Этчисон еліне кетіп, Боннер бізде қалады

0

«Теңізшевройл» компаниясында кадрлық өзгерістер болды. Кәсіпорынның басшылық құрамындағы өзгерістер Алматыда өткен дәстүрлі БАҚ өкілдерімен кездесуде айтылды.   
Осыған дейін «Теңізшевройл» ЖШС-нің бас директоры қызметін атқарған, «Шеврон» компаниясында 38 жылдық еңбек өтілі бар Тед Эт­чисон зейнет де­ма­лысына шығатын болды. Әңгіме басында дәстүрлі кездесу деп бекерге айтып отыр­ған жоқпыз. «Теңізшевройл» компа­ниясы басшылығы жылына екі рет Атыраудан Алматыға арнайы келіп, компанияның бүкіл тыныс-тірші­лігімен журналистерді хабардар етуді әдетке ай­налдырған. БАҚ өкілдерін компанияның жұмысымен ха­бардар ету – бүкіл Қазақстан хал­қы алдында есеп беру деп қабыл­дай­тынын осыдан-ақ аңғаруға болады. Әр журналиспен біраздан бері көрмеген бауырымен кездес­кендей құшақ жая, қуана амандасып, хал сұраса­тын Тед мырза енді еліне қайтады. Ол Ин­до­незия, Нигерия, Қазақстан және АҚШ-тың түрлі бизнес бөлімшелерінде жобалау, өндіріс, басқару салаларында әр алуан басшылық қызметтерді абыроймен атқарды.
– Жұбайым Сюзан екеуіміз үшін ша­мамен 8 жылдай Алматы мен Атырауда жұмыс істеп, осынау тамаша елдің бір бөлшегі болу зор құрмет болды. Бірнеше жыл бойы ТШО сияқты әлемдік деңгейдегі кәсіпорынды басқарып, Қазақстан Рес­публикасының дамуына және «Теңіз­шевройлдың» тамаша қыз­меткерлерін шыңдауға үлес қос­қанымды мақтан тұ­тамын. ТШО-ның 25 жылдық мерейтойы жылы кәсіпорын тізгінін Имерге тапсыра отырып, оның басшылығымен кәсіп­орынның одан ары дами тү­сетінін сенім­мен айта аламын, – деді ол.
Тед Этчисон әдеттегідей ком­панияның жыл басынан бергі ат­қарған жұмыстарына шолу жасады. Биылғы алғашқы үш тоқ­сан­да мұнай өндіру көлемі 21,5 миллион тоннаны құрағанын айтты. Компа­нияның ерекше мән беретін бір саласы – денсаулық сақтау, өнер­кәсіп қауіпсіздігі және қор­шаған ортаны қорғау. 2000 жылдан бері ТШО қоршаған ортаға әсерді азай­туға ба­ғытталған жобаларға 3 млрд теңгеден астам қаржы бөлді. Қазіргі таңда ТШО өндірілген газдың
98 па­йыздан астамын кәдеге жа­ратуда. Жабдықтың сенімділігін арттыру шараларына жұмсалған инвес­тициялар 2000 жылдан 2018 жылдың 30 қыркүйегіне дейінгі ара­лықта зауыттар­дағы техникалық ақау саны мен алауда жос­пардан тыс және технология бо­йын­ша шарасыз жағылатын шикі не қышқыл газ көлемін 99 пайызға азайтуға мүм­кіндік берді.
Осы жылдың алғашқы үш тоқ­санында ТШО сұйытылған газ сату көлемін шамамен 1 миллион тонна­дан асырып, құрғақ газ сату көлемін 6,9 миллиард текше метр, ал күкірт сату көлемін 1,8 миллион тоннаға жеткізді.
ТШО компаниясы құрылған 25 жыл көлемінде оның елімізге тікелей қаржы төлемдері 132 миллиард доллардан астам соманы құрады. Ол жергілікті қызмет­кер­лерге төленген еңбекақы, қазақстандық тауар өндірушілер мен жабдық­таушы­лардың өнімдері мен қызметтерін сатып алуға жұмсалған қаржы, мемлекеттік кәсіпорындарға ауда­рылатын тарифтер мен төлемдер, қазақстандық серіктеске бөлінген тиісті дивидендтер, сондай-ақ мемлекеттік бюджетке аударылған салық және роялти түріндегі тө­лемдер. Тек биыл жыл басынан бері ТШО-ның Қазақстанға төлеген тікелей қаржы көлемі 7,2 мил­лиард доллардан асты. Ал қазақстандық тауарлар мен қызметтерді пайда­лануға биыл 2,5 миллиард доллар шығындаған. Оның 1,6 миллардтан астамы Келешек кеңею жобасы мен ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасы (ККЖ-ҰЕҚБЖ) аясында жұмсалды.
ТШО-ның өзгелер үлгі алатын тағы бір қыры – ұлттық кадрлар дайындауға үлкен мән беретіні. Қазіргі таңда компанияда жұмыс істейтіннің 81,8 пайызы – қа­зақ­стандық қызметкерлер. Кадрларды оқы­ту және шыңдау жөніндегі тұрақты бағ­дарламаны жүзеге асы­ру нәтижесінде жауапты басшы­лық лауазымдарға та­ғайындалған жергілікті қызметкерлер қатары артты.
Енді ТШО тізгінін қолға алған Имер Боннер жайлы бірер сөз. Ұлы­британия мен Солтүстік теңіздегі кеніште мұнайшы-инженер ретінде қызметін бастаған ол – Ұлы­бри­тания, Тайланд, Қазақстанда, сон­дай-ақ Калифорния штатының Сан-Рамон қаласындағы «Шеврон» корпора­циясының бас кеңсесінде техни­калық қызметкерден бас­шылық лауазымға дейін көтерілген. 2015 жылдан бері ТШО-ның өндіріс жөніндегі бас менеджері қызметін атқарды. Ол бұл қызметте өндіріске, бұр­ғылауға, қауіпсіздікке, ақпа­раттық тех­нологияларға, кеніш иге­руді нормативтік құқықтық қам­тамасыз етуге және мате­риалдық-техникалық жабдықтауға жа­уапты болды. Бір сөзбен айтқанда, осыған дейін өндірістік қызметтің барлық қырына бас-көз болған Боннер ханым БАҚ өкіл­дерімен емін-еркін әңгімесіне қарағанда «Теңіз­шевройл» ЖШС бас директоры қызметін де шырқ үйіріп алып кететінін аңғартты.

Гүлнар Жұмабайқызы

Дереккөз: Айқын