, не көрінді?! «Балық басынан шіриді» деген осы. Осындай министріміз бар, әрине жағдай әлгіндей жастардың бейәдеп сөйлеуіне алып келеді. Оған да өзіміз ғана кінәліміз.

Д.Абаев.

«Ирина Қайратовна» тобындағы мас болып, ыржалақтап тұрған баланы өмірде жақсы білемін. Жап-жақсы жігіт. Олар өнерде тәуір-ақ жұмыс істеп жүр. Қазір қаншама тыңдарман, көрермен жинап алды. Фанаттары жетерлік. Яғни, оларда талант бар ғой. Жұрт көретін, тыңдайтын нәрсе бар. Соншама тыңдарманды өзіне қарату оңай емес. Талант болмаса, соншама адамды жинай алмайды. Оны тыңдап жүрген бес адам ақымақ болуы мүмкін, бірақ бес мың адам ондай емес қой. Бірақ тәрбиесіздікке жол бергені өкінішті.

– Біздің сахнада жүргендер ерекше қолпаштауды көтере алмайтын сияқты…

– Сияқты емес, солай. Артынан 2-3 млн адам шулап жүгіріп, қошеметтеп қарсы алып, төрге шығарса, арасында 50 грамм ішімдікті ішкізсе, әрине бұзылады. Адам ақшадан, байлықтың асып-тасығанынан бұзылмайды. Адам маңайындағы адамдардың қолпаштауы мен жағымпаздануынан бұзылады. Кім кінәлі? Тағы да – өзіміз. Соның кесірінен сахнада ойына келгенін істеп жүр. Бір жігіт тіпті сахнада «бір жеріңді жалаймын» деп тұр. Бұл – қоғамның қателігі. Мұндайларды сахнаға шығармай, әскерге жіберу керек. Еркектіктің не екенін білмейтіндер бұлар.

– Сол концертке билет сатып алып, барған қаншама адам әлгілерді сотқа беруге бола ма?

– Тыңдарман сотқа бере алмайды. Бұл жерде олар нақты бір адамның намысына тиіп тұрған жоқ. Олар мәдениетсіздік пен тәрбиесіздікті көрсетті.

– Жалпы, ішкиімі жарқырап, жартылай жалаңаш сахнаға шығу да бассыздық емес пе?

– Ұйымдастырушыларға бәрібір. Мән бермейді ондайға. Мұндай заңда қарастырылмаған. Сахнаға қалай шығады, тыржалаңаш па, басқалай ма, оған қарсы заң атымен жоқ. Ол заңды «сверху или снизу» деп жүргендер жасауы керек қой.

– Бұл мәселе президентке дейін жетті. «Өкінішке қарай, қасиетті көк туымызға байланысты болған жағымсыз жағдайлар азаймай тұр. Сондықтан байрағымызды пайдалану тәртібін қайта қарау керек деп ойлаймын. Қажет болса, тиісті заңдарға өзгертулер енгізуге болады» деді.

– Шиза деген иттің баласы туды мыжғылап тұрды. Міне, сол баланы сотқа беруге болады. Өйткені, бізде мемлекеттік рәміздерді қорлауға қатысты бап бар. Бірақ боқауыз сөз айтып жатқандарға ештеңе істей алмаймыз.

– Бізде тек «жаздым, жаңылдым» деп кешірім сұрап, сытылып кету белең алды. Бәлкім, белгілі бір уақыт сахнаға жолатпай қою керек шығар…

– Сахнаға мүлдем жолатпай қою деген жоқ. Бұл спорт емес. Егер спортшы допинг пайдаланса, біршама уақыт ойындардан шеттетіледі. Ал сахнада мас болып құласаң, аузыңа келгенді айтып, боқтасаң, тіпті тыржалаңаш әрі-бері жүрсең де, ешкім соттай алмайды. Бізде ондай заң жоқ. Сондықтан дәл осындай әрекеттерден кейін заңға арнайы бап енгізу керек.

Әлгі жігіттердің көзін шұқып, тізерлетіп отырып, жазалау керек. Кейінгілерге үлкен сабақ болатындай жасау қажет. Енді бізде тек сахнаға шығып, жыныстық қатынас жасау ғана қалды.

Алқаш та ән айтып, тыңдарман жинады. Қайдағы Мұрат Әбділдәны да тойға шақырып жатты жұрт. Атырауда подъезде жүретін алқашты да өз басым тойда көрдім.

