«Бұл не қылған ырбың-жырбың?!» Саят Медеуов «еспановтарды» сойып салды

0

Бүгін белгілі әнші Саят Медеуов Инстаграм әлеуметтік желісінде көптің көкейінде жүрген мәселені қозғады. Ол жазбасында: «Бір кездері шегіртке деп кемсіткенде, өре түрегеліп айғай салдық. Қазір өнердегі кейбір әріптессымақтарымның істеп жүргеніне қарасам, «енді шегіртке емес не болдық» деп ашыныпты.

Nege.kz тілшісі әнші Саят Медеуовке хабарласып, жанайқайын сұрап білді.

«Еспановқа ескерттім!»

– Саят, әлеуметтік желіде жеңіл әзілмен оқырманның санасын улап жатқандар туралы орынды мәселе көтерген екенсіз. Бұл түйткілді көтеруге не түрткі болды?

– Бұл мәселеге түрткі болатын нәрсе көп. Оның қайсыбірін айтасың. Инстаграмды бала-шағамен көру мүмкін емес. Аузына келгенді оттап жатқан біреу. Ондайлар өте көп. Бұл жерде бір адамның атын айтып, түсін түстеу мүмкін емес. Олар толып жүр. Қазір біреуінің атын атап, жексұрын болмай-ақ қояйын. Сосын мені «көре алмайтын адам» деп қарайды. «Өзі шықпаған соң көре алмайды» деп санайды. Мәселе онда емес.

Ертең балаңның көзіне тіке қарай алмайсың ғой. Анандай боқауыз сөз айтып тұрсың. Жарайды, бүгін ақша үшін айтып жатқан шығарсың, ертең балаларыңа не дейсің? «Ақша табу үшін солай сөйлеп едім» деп айта ма? Білмеймін, өз басым бұл жағдайға бейжай қарай алмадым.

Біздің қазақтар түсіріп жүрген кез келген киноны қараңызшы. Ішінде небір сөз өріп жүр. Қазақша-орысша былапыт сөздермен көрерменді күлдірдім деп ойлайды. Шіркін, осындайға тыйым салса, жақсы болар еді. Осы жайтты мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қолға алып, Ата заңға енгізсе деймін.   

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» демекші, экранды түзеу керек. Көгілдір экранға кез келген адам шыға беретін болды. Оларды да сұрыптап, көркемдік кеңес айтатын әніне сараптама жүргізу қажет. Шыны керек, өнерде жүрген алдыңғы буынның өзі оңдырып жатқан жоқ. Несін жасырамыз?

– Ел ағасы болып, бата беретін жасқа келгендерді айтасыз ғой. Қазір Инстаграмды ашып қалсақ, әріптестерінің киімін әжуаға айналдырып жатқан әнші Нұрлан Еспановты көретін болдық. Бірақ айналасы соған қыран-топан күліп жатады…

 Бұл қатарда 50 жастан асып кеткендер де жүр. Шынымды айтсам, Еспановтың өзіне де телефон шалып айттым. «Әй, құрдас, қойсайшы. Өзімнің қатарым болған соң айтып жатырмын. Осыны қоя салсайшы, керек емес. Интернетке кез келген нәрсені сала берме. Болмайтын нәрсені қайтесің, дұрыс дүние салсайшы» дедім.

Н.Еспанов. Фото: ғаламтордан

Әзіл-қалжыңды салма деп айтпаймын. Жұртты сүйсіндіретін, айтар ойы бар әдемі қалжыңдар болады. Сондай болса, салсын. Ал енді болмайтын, түкке тұрғысыз бірдеңелерді көпшілікке ұсынса қарным ашады. Тым болмаса, ырбың-жырбың, түкке тұрғысыз әңгіме, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шыққан былапыт сөз айтуды тоқтатса. «Атан түйе құтырса, жұт болады» деуші еді бұрынғының ақсақалдары. Бүгін танымал болудың ең оңай жолын таңдағанмен, ертеңгі күнді неге ойламаймыз? Көгілдір адамның рөлін ойнап салу деген не сұмдық? Біреумен бірге балмұздақты жарнамалағанын салады.

«Ақылды адамның рөлін ойнап отырған жоқпын»

– Кімді меңзеп отырсыз?

– Айтсам, бәріне жексұрын боламын. Олар мені көре алмайды деп ойлайды. Қазір «Бұл – болашақтың қамы» десем де, түсінбейді. Сондықтан бұл мәселені мемлекеттік тұрғыдан қолға алу керек. Бұл түйткілді мен ғана қозғаған болып қаламын. Басқасы үндемей отырады.

– Бұған дейін сіз айтқандай көрініс бірен-саран ғана еді.

