Ленд-лиз заңы: Гитлердің көзін жойған заңның, Путинді құртуға шамас жете ме?

0

АҚШ президенті Джо Байден Украинаға және қажет болған жағдайда Шығыс Еуропа елдеріне 2022-2023 жылдары қару-жарақ жеткізу процесін жеңілдететін демократиялық қорғанысты несиелендіру-жалға алу актісіне қол қойды.

Құжат мәтінінде бұл аталған елдердің қорғанысын нығайтуға және олардың бейбіт тұрғындарын Ресейдің ықтимал басып кіруінен немесе жалғасып жатқан агрессиясынан қорғауға көмектесу үшін жасалып жатқаны аталып өткен.

Яғни құжат Украинаға және қажет болған жағдайда Шығыс Еуропа елдеріне 2022-2023 жылдары қару-жарақ жеткізу процесін жеңілдетеді. Заң Америка Құрама Штаттарының президентіне ұзақ бюрократиялық процедураларсыз, АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігі мүдделеріне сай келетін болса, Украинаға қорғаныс әскери техникасын жеткізу және жалға беру туралы шешім қабылдауға қосымша өкілеттік береді. Сонымен қатар, Украина америкалық жабдық пен қару-жарақ жеткізгені үшін алдын ала төлем жасамайды. Оған қарызды болашақ уақытқа төлеуге қалдыру мүмкіндігі беріледі.

Бұған дейін заң жобасы АҚШ конгресінде екіжақты қолдауға ие болған еді. Сенат оны 7 сәуірде, ал Өкілдер палатасы 28 сәуірде басым көпшілік дауыспен қолдап дауыс берді.

Конгресс сол кезде «Несие беру-жалға алу туралы заң Украина үшін болып жатқан ойын ережесін өзгертеді және ол Ресей агрессиясына қарсы күресте Украинаға жылдам әрі ауқымды көмек көрсету үшін жол ашады» деп мәлімдеді.

Бұл АҚШ тарихындағы екінші ленд-лиз. Бірінші рет бұл заң екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қолданылып, фашистік Германияны талқандауда маңызды рөл атқарған. Ол 1941 жылы наурызда президент Франклин Делано Рузвельттің бастамасымен Ұлыбританияға Гитлермен күресуге көмектесу үшін қабылданды. Ал 1941 жылдың қазан айынан бастап АҚШ «ленд-лиз» заңы бойынша Кеңес Одағына көмек көрсете бастады.