Сауытбек Абдрахманов | өмірбаяны

0

Абдрахманов Сауытбек 1951 жылы 7 қарашада Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданында туған. 1975 жылы ҚазМУдің журналистика факультетін бітірген.


1975–1987 жж. «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, редакциялық алқа мүшесі болды. 1987–1995 жж. Қазақстан КП Орталық Комитетінде нұсқаушы, мәдениет секторының меңгерушісі, ҚР Президенті және Министрлер Кабинеті аппараттарында Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, бірінші орынбасары қызметтерін атқарды. 1995–1997 жж. Мәдениет министрінің бірінші орынбасары, 1997–2000 жж. «Қазақстан телевизиясы мен радиосы» республикалық корпорациясының бірінші вицепрезиденті, 2000–2003 жж. «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» ашық акционерлік қоғамының президенті, 2003–2004 жж. Қазақстан Республикасының Ақпарат министрі болып қызмет атқарған. Қазір «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» ашық акционерлік қоғамының президенті.


«Біздің Пушкин», «Тәуелсіздік шежіресі», «Адамзат күнтізбесі», «Елдік сыны», «Вер бана ат», «Коран и Пушкин», «Төлтума мен телтума», «Перевод поэзии и поэзия перевода» кітаптарының, «Париж. ЮНЕСКО. Әуезов», «Қажылық», «Ертегілер еліндегі екі күн», «Мадридтегі мереке», «Мәңгілік мұрат», «Армысың, Астана!», «Биіктік» фильмдерінің авторы.


Қырыққа жуық көркем фильмді қазақшалап, В.Солоухиннің, Д.Кабалевскийдің шығармаларын, арабтың Бейбарыс сұлтан туралы халықтық романын,
В.Гюгоның «Аласталғандарын» (2ші кітап) аударған. «Жиырмасыншы ғасыр жырлайды» атты қос томдық қазақ поэзиясы антологиясының құрастырушыавторы.


Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері, Журналистика саласындағы Президент сыйлығының лауреаты. Б.Бұлқышев атындағы Жастар сыйлығының (1981), Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының (1982) лауреаты, «Жыл журналисі» (2006) атағын алған. Филология ғылымының докторы. «Парасат» орденінің иегері, Ресей сөз өнері академиясының «Ревнителю просвещения» медалімен, Украинаның «За працю і звитягу» («Ерлігі мен еңбегі үшін») медальдарымен марапатталған. Қазақстан Республикасы Ұлттық кеңесінің мүшесі.