Ұзату тойында қалыңдықты күйеужігіт көтеріп алып кеткені дұрыс па?

0

Әнші Мәдина Сәдуақасова ұзату тойда ән айтып қызды шығарып салу кезінде қалыңдықты күйеужігіт емес, жеңгелері алып кеткенін көргенде әбдіреп, таңғалып қалды. Осы сәттің видеосын әнші Instagram-ға жүктеді.

«Өзім түсінбей қалдым, қызды жігіт емес қолынан жеңгелері алып кетті. Осылай болушы ма еді?», — деп жазды ол видео сипаттамасында.

Мәдина Сәдуақасованың бұл сұрағына жанкүйерлері түрлі жауап айтты.

«Иә, батыста, Маңғыстау облысында жеңешелері алып кетеді», — дейді олардың бірі.

«Батыста ғана емес, қазақтың салт-дәстүріне сай, жеңгелері жетектеп, жігітіне тапсырады, мында дұрыс қарсы алды», — дейді тағы бірі.

«Негізі, қызды сыңсу айтып жеңгесі, жеңгелерге табыстаған… Осы күні ғой жігіт көтеріп әкетеді. Немесе ағасы шығарып салады, ол дұрыс емес, өзімнің ойым… Осы салт қайтадан жаңарса Мәдина Садуақасова шығарған заң болар еді», — дейді тағы бір оқырман.

Tengrinews.kz тілшісі этнограф Досымбек Қатранұлымен сөйлесіп, Ұзату тойға қатысты бірнеше сұрақ қойды.

Этнографтың сөзінше, қазақта қалыңдықты қалың малдың ең соңғы бөлшегін түйген күні алып кетеді.

«Қалың мал, яғни қалыңдық малы бірнеше бөлікке бөлінеді. Соның екінші-үшіншісін берген соң құдалық бекітіліп, күйеужігіт өзі ұрын келеді. Соңғы бесінші-алтыншысы дайын болғанда келінге жігіттің шешесі мен әкесінің ағайыны болып келетін үлкен кісі, яғни бас құда, жездесі және жеңгесімен келеді. Жасаудың ең үлкеніне киіз үй тігіледі. Осылайша, той- томалақ 4-5 күн болады», — дейді Досымбек Қатранұлы.

Халқымызда неке қыздың үйінде қиылады. Рәсім қызды алып кетер алдында бір күн бұрын жасалады. Этнограф келінді тек некесін қиып аттандыру керек дейді.

Ал ұзатудан кейін жігіт қызды көтеріп я қолынан ұстап алып кетуі бүгінде ғана шыққан үрдіс. Досымбек Қатранұлының сөзінше, дәстүрлі ортада қыз ел-жұртымен қоштасып, сыңсу айтқан соң жігіттің жеңгесі мен жездесі атқа мінгізіп алып кеткен. Олардың артынан қыз жақтан тағы бір жеңгесі мен жездесі барған.

«Видеода екі жеңгесінің алып кетуінде ешқандай сөкеттік жоқ. Себебі ол дәстүрімізге жақын», — деді этнограф.

Этнограф беташар кезінде де екі жеңгесі қолтықтап тұрғанын дұрыс дейді.

Ал келінді алып келген соң жасап жүрген үлкен тойды Досымбек Қатранұлы «свадьбаның» этноконтактісі дейді.

«Ұзатып алып келгеннен кейін келесі күні келіннің бетін ашады. Біздің үлкен той сол. Келін келе жатыр дегенде бәрі күтіп отырады. Біздің той осымен аяқталуы тиіс. Яғни үлкен той қыз жағында болады деген сөз. Пайызға шаққанда тойдың 60-70 пайызы қыз жағында болады», — дейді ол.

Этнографтың сөзінше, қазіргі біздің үйлену тойы деп айтып жүргеніміз қазақтың үйлену тойы емес. Ол той-томалақ беташар күні болатынын еске салды.