Жастардың жұмыссыз жүргеніне кім кінәлі?
NEET санатындағы жастарды еліміздің әлеуметтік-экономикалық өміріне тарту мәселелері бойынша Алматы қаласындағы Тұран университетінде «NEET жастары: құлықсыз жастарды қалай ынталандырамыз?» тақырыбында сараптамалық пікірталас өтті. Іс-шара «Жастарды әлеуметтендіру және оңалту» жобасы аясында бастау алды.
Іс-шара шымылдығын Тұран университетінің доценті, ф.ғ.к. Гүлжан Қажымұратқызы ашып берді. Ол бүгінгі таңдағы жастар арасындағы өзекті мәселелердің осындай жобалар арқылы шешімін тапқаны ел ертеңі үшін тиімді боларын атап өтті:
“Бүгінгі күні жастар арасында бірқатар проблемалар бар. Әсіресе NEET санатындағы жастардың жағдайы бізді алаңдатпай қоймайды. Осы жоба NEET санатындағы жастар үлесін төмендету мақсатында кешенді шаралар ұйымдастырып жүргені бізді қуантады. Жастарға бағыт-бағдар беріп, жол көрсетуіміз керек» дейді Гүлжан Қажымұратқызы.
Сараптамалық пікірталасқа Алматы қаласы әкімдігінің «Халықты жұмыспен қамту орталығы» өкілдері, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері, мәдениеттанушы, журналистер, қоғам белсенділері мен жастар қатысты.
Талқылауда қатысушылар жастардың жұмыс және оқуға келгенде белсенділік танытпау себептері, NEET санатындағы жастарға қолдау көрсету және кәсіби бағдарлау түрлері, жастарды еңбекке бейімдеу мақсатында шаралар туралы тақырыптарды қозғады.
«Біздің жастарға, бизнес ашамын деушілерге үкіметтің берген мүмкіндін көбі пайдалануды білмейді. Бұрын жыл сайын біздің ұйымнан 2000 адам грант ұтып алатын. Ал қазір азайып барады. Тек дәл сондай грант үшін конкурсқа қатысатындардың басым бөлігінде бизнесі бар. Ал жұмыссыз жүрген жастар қайда?Неге мүмкіндікті пайдаланбайды? Біз кез-келген адамға көмектесуге дайынбыз»,-дейді Алматы қаласының Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлікті қаржылық емес қолдау бөлімінің басшысы Нариман Түгелбайұлы.
Кездесу барысында бүгінгі күні еңбек нарығындағы қажетті мамандықтар және қай саланы белсенді дамыту керек, жастарды кәсіпкерлік қызметке оқыту, кәсіпкердің қажетті дағдылары, жастарға берілген мүмкіндік пен соны қалай дұрыс пайдалану керектігі жайында сөз болды.
«Студенттер оқуын бітіргеннен кейін мамандығы бойынша жұмыс істегісі келмейді. Біздің «Жұмыспен қамту орталығы» жыл сайын тізім бойынша студенттерге жұмыс беру мақсатында хабарласамыз. Алайда басым бөлігі жұмысқа құлықсыз екендігін білдіріп, бас тартады. Біздің тараптан көптеген жүмыстар атқарылып жатыр, тек жастар еңбектенсе екен»,-дейді «Халықты жұмыспен қамту орталығының» қызметкері Жансая Жарылқасын.
Шара ұйымдастырушысы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі» қоғамдық қоры.