Home›Жаңалықтар›Қауіпті құдалық: Машкевич Мәсімовпен қалай «туыс» болып шықты?
Қауіпті құдалық: Машкевич Мәсімовпен қалай «туыс» болып шықты?
12 Мамыр, 2022, 11:32
0
Біздің қоғамда бір нәрсені індетіп қаза берсең, қызығы одан бір мысқал да кем емес тағы бір нәрсе тауып алу оңай. Өйткені отыз жылдан бері қалыптасқан жүйе сондай. Бұған ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің Назарбаев Университеті басшылығымен байланысын зерттеу кезінде көзіміз жетті.
Жіптің ұшы жетелеп апарған адамдар қоғам үшін ғана емес, мемлекеттік органдар үшін де «қызық тұлға» болуы әбден мүмкін, деп хабарлайды kznews.kz сайты nege.kz порталына сілтеме жасап.
Өздеріңіз білетіндей, Кәрім Қажымқанұлы туралы көп нәрсе айтуға болады. Оның КГБ «шекпенінен» шыққанын, Қытайда оқығанын, Гарвардта (АҚШ) тәжірибеден өткенін, одан әрі қатардағы көп шенеуніктің түсіне де кірмейтін карьера жасап, екі рет премьер-министр болғанын, одан кейін өзінің байырғы мамандығына қайта оралып ҰҚК-ні басқарғанын, жыл басындағы Қаңтар бүлігі кезінде таққа бір табан жақын қалғанын қазір екінің бірі білсе керек.
Мәсімовке қатысты ресми һәм бейресми істі зерттеу кезінде аса қызықты деректерге тап болдық. К.Мәсімовтің әйелінің аты-жөні – Дильярам Азатқызы Машурова. Ұйғыр халқына еңбегі сіңген белгілі қайраткердің қызы.
К.Мәсімов пен Д.Машурованың бір ұл, екі қызы бар: Ескендір, Тамилла және Сара. Тамилла Сингапурда оқыған. Жұрттың айтуынша, отбасын құрып, одан ажырасып та үлгерген деседі. «Алдыңғы арба қайда жүрсе…» деген тәмсіл әкесіне жақпаса керек, екінші қызға «жүз жылдық күйеубала» іздепті. Жоғарғы тап өкілдері арада «жорға» жүретін құда әрі өздеріне сай күйеубала тапқысы келетіні белгілі. Оның үстіне мұндай құдалықтың махаббат, ғашықтық деген романтикадан ада болатыны, құдалықтың стратегияға құрылатыны құпия болмаса керек.
Біздің елде мұндай «күйеубаланың» тағдыры немен аяқталатынын көпшілік біледі, содан болса керек, «бас чекистпен» құдаласуға ешкімнің дәті жетпеген сыңайлы. Есесіне, Есілдің сол жағалауында «Мәсімов күйеубала іздеп жүр» деген гу-гу желдей ескен бір кездері…
Кәрім Мәсімовтің шығыс жекпе-жегі мен йогадан басқа, триатлон деген спорт түрімен де айналысқанын құлағыңыз шалған болар. 2016 жылы Мәсімов Қазақстан триатлон федерациясының президенті болып сайланды. Бірақ мұнда көп аялдаған жоқ, 2020 жылы оны ERG тобының бас атқарушы директорының орынбасары – Бақылау кеңесінің төрағасы Алдияр Қазтаев ауыстырды. «Ол тұста ҰҚК төрағасы әрі жекпе-жек ассоциациясын басқарған Мәсімовтің қолы тимеген шығар» деп қоя салуға да болар еді, бірақ бұл ауыс-түйістің мәні тереңде жатқан көрінеді.
Алдияр Асланұлы Қазтаев туралы дерек көп емес. Оның 1979 жылы туғаны, «Қайнар» университетін халықаралық экономикалық байланыс мамандығы бойынша бітіргені ғана белгілі.
