Францияда зардап шеккендер арасында қазақстандықтар бар-жоғы анықталып жатыр
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Страсбургтегі атыста қаза тапқандар мен жараланғандар арасында Қазақстан азаматтарының бар-жоғын анықтап жатқанын хабарлады. Министрлік Telegram-каналында қазір Франциядағы қазақстандық дипломаттар жергілікті құқық қорғау органдарымен байланыс ұстап отырғанын айтады.
Желтоқсанның 11-і күні кешке Францияның шығысындағы Страсбург қаласында қарулы адам тұрғындарға оқ атып, үш адам өлген. 12 адам жараланған. Франция ішкі істер министрінің хабарлауынша, оқиға қала орталығындағы Рождество мерекесіне арналған сауда орнында болған.
Полиция қазір күдіктіні іздеп жатыр. Құқық қорғау органдарының хабарлауынша, күдікті бұрын да қылмыс жасаған. Қауіпсіздік қызметі оның күдікті экстремистер тізімінде болғанын айтады.
Страсбургте қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары күшейтіліп, полиция тұрғындарға үйден шықпауға кеңес берді.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Франциядағы қазақстандықтарға төтенше жағдай туындаған кезде дереу елшілікке хабарласуын сұрайды.
Дереккөз: Азаттық