Украинада үш айлық қызы мен әйелінен айырылған азамат қайғылы оқиға туралы айтып берді

0

Украинаның Одесса қаласында тағы бір отбасының мүшелері Ресейдің зымыран соққысынан қаза тапты. Қаза тапқандар арасында үш айлық сәби де бар. Әйелі мен кішкентай қызының денесін от құшағынан алып шыққан Юрий Глодан қайғылы оқиғаның қалай болғанын айтып берді, деп хабарлайды kznews.kz сайты Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Юрий Глодан қалада жарылыстардың даусы естіле бастағанда, пәтерінен дүкенге барып келу үшін әрең шыққан.

Ол өзінің көпқабатты үйіне қайтып келгенде, бомба түскен үйдің жанып жатқанын көреді. Азамат полицейлерден өртеніп жатқан үйге кірзігуін сұрайды. Пәтеріне жеткен ол әйелі мен енесінің денелерін көреді. Олар үйдің төменгі қабатын қиратқан ресейлік зымыранның соққысынан қаза тапқан.

Кейін құтқарушылар Юрийдің үш айлық қызының денесін табады. Азамат оны алғаш рет жексенбі күні үйіне оралғанда ғана көрген.

Бір әулеттің бірдей мүшесінің қазасы онсыз да екі ай соғыста көп азап көрген Украинаны дүр сілкіндірді.

Одессаның атқылауына қатысты пікір білдірген президент Владимир Зеленский бір сәт есеңгіреп қалғандай былай деген: «Кішкентай қыз Ресейге қандай қауіп төндірді? Балаларды өлтіру Ресей Федерациясының жаңа ұлттық идеясына айналған секілді».

Одессаға жасалған зымыран шабуылынан тағы бес адам қаза тапқан.

Жексенбі күні Юрий жарылыстан аман қалған заттарды жинап алып кету үшін қираған үйіне келген. Фотоальбомдар, әйелінің қант қорапшаларының жинағы мен қолжазбалар. Сонымен қоса ол кішкентай қызына алған арбасының сынықтарын да табады.

«Ол үйде қалған заттардың барлығын қоқыс секілді лақтырып тастайды. Ал мен үшін, біздің отбасымыз бен ортақ достарымыз үшін бұлар өте маңызды. Біздің ортақ достарымыз өте көп, сол себепті мұның барлығы біз үшін өте құнды болары анық», – дейді Юрий Глодан.

Юрийдің әйелі Валериямен отасқанына тоғыз жыл болған.

«Ол мейірімді еді, күлгенді ұнататын, кез келген қарапайым нәрседен қуаныш көретін, әр кез бақытты болды. Ол Одессаны қатты жақсы көрді, шынында, бұл оның сүйікті қаласы еді. Біз әдемі қаламызға сәт сайын таңданатынбыз, әр көшесіне, әр үйіне және әдемі теңізімізге», – деп қосты азамат.

Юрий отбасынан айырылып қалғаны оған өте ауыр тигенін айтты.

«Менің әйелімнің әртүрлі адамдармен тіл табыса білуі, адамдарды түсінуі, әдемі жазуы мені таңғалдыратын. Оның қалай әдемі жазатынын айтып жеткізудің өзі қиын. Керемет ана да бола білді… Енді ондай адамды кезіктіруім екіталай. Ондай адамды құдай бір-ақ рет жаратады», – деді ол.

Зымыран соққысынан қаза тапқан Кира соғыс басталардан екі ай бұрын дүниеге келген.

Арада бірнеше апта өткен соң Валерия өзінің әлеуметтік желілеріндегі парақшада баласы дүниеге келген соң «бақыттың жаңа деңгейіне» жеткені туралы жазған.

«Бұл ең бақытты 40 апта болды. Біздің қызымыздың өмірге келгеніне бір ай. Әкесі алғашқы гүлдерін сыйлады», – деп жазған ол.

Юрий әйелі жіберген кішкентай Кираның алғашқы суреттерін көрсетті.

«Мен әйелімнің жанында болдым, біздің қызымыз өмірге келгенде мен қатты қуандым және енді қызымыздың жоқ екенін қабылдауым өте қиын. Әйлім де, енем де… Мен үшін бүкіл әлем өліп қалғандай әсерде. Оны өлтірген ресейлік зымыран. Өкінішке орай, мұндай қайғыны жұтып отырған жалғыз мен ғана емес», – деді ол.

Юрий оның ойран болған отбасы туралы бүкіл әлемнің білгенін қалайды.

«Бұл бүкіл Украинаның ортақ қайғысы. Одессаның қайғысы. Бұл адам өмірін бірінші орынға қоятын өркениетті дәуірдің қайғысы. Өйткені, XXI ғасырда адамдар арасында қарым-қатынастың, мәдениет пен өркениеттің дамыған кезеңінде ешбір мемлекет өзге елге басып кіріп, адамдарын өлтіріп, жойып жіберуге талпынуы нағыз жауыздық», – деп түйіндеді азамат.

Сұхбат аяқталып, қайтып бара жатқан журналистерге Юрий үйден алып шыққан аз ғана заттарының арасынан жаялықты алып береді.

«Маған енді бұл қажет емес. Бұл балалар үшін. Қайырымдылық қорына апарып беріңіздер», — дейді ол.