Қазтаев өзі мәртебелі күйеубала екен. Ол бұрынғы Ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджановтың қызын алған. Мұхамеджановтың кім екені, анығында кім болғаны белгілі. Ол аса жауапты мемлекеттік қызметтер атқарды және «еуразиялық үштікпен» тонның ішкі бауындай араласты. Осы достықты күйеубаласы бұрынғыдан де бекіте түскені анық.
Алдияр Қазтаевтың ер жеткен екі ұлы бар екен. Ашық ақпарат көздерінен білгеніміздей, олардың есімі – Әлижан мен Әміржан. Ал енді Қазтаевтың Мәсімовпен қандай байланысы бар?
Тұрақты оқырмандарымыздың айтуына қарағанда, Мәсімов кенже қызы Сараны Қазтаевтың ұлдарының біріне ұзатпақ болып, келісім жасасып қойған.
Кіммен кім құда болмай жатыр, «құдалардың» жеке өмірінде шаруамыз жоқ. Бірақ осындай «құдалықтардан» Қазақстан аз зардап шекпегені белгілі. Сондықтан да «бірақ…» дегенді айтуға мәжбүрміз. Алдымен көзге көрініп тұрған жайттардан бастайық.
«Еуразиялық топ» бірнеше жылдан бері «Salem social Media» деп аталатын әлдебір түсініксіз медиа ресурсқа миллиондаған доллар салған. Бұл медиа жобаны экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа «билікке көмектеседі, сайлау науқандарын насихаттайды, ақпараттық алаңды толтырады» деп таныстырғаны туралы айтсақ, тым арыға кетеміз. Сондықтан «Salem social Media» жобасын «еуразиялықтардың» ештеңеге жарытып пайдалана алмағанын айтсақ та жеткілікті болар.
Елімізде «Алаш медиа групп» деп аталатын тағы бір холдинг бар. Холдингті мұндаға дейін сауатты медиа-менеджер Батыр Қазыбаев басқарды. Өкінішке қарай, ол жуырда ауыр науқастан көз жұмды.
Бұл холдинг пен Қазақстандағы бірнеше БАҚ де-факто Кәрім Мәсімовке тиесілі екені белгілі. Бұлардың қатарында «Тенгриньюс» ақпараттық порталы мен «7 канал» телеарнасы да бар. Соңғы уақытта көзі қарақты кейбір сарапшылар «Еуразиялық топ» пен Мәсімовтің медиа активтері арасындағы әлдебір «туыстықты» байқап жүр.
Бұл күдік өткен жылы расқа айналғандай болды. ERG-ге тиесілі павлодарлық «Ирбис» телеарнасын басқарған медиа менеджерлердің бірі «7 каналдың» басшылығына келді.
Сөзіміз құрғақ болмасын деп, әрі журналистиканың объективтілік принципіне сүйеніп Nege.kz редакциясының атынан ERG-ге ресми сауал жолдағанбыз. Төменде ресми сауалдың мәтінін жариялап отырмыз.
«ERG компаниясының 40%-ы мемлекетке тиесілі екенін ескерсек, Қазақстанның салық төлеушілері компания жұмысындағы өзгерістерді біліп отыруға құқылы. Сол себепті Nege.kz редакциясының қояр бірнеше сауалы бар. Редакция дайындап жатқан материал берілген жауапқа байланысты болмақ.
1. Алдияр Қазтаевтың «Еуразиялық топтың» Бақылау кеңесі төрағалығынан кеткені туралы ақпарат тарады. Бұл қаншалықты рас? Егер рас болса, себебі қандай? Жалған болса, мұндай ақпараттық шығуына не себеп болды деп ойлайсыздар?
2. Қазтаевтың жуырда ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы – «мемлекетке опасыздық жасады» деген айыппен қазір қамауда отырған Кәрім Мәсімовпен туыстық қарым-қатынас орнатқаны рас па?
