ҚАРИЯЛАРҒА КӨРСЕТІЛГЕН ҚҰРМЕТ | «Айқын» газеті
Партиялықтар игі іс аясында қарияларға, көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсетуде. «Жас Отан» ЖҚ Ақтөбе облыстық филиалы зейнеткер Ұмсынай Ибрашеваның үй жұмысына жәрдемдесті.
Жастардың бірі жиһаздардың шаңын сүртсе, екіншісі еденін жуып берді. Бұл 82 жастағы жалғызбасты әжеге үлкен көмек болды. Ол жасотандықтарға өмір жолын әңгімелеп, ақыл-кеңесін айтты.
– Орал қаласының тумасымын. Үш ағайынды едік. Інім қайтыс болды. Әпкемнің соңынан еріп, Ақтөбеге келдім. Біраз жыл тігінші болып жұмыс істедім. Жолдасым екеуміз бір ұл тәрбиелеп өсірдік. Алайда балам жазатайым суға кетіп қайтыс болды. Соның күйігінен жолдасымның миына қан құйылып, көз жұмды. Қазір жалғыз қалдым. Қарттық әркімнің де басына түседі, осылай қарияларға қамқор болыңдар, – деді ол.
Жасотандықтар әжейге жиі келіп тұрады. Ал партияның қалалық филиалы оны тұрақты қамқорлығына алған.
Ұмсынай Ибрашева жазда пәтерін жөндеуге «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалынан көмек сұрапты. Ең бірінші болып Ақтөбе қалалық мәслихаттағы партия фракциясының мүшелері қол ұшын созған. Олар азық-түлік әкеліп берсе, «Трансэнерго» АҚ барлық коммуналдық қарыздарын жапты. Содан кейін депутаттар қаржы жинап, пәтерін жөндеп берді.
– Пәтерім 20 жыл бойы жөндеу көрмеген болатын. Бірде «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалынан көмек сұрадым. Бір айдың ішінде пәтерім адам танымастай өзгеріп шықты. Партиялықтарға ризашылығым шексіз, –дейді әжей.
Ақтөбелік партиялықтар ұйымдастырған акция бүгін Шалқар ауданында да жалғасын тапты. Партияның Шалқар аудандық филиалы бұл жолы көпбалалы Алдановтар отбасына көмек ұйымдастырған.
Әйгерім мен Мақсат қайтыс болған туыстарының 5 баласын қамқорлығына алған екен. Өздерінің 3 баласымен бірге 8 бала тәрбиелеп отыр. Балалардың алды – студент, ал кішісі балабақшаға барып жүр.
Отағасы Мақсаттың тұрақты жұмысы жоқ. Әйгерім аудандық жұмыспен қамту орталығында жұмыс істейді екен. Ол – белсенді партия мүшесі. Әлеуметтік сала қызметкерлері күні қарсаңында партия бастамаларын жүзеге асыруға үлес қосқаны үшін алғысхатпен марапатталған.
– Біз аудандағы мүмкіндігі шектеулі жандарға, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға «Мейірімді жүрекпен» акциясы аясында көмек ұйымдастырып келеміз. Оның ішінде Алдановтар отбасы да бар.
Бұл отбасы 2014 жылы партияның қолдауымен үйлі болды. Студент балалары «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша уақытша жұмысқа орналастырылды, – деді партияның аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жарылқасын Шамбалаев.
Алтынай САҒЫНДЫҚ, Ақтөбе облысы,
Дереккөз: Айқын