«77 жасқа келсем де, сәлем саламын»: Тоқсаннан асқан енесіне ерекше құрмет көрсететін шымкенттік әжей жайлы не білеміз (фото)
Шымкент қаласының тұрғыны Зейнеп Мусиқызы тоғыз перзентті дүниеге әкеліп, өмірлік жарымен бірге 36 немере, 19 шөбере сүйіп отырған ақ жаулықты әже. 77 жастағы әжей әлі күнге дейін ширақ қимылдайды. Сондай-ақ жасы тоқсаннан асып кеткен қайын енесіне көрген сайын сәлем салып, келіндік міндетін атқарудан жалыққан емес.
KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берген Зейнеп әжей өмір жолына көз жүгіртіп, қазіргі жастарға бата-тілегін арнап, ақыл-кеңесін бөлісті. Зейнеп Мусиқызы 1945 жылы 8 наурызда Өзбекстанның Қоқан қаласында дүниеге келген. 18 жасында келін атанған. «Өмірлік жарыммен отау құрғаныма 59 жыл болды, шүкір, қуаныш пен қиындықта бірге келеміз. Бала-шағамыз үйленгенімізге 50 жыл толғанда «Алтын тойымызды» дүркіретіп жасап берді. Жас жұбайлар секілді төрге шығып, қайтадан неке қидырдық. Сол кездің өзінде қайын жұртымды аралап, сәлем беріп, хал-жағдайларын сұрап жүрдім. Айтпақшы, бізге күйеу жолдас, қыз жолдас атануға замандастарым мен қайын сіңлілерім таласып, бір күліп алғанбыз. Тоғыз перзент сүйдік, қазір төрт ұл, төрт қызым дін-аман, сансыз шүкір», — дейді әжей. Зейнеп әжей 77 жасқа келсе де, қайын жұртына барса, ешқашан төрге шықпағанын айтады. «Қара шаңыраққа барсам, ешқашан төрге шықпаймын.
Жасы тоқсаннан асқан қайын енем бар, күнде хабарласып, жағдайын сұрап тұрамын. Өзі қажылыққа барған. Бұрынғының адамдарында жеке төлқұжат болмағандықтан, енемнің нақты жасы нешеде екенін білмейміз. Тоқсаннан асып кеткені анық. Мен алғаш келін боп түскенде енем маған алаша да қақтырмайтын. Үстіме шаң тиетінін ойлап, бәйек болатын. Арасында аяқ созып, демалып алуды да жиі ескертетін. Құдайға шүкір, қайын енем де, қайын ағам да ортамызда. Екеуіне әлі күнге дейін сәлем саламын. Келіндерім де менен көргенін қайталап, сәлемін үзбейді. Сәлем еткеннен кішірейіп қалған ешкімді де көрмедім.
Қазақтың дәстүріне сай, қайын сіңлілерімнің атын атамаймын. Тұңғыш қызым ата-әжесінің бауырында өскендіктен, әлі күнге дейін оның да атын атаған емеспін. Күйеуімнің атын да ауызға алып көрмеппін. Қазір қасиетті Рамазан айында бәріміз ауыз бекітіп жатырмыз. Жыл сайын сәресіне ерте оянып, өз туыстарым мен қайын сіңлілеріме, ұл-қыздарыма телефон шалып, тұрғызамын. Бәрін оятып болған соң ғана сәресін ішуге отырамын», — дейді әжей. Зейнеп Мусиқызы жарымен бірге. Фото: жеке мұрағат Зейнеп әжей сұхбат барысына жас келіндер мен енелерге де өз ақылын айтты. Әжейдің сөзінше, қысқа ғұмырда сыйласып өту керек. «Келіндер сәлемін үзбесе екен.
Сәлем салу күйеуіңнің амандығын тілегеніңді білдіреді. Ата-ене мен қайын жұртты қадірлеу керек, жолдасыңды сыйлап, ұрпағыңды білімді етіп тәрбиелеуге тырысқан жөн. Анасының адал сүтін еміп өскен иманды ұрпақ бәрімізге де керек. Бұл жерде ең алдымен ананың тәрбиесі ерекше екенін ұмытпаңдар. Келін өзі барған әулетті өсіретін тұлға.
Сол әулеттің аруағына дейін сыйлау қажет. «Шешесін көріп, қызын ал», дейтін бұрын. Келін алғанда шыққан тегіне, тәрбиесіне, отбасына қарайтын. Қазіргі жастар өздері танысып, үйленеді ғой. Бірақ интернет арқылы танысып, шаңырақ көтергенге қарсымын өзім.
Адамды танып, білу керек. Отбасылық өмір тек қана үйлену тоймен өлшенбейтінін, алда түрлі сынақтар болатынын естен шығармау керек. Ал келінді әулетке тұрақтандырып, жол көрсететін жан – ене. Келіннің қадамы нық болып, шаңыраққа сіңісіп кетуі үшін ененің үлкен қамқорлығы қажет. Осыны ұмытпаңдар, айналайындар», — дейді Зейнеп Мусиқызы.