Серік Ибрагимов: «Маска» шоуына 5 миллионға дейін айыппұл төлейсің
«Маска» шоуында екінші маусымның жеңімпазы атанған Серік Ибрагимов жобаға қалай келгенін айтты. Ол түсірілім кезіндегі қиындықтар, өзін ренжіткен жандар мен қомақты айыппұл туралы НТК арнасына сұхбат берді, деп хабарлайды Kznews.kz сайты Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Әнші «Маска» шоуына қатысуға өзі ниет білдірген. Алғашқы маусымын көріп ұнатқан Ибрагимов жоба продюсері Гүлнұр Мамасариповаға тікелей хабарласқан. Ол да қарсы болмаған. Бірақ:
«Қатыс. Бірақ сені 1-2 шығарылымнан кейін-ақ танып қояды. Сенің жүріп келе жатқан жүрісіңнен Серік екеніңді бірден біледі», — деді», — деп еске алды өнер иесі.
Шоудың ережесін дұрыс түсінбеген Серік бірінші бағдарламада даусы мен қимыл-қозғалысын аса өзгертпеген. Соған қарап Марат Оралғазин оны танып қойған. Алайда қателігінен сабақ алған әнші бірден ес жиып, актерлік қабілетін ортаға салғанын айтады. Нәтижесінде соңына дейін барып, жеңіске жетті. Десе де Серік «мұның өзі оңай болмады» деп отыр.
«Түсірілім кезінде үлкен қиындықтар болды. Бір кісілерді қатты ренжітіп қойдым. Сосын кешірім сұрадым. Бір кісілер мені қатты ренжітті. Сол дүниеге қатысы бар адамдар. Көрермендерге ешқандай реніш жоқ. Әр бағдарлама сайын қолдап, «алға» деп жігерлендіріп тұрды.
Кейбір адам менің кім екенімді біліп қойған секілді болды. Сондай дүниелер болып қалды», — дейді Серік.
Әнші шартқа сәйкес, жобаға қатысып жатқанын ешкімге, тіпті үйдегі жарына айтпаған. Алайда жұбайы Айнамкөз бірнеше бағдарламадан кейін шындықты біліп қойған.
«Өзім айтқан жоқпын. Айтуға болмайды. Жоба шарты сондай. Келісімшарт бар. Айыппұл 3 немесе 5 миллион теңге. Бұл ақшаны өз қалтаңнан төлейсің», — деді Ибрагимов.