Коллаж: ғаламтордан

– Қазір жаппай сондай болып кетті. Опасыздар күн санап көбейіп жатыр. Оны бала да, шаға да көреді. Сондықтан ертерек қолға алу қажет. Қазір мен айтамын, ертең Сәкен Майғазиев, Мейрамбек Беспаев, Тоқтар Серіков, Досымжан Таңатаров айтса, олар да жексұрын болады.

Бұл мәселеге мен ғана алаңдап отырған жоқпын, кәдімгі өзіміздің чатта әңгіме болып, талқылағаннан кейінгі ойдан туған. Біз мұны мәселе ретінде қозғап, жазайық деп шештік. Сөйтіп жүргенде уақыт та өтіп барады.

5 маусым күні Ата заңға өзгеріс енгізіп, қайта қабылдайын деп жатыр. Соған дейін үлгеріп қалайық, ертерек қолға алайық деген арман мен мақсат арқалап қана айтқан жайым бар. Әйтпесе, ақылды адамның рөлін ойнап отырған жоқпын. Бірақ түйсігінде сана бар адам түсінеді деп ойлаймын.

– Сол ортақ чатта отырған әріптес-достарыңыз неге бұғып қалды? Бәлкім, бұл мәселені бәрі бірдей жазып көтерсе, үндеу жасаса, нәтижесі көрінер ме еді?

– Білмеймін. Өздері көре жатар. Бәрі жазып жатса, бөлісіп жатса, әрине жақсы болар еді.

– Кәсіпкер Ахметбек Нұрсила әзіл-шыны аралас «қазіргі әншілердің 90 пайызы шегіртке» деп еді. Оны өзіңіз де жазбаңызда тілге тиек етіпсіз. Шынында да, өнер адамдары сондай деңгейге түсті ме?

А.Нұрсила. 

– Былайша айтқанда, сол деңгейге түстік қой. Дәлірегінде, соған түсірді. Біреудің кесірінен бүкіл өнер адамдарына топырақ шашылды қазір. Бұл жерде әнші ғана емес, блогер, актер, бәрі бар.

Бір баса айтатыным, телеарнаны түзеу керек. Экраннан көркемдік кеңестің сұрыптауынан өтпеген фильмді көрсете береді. Оған не деуге болады? Ондағы отырған басшылар не қарап отыр? Неге елек жоқ? Осыдан кейін қалай қарның ашпайды? Мән-мағынасы жоқ әндерді радиодан да беріп, жарнамалайды.

«Киелі сахнаға кез келген нәрсені шығаруға болмайды»

– Соңғы кезде тұсауы кесіліп, жастардың сүйіктісіне айналған ән мен әншілер жайында не айтасыз?

– Көп қой. Қазақша мен орысша араластыру кәдімгі үрдіске айналды. Соның барлығы електің жоқтығы. Билік қатаң түрде тәртіп енгізіп, жазалау керек. Содан кейін ғана тыйым салынуы мүмкін. Оған дейін осы кеткені кеткен. Ал мына жақта мен «үрсем», ертең сіз «үресіз», оның арғы күні тағы біреу «үрсе» де жүзеге аспайын деп тұр. Енді жоғарыдағылардың құлағына ілінсе, заңға енгізіп, іске асырып, тәртіп орнатса болар еді.

Бірінші, киім үлгісі. Қалай болса, солай сахнаға шығу. Екінші, киелі сахнаға кез келген дүниені шығару, интернетке жүктей салу. Осының бәріне бүгін шектеу қоймаса, ертең кеш болады.

– Бірақ жастар дәл сондай әндерді тыңдауға құмар…

– Көрдіңіз бе, халыққа не ұсынсаң, соны бойына сіңіреді. Қысқасы, не берсең, соны қорек етеді ғой. Жастар да елдің алдында жүрген адам не айтады, соны тыңдайды. Ал кейінгі жастар әлгіндей болмашы дүниені тыңдап, өсіп жатыр. Бұдан қорқу керек.

– Бұл мәселені әлеуметтік желіде жазғаннан ештеңе шешіле қоймас. Бәлкім, үндеу жасап, Парламент деңгейінде көтерілуіне атсалысу керек шығар.

– Парламенттегі депутаттардың құлағына жетіп, мемлекеттік деңгейде көтерілсе болар еді. Инстаграмдағы жазбамда президенттің желідегі парақшасы, біраз депутаттың аты белгіленді. Арасында бұрынғы әріптестеріңіз Жанарбек Әшімжан бар. Енді оқитын шығар деген үміт бар. Содан кейін депутаттар үн қататын болар.

5 маусымға дейін осы мәселені Ата заңға енгізсе деген арманым бар. Ұрпақтың болашағын ойласақ, қазақ құндылықтары сақталған ұлт боламыз десек, бетімен кеткен әлеуметтік желіні ретке келтіру керек. Аузына келгенді айтып, интернетке жүктейтіндерді жүгендейтін заң шығаруын талап етемін. Мен үшін санасы ояу, білімді ұрпақтың болашағы маңызды.