«Дос-Мұқасан» ансамбілінің негізін қалаушы Димаштың «қайраткер» атағын алғанына қарсылық білдірді
Танымал әнші, белгілі композитор «Дос-Мұқасан» ансамбілінің негізін қалаушы Мұрат Құсайынов Димаш Құдайбергеннің атақ алуына әлі ерте екенін «Менің өмірім» бағдарламасында айтты, деп жазады kznews.kz сайты.
«Димашты 16 жасынан танимын. Кезінде даусың бар, талантың бар. Сен оқып ал, сахнаға шығуға асықпа деп айтқаным рас. Талай жарыста әділқазы болып, өнерін бағаладым. Елордада бір жарыста бас жүлдені бердік. Кейін Қытайда табысты болып оралды. Атағы тарады. Қытай жалпы айқай-шуды, шыңғырғанды жақсы көретін халық. Не дегенмен, Димаш табыспен оралды. Мен оның таланты барын мойындаймын. Димашқа арнайы бағдарлама керек. Себебі оны әлем танып отыр. Онымен мәдениет министрлігі жұмыс істеуі керек. Арнайы комиссия құру керек. Алайда министр ешнәрсе істеп жатқан жоқ. Жас таланттарға қолдау керек. Димаш, Максим секілді өнерпаздармен арнайы бағдарлама дайындау керек.
Бірақ мен жас әншілердің атақты оңай алғанына қарсымын. Атақ алу үшін көп еңбек керек. Димашқа «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді. Ол менде ғана бар атақ. Оны қазір бәріне бере беретін болды. Атақтың құны қалмай бара жатқандай. Ол үшін әнші көп еңбектену керек қой», – деді әнші.