Тынық мұхиты жануарлары ішінен қоқыс табылды
Global Change Biology журналында Тынық мұхиты жануарлары ішінен қоқыс, пластикалық қалдықтар табылғаны туралы мақала жарияланды.
Мұны анықтаған ғалымдар 100 тасбақаға зерттеу жасаған. Эксетер мен Плимут институттарының теңіз зертханасында жүргізілген жұмыс барысында жануарлар ішінен 800 синтетикалық бөлшек шыққан.
Бұл шындығында 20 есе көп болуы мүмкін деген де болжам бар. Қалдықтар қатарында машина дөңгелегінің бөліктері, темекі, мата, жіп тағы да өзге заттар бар.
Жалпы, Тынық мұхитында түрлі антропогенді қоқыстар мен қалдықтардан жиылған үлкен қоқыс аралы бар екені белгілі. Бірақ, бұл ақпаратқа осы күнге дейін жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбей келді.
Әлем жұртшылығы жақында анықталған тың деректер осы олқылықты жоятынына үміттенеді. Scientific Reports басылымында жарияланған мақала аралдағы пластика саны 1,8 триллион екенін көрсеткен. Бұл ғалымдар болжаған мөлшерден 16 есе көп. Ал, оның жалпы көлемі 1,6 миллион шаршы шақырымға жуықтайды. «Біз қоқыстан жиылған аралдың нақты көлемін білген кезде қатты таңғалдық»,– дейді экспедицияның бас маманы Джулия Рейссер. Ал, оның көмекшісі Боян Слат аралдың басым бөлігін пластика құрайтынын айтады.
Бір қызығы, бұл аралдың көлемі Франция мемлекетінен екі есе үлкен екені белгілі болғанда, бірнеше адам қоқыс аралын жеке мемлекет деп мойындау идеясын ұсынған еді. Олар ресми бекітілмеген мемлекеттің өз құжатын, валютасы мен маркаларын ойлап тапқан.
Дереккөз: https://massaget.kz/