Айгүл Жұмаділ: 30 жыл еңбек өтілі бар мұғалімдердің білімін анықтау тесті дегеннің өзі күлкілі
Азаматша Айгүл Жұмаділ мұғалімдерді аттестациядан өткізуге байланысты өзінің жеке пікірі мен ойын Facebook парақшасында бөлісті.
«Мұғалімдердің біліктілігін тексеру немесе аттестациялау туралы ойымды айтқым келіп тұр.
Осы шешімі жоқ не жұмбақ өзі?
15 жыл, 20 жыл, 25 жыл тіпті, 30 жыл еңбек өтілі бар мұғалімдердің білімін анықтау тесті дегеннің өзі күлкілі емес пе? Сонда осыншама жыл мектепте білім беріп жүрген мұғалім білгенін ұмытып қалды ма, ұмытпады ма соны анықтай ма? Егер шынымен ұмытып қалуы мүмкін болса, онда ол мұғалімнің білімін емес денсаулығын тексеру керек шығар?!
Айналайындар-ау, теректі өсіру үшін оның жапырағына су құймаймыз ғой. Тамырдан бастасаңдаршы, тамырдан!
Ол дегеніңіз, педагогикалық оқу орындарына қабылдауда міндетті түрде білімін, сонымен бірге мұғалімдікке қабілеттілігін де тексеру керек. Содан кейін 4 жыл бойы практикамен ұштастыра отырып, мұғалімдіктің қыр-сырын әбден меңгерту керек. Практиканың пайыздық үлесі кемінде 60/40 % , минимум 70/30 % қатынаста болуы керек. Сол төрт жылда білімі толық бола тұра ұстаздық қабілеті төмен болса, білімді үйрету, меңгерту қабілеті нашар болса, ол студентке педагогтік диплом берілмеу керек. Енді, диплом алып мектепке келген жас маман мұғалімдікке қабілетті болса, бес-ақ жылда жақсы маман болып шығады! Егер осы уақыт ішінде өзін жақсы маман ретінде көрсете алмаса, оқушымен, ата-анамен, ұжыммен жақсы қарым-қатынас орната алмаса, өзінің бар қарым-қабілетін пайдалана алмаса, онда ол маманмен де қоштасуға тура келеді! Өйткені, ол мұғалімнің қолында бала тағдыры, адам тағдыры, ұлт тағдыры тұр! Ұлт тағдыры тұрған жерде көңілшектікке, кешірімділікке, мәймөңкеге салу — тікелей ұлтқа жасалатын қиянат! Нағыз білікті маманды көре білу, тани білу мектеп басшыларының көрегендігіне және әділеттілігіне байланысты болмақ. Сондықтан ұжымда өз «любимчиктері» пайда болып, бармақ басты, көз қысты жағдайлар орын алмауы үшін әр 4 жылда, максимум 5 жылда мектеп директорлары ротацияланып тұруы керек. Ротацияға түскен басшының бүкіл командасымен көшіп-қонбауы қатаң тексерілуі керек.
Ары қарай, бұл сынақтан да жақсы өткен маман ешкімнің сүйрелеуін де, ешкімнің жетегін де қажет етпей алға қарай қарыштап қадам басып, жақсы шәкірттерді тәрбиелей алады деп ойлаймын. Жыл өткен сайын білімі де, тәжірибесі де, ақыл-парасаты да толыспақ. Ондай болса, бәленбай миллиондаған ақша шашып, бәленбай жыл жұмыс істетіп алып, неменеге мұғалімдерді сапасы сын көтермейтін тестілеу мен құшақ-құшақ қағаз жинатып, портфолио толтырумен алыстырып қойдық?
Мұғалім біліктілік санатын мұғалімнің еңбек өтіліне қарай анықтау жеткілікті емес пе?!
5 жыл өтілі бар мұғалім — жас маман
6-10 жыл — педагог-модератор
15 жыл — педагог-сарапшы
20 жыл — педагог-зерттеуші
25 жыл — педагог-шебер
30 жылдық еңбек өтілмен зейнетке шығару керек. 30 жылда кез-келген мұғалім өзін сарқып, берерін беріп болады — білімін де, қажыр-қайратын да, денсаулығын да, жүйкесін де. Қалған өмірінде ұстаз деп ұлықтауға да, бейнетінің зейнетін көруге де лайықты деп ойлаймын!
Бұл менің азаматтық жеке пікірім…»
АЙГҮЛ ЖҰМАДІЛ
(Фото ашық ақпарат көздерінен)