– Жақында әнші Саят Медеуов те орынды мәселе көтерді. Ол кейбір өнер өкілдері жасы келгеніне қарамастан, жастарға теріс үлгі көрсетіп жатқанын айтып, желіге ойына келгенді жүктейтіндерді тәртіпке келтіретін заң шығаруды талап етті. Мысалы, әнші Нұрлан Еспановтың әзілдері ерсі көрінеді…

– Жалпы, Саят дұрыс мәселе көтерді. Қолдаймын. Бірақ сіз айтқан Нұрлан Еспанов – менің досым. Екіншіден, ол ешқандай өрескел, анайы әзіл айтып жүрген жоқ. Әзілдің жеңілі де, зілдісі де болады. Оныкі өмірінен көрініс көрсету ғана. Әйтпесе, арақ ішіп, мас болып, тыржалаңаш шешініп, анайы ештеңе айтып жүрген жоқ қой.

Н.Еспанов.

«Сахнаны тазалаймыз» дейді, қазір сахна жоқ қой. Біз жастарды тәрбиелеуіміз керек. Қазіргі буынды заңмен ғана жазалау қажет. Бүгінгі ұрпаққа мораль айтып немесе ойды әзілмен жеткізу мүмкін емес. Оны тыңдайтын, еститін бала жоқ. Себебі, қатты ұрсуға, ұруға болмайды, өзіміз сотталамыз. Сондықтан тек заңмен ғана әрекет ету керек.

– Өзіңіз Инстаграм желісінде пікіріңізді ашық айтып отырасыз. Сол арқылы жастарды тәрбиелеуге септігім тиеді деп ойлайсыз ба?

– Сол үшін саламын. Мен ешкімді тәрбиелей алмаймын. Бірақ тәрбиеге қатысты кішкене болса да әрекет жасау керек. Жаман жолға түсейін деп тұрған балаға менің ақылым әсер етсе, жақсы емес пе? Сондай үмітпен ғана саламын. Мен өз балама, немереме тәрбие беремін, оларға әзірге шамам жетеді. Болашақта олардың өзі мені сотқа беруі мүмкін. Қазір сондай заман ғой.

– Өнердегі азамат ретінде қоғамдағы қандай мәселеге жаныңыз ауырады? Неге сүйсінесіз? Неге күйінесіз?

– Өз басым қазақ жастарына ризамын. Оқымысты, талантты. Жалпы, біз қоғамда дәріптемейтін нәрсені дәріптейміз де, дәріптейтін нәрсені дәріптемейміз.

Мысалы, шахматтан әлем чемпионы атанған қызымыз бар, математикадан жеңген ұлымыз бар. Ойлаңызшы, Ресейде Каспаров, Карповтар чемпион болғанда алақанға салып, жағдайын жасады. Олардың жеткен жетістігі біздің қызымызбен салыстырғанда керемет емес. Сондай ғылым мен білімде жетістікке жетіп, әлемдік деңгейде танылып жатқан жастарды неге қолдамаймыз?

Ал күрес, төбелес, тіпті сахнаға шығып жыртыңдаса, соларды мақтайды, төбеге көтереді. Сосын бесіктен белі шықпай жатқан балаларға атақты береді аямай. Өйткені, ақшасы бар дөкейдің, сенатор, депутаттың тойына барады. Сосын керек атағын алады. Ал сол атақты алмаған қаншама мүйізі қарағайдай актерлер жүр.

Кейде маған да «Сіз неге атақ алмайсыз?» дейді. «Керек емес» деймін. Сатып алған атаққа рахмет. Халық өзі беріп жатыр. Бірақ театрда неше жыл тер төккен ағаларымыз бар. Мәселен, еңбек жолын «Бауыржан шоудан» бастаған Әбунасыр Серіков деген актер бар. Оны бүкіл Қазақстан таниды. Алған атағы жоқ. Ал кеше ғана сахнаға шыққан Ерке Есмахан сияқты әншілердің бәрінің атағы бар. Қазір екі бейнеклип жазып, атақ алып жатса да, таңқалмаймын.

– Атақ демекші, «Дос-Мұқасан» ансамбілінің негізін қалаушы әрі көркемдік жетекшісі Мұрат Құсайынов Димаш Құдайбергеннің қайраткер атағын алуға әлі ерте екенін айтып еді…

– Қайраткер деген атақты алу үшін өнерде кем дегенде 20 жыл жүру керек. Ал бес жыл жүріп, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алғандар көп. Бірақ Димаш Құдайбергеннің орны бөлек. Димаш – феномен. Онымен ешкімді салыстырмау керек. Ол халықаралық сахнаны бағындырған өнерпаз. Ол «дүниежүзінің әртісі» деген атақты алды. Осы атақты Айман Мұсаходжаева, сосын Димаш Құдайберген ғана алды. Головкин де солай.

