Туды қорлаған әншілерге қатысты ІІМ-ге ашық хат жолданды
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Амантай Бергалиев Facebook-тегі парақшасында «Ирина Кайратовна» тобы мен «Shiza» есімді әншіге қатысты Бас прокуратураға және ІІМ-ге ашық хат жолдағанын жазды деп хабарлады kznews.kz сайты turkystan.kz сайтына сілтеме жасап.
Қайраткер ашық хатта әншілердің сахна әдебін сақтамай, мәдениетсіздігі мен Туды қорлағаны халықтың ашу-ызасын келтіргенін айтты.
«25 мамыр күні Алматы қаласындағы Балуан Шолақ сарайында өткен «Ирина Кайратовна» тобының концертiнде әншiлер, оның iшiнде «Shiza» лақап атты әншi сахнада мәдениетсiздiгiмен Туды қорлады, сахна әдебін сақтамады. Әрбір қазақ азаматының намысына тиетін әрекетке барған видеосы жарияланды. Бұл өз кезегінде халықтың ашу-ызасын келтіріп, түрлі әлеуметтік желілерде кеңінен тарады», – деп басталған ашық хатта.
Сондай-ақ, хатта бұл жағдай аяқсыз қалдырылмай, әншілерге заң жүзінде жаза қолданылу керек екені жеткізілген. Ашық хатқа ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері мен жазушылар қол қойып, тиісті құзырлы органдарға жолдады.
«Аталған жағдайды аяқсыз қалдырмауды, заңмен жазалауды талап етемiз. Жас ұрпақтың тәрбиесi үшiн алаңдаймыз, жарқын болашақты күтетін болсақ, бiз өнердi және өнерге деген құрметті қалыптастыруымыз керек.
Келешекте де осындай бассыздықты болдырмау және алдын алу үшiн барлық заңдық шараларды қабылдау керек. Өтiнiмдi аяқсыз қалдырмай және дер кезiнде заң аясында жауапқа тартуды сұраймыз», – делінген ашық хатта.