3. «Соңғы бірнеше жылда ERG өзінің еншілес құрылымы «Salem social Media» жобасына 250 млн доллар салды» деген дерек қолымызда бар. Шығын өзін ақтады ма, қаржы қайтты ма? Бұл қаржы қандай негізде бөлінді: капитал салу түрінде ме, әлде инвестиция түрінде ме? Бұл шығындар негізгі акционер – мемлекеттік органдармен келісілді ме? Қандай мемлекеттік шенеунік құжатқа қол қойды?
4. Кәрім Мәсімовке де-факто тиесілі «7 канал» телеарнасын сатып алу қалай жүргізілді? Бұл жоба бойынша «еуразиялық топтың» қандай жоспарлары бар?
5. Редакциямызда «7 каналдың» қаржылық қиындыққа тап болғаны, қызметкерлерінің жалақысы кешігіп жатқаны туралы ақпарат бар. Бұл немен байланысты?
6. Тағы бір еншілес құрылымдарыңыз «BTS Digital» ЖШС ресейлік Сбер жобасы бойынша келісім жоспарлағаны, ол келісімнің іске аспай қалғаны белгілі. Бұл компанияның ендігі жоспары қандай? Енді немен айналысады?
7. Бұл компанияның жасап шығарған ІТ-өнімдері тиімсіз болып шыққаны, нарықта танымалдыққа ие бола алмағаны белгілі. Еуразиялық топтың бұл салаға қаржы салғаны қаншалықты тиімді болды?».
Міне, біздің осындай нақты сұрақтарымызға егжей-тегжейлі жауап берудің орнына төмендегідей шолақ «жауап» жолдапты:
«Қайырлы күн! Біздің компанияның қызметіне қызығушылық танытқаныңыз үшін алғыс білдіреміз. Сіз жолдаған сұраныс хаттағы ақпарат шындыққа жанаспайды. Қазақстан заңнамаларында біле тұра, жалған ақпаратты қасақана БАҚ арқылы таратқандарға жауапкершілік барын естеріңізге саламыз».
Дегенмен де ERG-мен арамыздағы байланыста біршама ілгерілеу бар екенін айтуға тиіспіз. Бұған дейінгі сауалдарымыздың бәрін «еуразиялықтар» құлақ тұсынан өткізіп жіберген, бұл жолы осылай деп жауап қатты.
Компанияның сайтында «Этикалық қағидаттар» дейтін бөлімі бар екен. Ондағы «ERG-дің корпоративтік тәртіп кодексінде» іскерлік этика мен кәсіпқойлықтың аса жоғары стандарттары туралы сөз болады. Бірақ мұнысы сөз жүзінде ғана болса керек, өйткені біздің жағдайымызда іскерлік этика мен «БАҚ туралы» заң әдірем қалды.
Қысқасы, біз осы компанияға, К.Мәсімовтің қылмыстық ісіне және «су бетіне қалқып шыққан» басқа да қызықты персонаждарға қатысты дәлелді ақпаратты жүйелі түрде жариялап отыратын боламыз. Әрине, заңның аясында ғана.
40%-ы мемлекетке, яғни Қазақстан азаматтарына тиесілі компания қаржыны не себепті тиімсіз жұмсап жатқаны қоғам үшін де қызықты болса керек. Мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған адаммен ERG басшылығының әр саладағы «құда-жегжаттығын» ескерсеңіз, сауалдың салмағы артып, Қазтаевқа, Машкевич пен Шодиевке және Ибрагимовке қойылар сауал көбейеді. Ал біз бұл сауалдарға жауап іздеуге міндеттіміз.
Бұдан бөлек, «ERG мемлекетке салықты қалай және қанша төлейді? Кіріс қалай бөлінеді? Акционерлерге дивиденд қалай төленеді? Өндірістен бөлек шығындар акционерлер арасында қалай есептеледі? Бұл мырзаларға құқық қорғау органдарының қояр сауалдары бар ма?» деген сүбелі сұрақтар да жауапқа сұранып-ақ тұр.
Өйткені Сіз бен біздің бұл сұрақтарға жауап алуға толық құқығымыз бар. Ал олар өз іс-әрекетіне жауап беруге міндетті.