«AMANAT» партиясының мобильді қоғамдық қабылдаулары Алматы және Қостанай облыстарына барды
«AMANAT» партиясының мобильді қоғамдық қабылдау бөлмелерінің аймақтарға сапары жалғасуда. Бүгін партия мүшелері Алматы және Қостанай облыстарына барды. Қабылдауға бір күнде 180-нен астам азамат келіп, 10 шалғай елді мекен қамтылды.
Республикалық мобильді қоғамдық қабылдауда заңгерлер Ата заңға енгізілетін өзгертулер мен толықтырулар туралы түсіндіруде.
Аманаттықтар Алматы облысына қарасты Сарыбұлақ, Жетіген, Шанханай, Мәулімбай сияқты шалғайдағы 4 ауылда болды.
Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Әлия Садырбаева Сарыбұлақ ауылында азаматтарды қабылдау кезінде Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізу бойынша референдумды түсіндіру бүгінгі сапардың басты мақсаты екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізу бойынша елімізде референдум өткізу туралы жариялаған кезде, бізге көптеген сұрақтар түсе бастады. Сондықтан «AMANAT» партиясы Қазақстан заңгерлер одағымен бірлесіп мобильдік қоғамдық қабылдау шеңберінде «AMANAT сарапшысы» деп аталатын акцияны іске қосты. Қабылдауға келген тұрғындар референдумға қатысты сұрақтарға еліміздің үздік заңгерлерінен жауап алды», — деп атап өтті Әлия Садырбаева.
Сонымен қатар, ауыл тұрғындары көшелерді жарықтандыру, жаңа мектептер салу, тозығы жеткен электр желілері, трансформаторлар мен жолдарды жөндеу сияқты мәселелерді ортаға салды.
Мәселен, Сарыбұлақ ауылының тұрғыны Бақытжан Қалқанова Республикалық мобильді қоғамдық қабылдау бөлмесінің мүшелеріне көшелерді жарықтандыру мәселесі бойынша өтінішін айтты.
«Қаражота ауылында ұзындығы 4400 метрді құрайтын Айсабаев және Алтынсарин көшелерінде жарық жоқ. Соңғы кезде балалар түгілі, ересектерге де бұл жолмен жүру қорқынышы болып барады», — деді Бақытжан Қалқанова.
Осы күні «АМАNAT» мобильді бригадаcы Қостанай облысының шалғай елді мекендерінің тұрғындарын да қабылдады. Партиялықтар Станционное, Қойбағар, Челғашы, Обаған, Новопокровка және Первомайское ауылдарында болды.
Мәселен, Первомайское ауылының тұрғыны Алмаз Өмірбаев сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі бойынша өтініш білдірді.
«Барлық Первомайское ауылының тұрғындары сияқты мені де қашан барлық үйге ауызсу беріледі деген сұрақ толғандырады. Партияның қолдауымен мәселеміз оң шешімін табады деп үміттенеміз», — деді А.Өмірбаев.
Өз кезегінде Федоров ауданының әкімі Тәуба Исабаев партияның сайлауалды бағдарламасын орындау аясында Первомайское ауылында су құбырының құрылысы биыл басталуы тиіс екенін хабарлады.
Қоғамдық қабылдауға келген Лариса Карловская сол ауылда жеке фельдшерлік пункт салуға көмек көрсетуді сұрады.
«Ауыл тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерді тікелей айта алғаны қуантады. Менің сұрағым бақылауға алынды. Мұндай қабылдауларды өткізіп тұру Мемлекет басшысы айтқан Халық үніне құлақ асатын мемлекет» саясатын қолдаудың жарқын дәлелі», — деп атап өтті ол.
Бұған дейін мобильдік қоғамдық қабылдаулар Ақмола, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Түркістан, Солтүстік Қазақстан мен Шығыс Қазақстан және Атырау облыстарына барған болатын.
«AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне жыл басынан бері 54 мыңнан астам адам жүгінген. Тұрғындарды негізінен әлеуметтік қамсыздандыру – 30%, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық – 16%, тұрғын үймен қамтамасыз ету және жер учаскелерін бөлу – 11% толғандырады. Мемлекеттік органдардың басшылары мен түрлі деңгейдегі депутаттар 10 мыңнан астам қабылдау өткізіп, оның барысында 30 мың адам қабылданды.
Еске сала кетейік, тұрғындар өздерін мазалаған мәселелері бойынша «AMANAT» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіне келесі байланыс нөмірлері арқылы хабарласуына болады:
1. Call-орталық: 8 800 080 4441 (Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін);
2. WhatsАpp: 8 700 800 4441
3. E-mail: komek@amanatpartiasy.kz
Қабылдауға жазылу кездесу өткізілетін күнге дейін кемінде 3 күнтізбелік күн бұрын жүзеге асырылады.
Сонымен бірге партияның республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің базасында отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша «111 шұғыл қызметі» арнайы байланыс орталығы жұмыс істейді.