Алматыда жазушы Зейнолла Сәніктің қос кітабының тұсаукесері өтті
Бүгін, 15 сәуір күні Алматы қаласы, Ұлттық кітапхананың Н.Дәулетов атындағы залында этнограф, жазушы Зейнолла Сәніктің «Халық мұрасының жанашыры» және «Дәнекер тұлға» атты қос кітабының тұсаукесері өтті. Іс-шараны Зейнолла Сәнік атындағы Мәдениет қоры танымал қаламгердің туған күніне орай ұйымдастырды.
Іс-шара екі бөлімнен тұрды. Алғашқы бөлімде – Зейнолла Сәніктің жары, жазушы атындағы Мәдениет қорының президенті Шамшабану Хамзақызы, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжан, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Шығыстану институтының директоры Дүкен Мәсімханұлы құттықтау сөз сөйледі. Ал екінші бөлімі — ғылыми-тәжірибелік конференция форматында өтті. Мұнда әдебиеттанушылар мен жазушының шығармашылығын зерттеп жүрген магистранттар баяндама жасады. Кешті журналист Жарқын Сәленұлы жүргізді.
«Халық мұрасының жанашыры» кітабы – жазушы туралы ғылыми ой-тұжырымдар мен қорытындылардан құралған. Авторы — фольклортанушы Дүйсенгүл Жаһан. Мұнда Зейнолла Сәніктің этнографиялық-фольклорлық мұрасы жүйелі түрде талданған. Соның ішінде Қытайдағы қандастарымыз туралы ақпараттардың жиналуы мен зерттелуі, жариялануы мен талдануы жөнінде ғылыми-танымдық тұрғыдан қарастырылады.
Ал «Дәнекер тұлға» еңбегінде жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған естеліктер мен зерттеу мақалалар жарияланған. Бұдан бөлек Зейнолла Сәніктің естеліктерін беру арқылы шетелдегі қазақ әдебиеті мен тарихи тұлғалары туралы басқа жерде жарияланбаған тың ақпараттар айтылады.
Айта кетейік, іс-шараға Нұр-Сұлтан, Алматы, Семей, Ақтөбе, Шымкент, Қызылорда, Талдықорған және тағы еліміздің басқа да қалаларынан әдебиеттанушылар мен фольклортанушылар, әдебиет және ғылыми институттардың басшылары мен қызметкерлері, мұғалімдер мен оқушылар, профессорлар мен жас ғалымдар қатысты. Олардың біразы жазушының шығармашылығы туралы сөз сөйлеп, оқырман қауымға Зейнолла Сәніктің тұлғалық болмысы мен еңбегін танытты.