Бұлар бұл шеңберге сыймайды. Өздерін миллиардтарға дәлелдеп тастаған.  Оларға бір жеңіспен ғана атақ беруге болады. Өйткені, Қазақстанның атын шетелге шығарып жатыр.

Әнші Бақыт Шадаева «Димаштың дауысы қойылмаған. Тыңдармандарынан кешірім сұраймын» деді. Ол кәсіби маман ретінде айтты. Димаштың дауысы – табиғи дауыс. Оның дауысын қойып та керегі жоқ. Мен Қазақстаннан шыға алмай жатқан жастар туралы айтып отырмын.

– Мәдениет саласында оң өзгерістер жасалып жатыр ма, әлде кейін кетіп барамыз ба?

– Министрлер ай сайын ауыспаса да, жыл сайын ауысады. Әсіресе, мәдениет саласында. Бұған дейін Арыстанбек Мұхамедиұлы отырды. Қазір жағдайы не болды? Артынан қандай сөз ерді? «Жеді, жымқырды, ұрлады» деген ғана.

А.Мұхамедиұлы.

– Арыстанбек Мұхамедиұлы министр кезінде мәдениет пен өнер саласына қандай еңбегі сіңді деп ойлайсыз?

– Ол кісімен қарым-қатынасым болған жоқ. Бірақ біраз жас буынды көтерді. Азамат Сатыбалды, Сәбит Әбдіхалықовтың басшылық қызметке келуіне мүмкіндік берді. Бірақ өнерге керемет өзгеріс алып келді дей алмаймын.

Жалпы, бізде бір нонсенс бар. Бұрын жаппай көтеріп, қолпаштап жүрген кісіні бір күнде жардан итере салуға бармыз. Бұл екіжүзділік емес пе?

Қатты айтсам, ренжіме. Қазақта «көталақ» деген сөз бар. Кезінде неге айтпады? Өйткені, бұлардың жоғалтатыны бар. Кезінде сол адамның арқасында лауазым, атақ, баспана алды. «Өлі арыстаннан тірі тышқан артық» дегенді де қазақ айтқан.

Назарбаевтың еңбегі жоқ емес, бар. Қазір қымбат көлік мініп, бес қабатты үй салып алғандар қарапайым халық емес. Олар – депутат, сенатор, министрлер. Қазір солар өзі су ішкен құдығына түкіріп отыр. Неге батыр болса, сол кезде айтпайды? Біз қай кезде де қоғамның, мемлекеттің кемшілігін айттық. Сол үшін құзырлы органдардан таяқ та жедік. Тілімізді сәл қысқартқан кезіміз де болды. Өйткені, бала-шағаны ойладық. Ал олар неге сол кезде бұғып қалды? Қазір бәрі ақылды. Өйткені, ескі заманды жамандап, жаңа заманға жағымпаздану көбейді.

 Белгілі актер Тұңғышбай Жаманқұлов та экс-министрдің үстінен жаңа билік келген соң арыз түсірген жоқ па?

– Тұңғышбай аға – өнерде өзімен-өзі жүрген тұлға. Арыстанбек билікке келді де, оған шүйлікті. Екеуінің арасы бұрыннан дұрыс емес еді. Енді адам өз атын ақтау керек қой. Тұқаң таза болып шықты. Бірақ халықтың ойында күмән ой қалады. Сондықтан шындықты өзің айтып кеткенге не жетсін?! Тұқаң – турашыл адам. Енді оның кезегі келді. Ал бұған дейін Назарбаевтың маңайындағыларға жолау тұрмақ, олардың түкірігін жерге түсірмей қағып алып жүргендер болды ғой.

 Саясат туралы да пікіріңізді бүкпейсіз. Референдумға барасыз ба?

– Әрине, барамын. Барам да, керек жеріне қолымды қоямын. Әр адам ертеңгі күнін ойлауы керек. Бұл – Ата заң. Әншейінде «Мені Конституция қорғайды, менің құқым бар» деп айқайлаймыз ғой. Сөйтеміз де, өзіміз бармаймыз. Қазіргі президенттің өткен-кеткен қателікті, былықты түзеп жатқанына қуанамын. Бірақ қайтадан 60-тан асып, 70-ке келген сенатор, әкімдерді билікке тартамын дегеніне келіспеймін. Жастарды тарту керек керек. Олар да өсуі тиіс.

 Сұхбатыңызға рахмет!