Көліктік бақылау қызметкерлері қалай пайда табады 

0

Агенттік төрағасының орынбасары Олжас Бектеновтың айтуынша, бүгінде көліктік бақылау саласында жемқорлық мәселесінің ушығып тұрғаны сонша, республика бойынша парамен ұсталмаған басшылар қалмады.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі көлікті бақылау саласындағы жемқорлық фактілерін жариялады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Агенттік төрағасының орынбасары Олжас Бектеновтың айтуынша, бүгінде көліктік бақылау саласында жемқорлық мәселесінің ушығып тұрғаны сонша, республика бойынша парамен ұсталмаған басшылар қалмады.

«Жақында Алматы облысында біз Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірге қылмыстық топты анықтадық. Олар жүк көліктерінен ақша жинап келген. Сонда көліктік бақылау басшысының орынбасары бір айда таза 6 миллион теңге пара алып, өзіне қалдырып отырған. Астанада ондай жағдайлар да болды. Көліктік бақылау қызметінің бір басшысын ұстадық. Оның орнына басқасы келді. Келмей жатып, біздің қызметкерлерімізге пара ұсына бастады. Оны пара бергені үшін құрықтады. Республика бойынша ондай жағдайлар көп», — деді О.Бектенов ҚР Парламент Сенатында өткен жиында.

Оның айтуынша, агенттік мамандары ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің жұмысына талдау жасады. Сонда барлық заңбұзушылықтардың 90 проценті көліктік бақылау инспекторларына тиесілі болып шықты. Бірақ құзіретті орган тиісті шараларды қолға алып жатқан жоқ.

«Осыған байланысты біз министрдің атына көлік комитеті төрағасының жеке жауапкершілігі туралы ұсыныс xатты жолдадық. Қазіргі кезде аталған материалдар Президент Әкімшілігінде кадрлық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қарауында жатыр. Себебі ол мемлекеттік қызметшілердің «А» корпусына жатады», — деп атап көрсетті О.Бектенов.

Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

Дереккөз: https://kaz.zakon.kz/