Қаңтар оқиғасын Назарбаевтың кланы ұйымдастырды – Тайжан

0

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров пен қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан сұхбат беріп референдум, қаңтар оқиғасы, Ассамблея туралы пікір білдірді, деп хабарлайды kznews.kz сайты.

Мұхтар Тайжанның пікірінше, референдум арқылы Конституцияға өзгерістер енгізуге болады. Ата заңға қандай өзгерістер енгізілетінін айтқан қоғам белсендісі референдум қажет деп есептейді.

– Референдум демократиялық Конституцияға 100 пайыз апаратын өзгерістер емес. Бірақ жүз пайыз болмаса да, 50 пайыз бар деп есептеймін. Сол үшін референдум қажет. Бұл референдум «Елбасы» статусын алып тастайды. Сосын парламентте тек партиялардың тізімімен депутат болмайды, мажоритарлық түрде жүреді. Конституциялық соттың шешімі президент үшін, Үкімет үшін, Мәжіліс үшін міндетті болады. Бізге мұндай өзгерістер қажет.

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров та референдум туралы пікір білдіріп, Ата заңға енгізілетін өзгерістер туралы айтып берді.

– Бұл Конституция біздің елімізде дефамилизация үдерісін алып келеді. Еліміздегі белгілі бір жанұялардың, топтардың саясаттағы орны мен рөлі жоғалады. Екіншіден, рухани мәселе. Конституцияда еліміздің бірлігі мәселелері айқындалады. Конституцияның классикалық үлгісі бар. Руханият, саясат, еліміздің саяси жүйесі туралы баптар болу керек. Міне, сол баптарға қайтып келеді. Ең негізгісі, 30 жылдың ішінде олигополия болды. Конституцияның алтыншы бабындағы «Қазақстан Республикасының жер және жер ресурстары Қазақстан Республикасының меншігінде» деген бап біздің елімізде үлкен экономикалық жаңа қатынастарға алып келеді, – деді депутат Ерлан Саиров.

Сондай-ақ, депутат қаңтар оқиғасы реформаларды болдырмау үшін жасалған әрекет екенін жеткізді.

– Қаңтар оқиғалары осы реформаларды болдырмау үшін істелген қадам. Бұл реформалардың барлығы қаңтардан 4-5 ай бұрын дайындалып қойған. Қаңтар оқиғасы президентімізді аяғынан тайғызу үшін жасалған күштердің қадамы болған. Сіз бен біз айтып отырған реформалар қаңтарда басталу керек болатын, – деді ол.

Ал қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан қаңтар оқиғасы халықтың шынайы наразылығын білдіргенін айтып, ұйымдастырғандарды атады.

– Қаңтар оқиғасы халықтың шынайы наразылығын білдірді. Бірақ оқиғаның аяғын кландар пайдаланды. Алматының өзінде митинг бейбіт түрде болды, сосын ғана қару пайдаланылды. Қаңтар оқиғасын Назарбаевтың кландары ұйымдастырды. Өйткені, Кәрім Мәсімовтің өзі мұндай қадамға бармас еді, яғни қолдау болды, – деді Мұхтар Тайжан.