«Бес жылдан соң ажырасып кеттік»: Сәуле Жанпейісова алғаш рет күйеуі туралы айтты

0

Отандық танымал әнші Сәуле Жанпейісова алғаш рет отбасылық өмірі туралы сыр ақтарды. Өнер иесі күйеуі туралы бар шындықты айтып, онымен не себепті ажырасып кеткенін түсіндірді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Сәуле Жанпейісова отбасылық бақыты тек бес жылға ғана созылғанын айтты. Әншінің күйеуімен ажырасуына оның қызғаншақтығы себеп болған. «Менің өмірім өнермен байланысты. 1995 жылы менің жұлдызды шағым басталды. Халыққа кеңінен танылып, әндерім шырқала бастады. Парижге дейін барып қазақ әнін шырқадым. Ол кезде мені барлық жерге шақыратын. Абай атамыздың 150 жылдығына орай ұйымдастырылған шараның бәрінде мен болдым. Сол сәттерде күйеуім маған сырттай ғашық болған. Өнер адамы болмаса да, өнерді жақсы көрді. Солай кездестік. Бір жылдан соң бас қостық», –деді әнші.  Өнер иесі жолдасымен бірге тұрған кездерін есіне алып, жан сырын ақтарды. «Өмірге қызым келді. Үйде отырдым. Кейін қайта ән айта бастадым. Шетелге кеттім. Айлап үй көрмедім. Ер адам әйелін өз меншігі деп санайды ғой. Сыртта жүргенді қаламайды. Үйде отырғанды қалайды. Солай арада қызғаныш басталды. Сенімсіздік басталды. Ұрыс жиіледі. Менің өнерім де, өмірім де тұншыға бастады. Отбасылық бақытымыз 5 жылға созылды. 5 жылдан соң ажырасып кеттік. Күйеуім маған дейін үйленіп ажырасқан адам. Менен кейін де бір әйел алды. Бірақ қазір бұл өмірде жоқ”, – деді Жанпейісова «Менің өмірім» бағдарламасына берген сұхбатында.