Миллиардтар һәм автономия: Назарбаев Университеті елден алған ақшасы үшін есеп беретін күн туа ма

0

Таяуда «Назарбаев Университеті» тағы да қоғамды «жалт қаратты»: жоғары оқу орны қызметкерлерінің бірі өз кабинетінің есігіне А4 парақта «Zа наших» деген жазба іліп қойған. Әлбетте, бәрі де Ресейдің әскери басқыншылығын ашық жақтаған «мақтабасты» сынады-ақ, ал Білім және ғылым министрлігі екі қолын төбесіне қойып, мемлекеттің ақшасына бой көтерген елдегі ең абыройлы университеттің автономды ұйым екенін және Аймағамбетов оларға әмір жүргізе алмайтынын айтқаннан ары бармады. Министр неліктен өз саласындағы кемшілікті байқамайды? Шын мәнінде жоғары оқу орнына кім жетекшілік етеді? Мемлекеттің қазынасынан ол оқу орнына қанша қаражат бөлінеді? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын Ulysmedia.kz тілшісі іздеп көрді.

Кімдер кетті?

Жалпы Украинадағы Ресейдің басқыншылық соғысын жақтайтын адам біздің елде баршылық. Назарбаев Университетінде өзгеше көзқарастағы адамдар бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын сол университеттің түлектерінің бірі әлеуметтік желіде мұғалімнің бірі оған қырындағанын жазған. Ол тұста министрлікте де, университетте де ешкім ақталып, бас ауыртқан жоқ – профессорды ым-жымсыз жұмыстан шығарып жіберді.

Универсиеттегі Марсель де Хаас атты оқытушылардың бірі 2015 жылы жұмыстан кетті. Ол БАҚ-қа студенттерге Украина туралы лекцияға оқығаны үшін қызметінен босатылғанын айтқан. ЖОО басшысы оқытушының бұл әрекетін «саяси тұрғыда ыңғайсыз» деп таныған болуы керек. Оның алдында Марсель де Хаас 2014 жылы Украинаға басып кірген Ресейдің әрекетін қатты сынап, студенттерге ол туралы айтпақ болған көрінеді. Алайда сөз бостандығы жағынан біздегі ахуал Марсельге мұндай мүмкіндікті бермесе керек.

НУ – мемлекет ішіндегі мемлекет, ешкім ешкімге тәуелді емес

Десе де қоғам тарапынан сынға тек оқытушылар іліккен емес. Мәселен, «Назарбаев Университетіндегі» басқару жүйесінің өзі өте күрделі. Шынтуайтында, бұл – «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ және «Назарбаев Қорына» қарайтын автономды білім беру ұйымы (оның не екені және қандай статусқа ие екені төменде көрсетілген). Қор төрағасы – бұрынғы білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов.

Бизнес пе әлде қорландырылған білім жүйесі

Университет пен мектептердің өз қоры бар, зерттеп қарасаңыз, олар ақшадан қысылмайтынын байқайсыз. Осы жылдың қаңтар айында OCCRP журналис-тергеушілер тобы білім беру қорларын Pioneer Capital Invest инвестициялық қоры құрғанын және сол арқылы 30 млн долларға қазақстандық «ЭкспоКредит» сатып алынғанын анықтады. Сонымен қатар Pioneer Capital өз кезегінде First Heartland Securities АҚ акцияларының бақылаушы пакеттеріне ие. Ол акционерлік қоғамның ең танымал объекті – Jusan Bank. Еске сала кетейік, аталмыш банк таяуда ғана сонау 2020 жылғы аудиттелген есебін жариялаған болатын. Сол мәліметтерге қарағанда банкирлер қаржы институтын құтқару үшін бөлген үкіметтің ақшасын сыйақы есебінде бөліп алған.

Бүгін де Pioneer Capital холдингі акцияларының бақылаушы пакеті — 67,53% Назарбаев қорына тиесілі, ал 19,62% — Назарбаев Университетінің «Әлеуметтік даму қорына», ал 12,93% «Даму қорына» «Назарбаев зияткерлік мектептеріне» тиесілі.

Журналистердің бағалауынша, Pioneer Capital активтері 7,8 млрд долларға бағаланады. Олардың арасында АҚШ қазынашылық векселі, Қырғызстан мен Қазақстанның мемлекеттік облигациялары мен 3,4 млрд доллар қолма-қол ақшасы бар. 2020 жылы қордың түсімі 500 млн доллардан асып кетті.

Осындай байлығына қарамастан «Назарбаев Университеті» мемлекеттен тұрақты түрде ақша алып келеді. Ал аталмыш оқу орнының шығындарын республикалық бюджет жауып отыр.

Мәселен, биыл жоғары оқу орны білім беру бағыты бойынша қазынадан жалпы 4,2 млрд теңге, денсаулық сақтау бағытында тағы 600 млн теңге алуы тиіс. Сондай-ақ, ЖОО-ның бастамаларының бәрін «Самұрық-Қазына» қаржыландыратындай қаулыға қол қойылуы мүмкін. Былтыр Қор «бизнестің жоғары мектебін дамытуға және халықаралық деңгейдегі жоғары білікті ғалымдарды тартуға», оның алдында- Нұр-Сұлтанда 200 төсекті ұлттық шұғыл медицина орталығын және Алматыда 350 төсекті ұлттық инфекциялық аурулар ғылыми орталығын салуға қаражат бөлген.

Бір жыл бұрын өзінің телеграм-арнасында Марат Шибұтов «Назарбаев Университетінің» шексіз шығыны азайып келе жатқанын жазған еді.

Алайда егер елдегі білім беру жүйесіне бөлінген барлық қаражатқа қарасаң, бір ғана университетке аударылған назарды оба кезіндегі ойынға ұқсатуға болады. Мәселен, білім беру жүйесіне бөлінген қаражаттың жартысы Білім және ғылым министрлігіне бағынбайтын әрі оған есеп бермейтін автономды оқу орнына аударылады. Ал онда Қазақстандағы балалардың санаулы бөлігі ғана оқитыны ескерілмейді.

«Назарбаев» грифінің жанында Қазақстанның білім беру жүйесі жетім қыздың күнін кешіп отыр. Алайда ведомствода бұған көп адам басын қатыра бермейтін секілді. Ал министр Аймағамбетов бұл мәселе жөнінде бірде-бір рет ресми ұстанымын білдірген емес.

Айтпақшы, ақшаның орасан зор тағы бір бөлігі Назарбаев Зияткерлік мектебіне аударылады. 2022 жылы ол мектептер қазынадан 16,5 млрд теңге алады.

Заң арнайы кім үшін жазылған

Ойға сыймайды, бірақ Елбасының білім беру жүйесінің бірде-бір құрылымы – Университет те, мектептер де қаржылық есебін жарияламайды, салық төлемейді. Оларға 2011 жылғы 19 қаңтардағы «Назарбаев Университеті», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» және «Назарбаев Қоры» мәртебесі туралы «ҚР арнайы заңы» мүмкіндік беріп отыр.

Депутаттардың да, министрліктегі адамдардың да НЗМ түлектерінің ҰБТ тапсырмайтыны басын қатырмайтын секілді. Яғни бұған қарағанда қарапайым мектепте оқитын бала мен НЗМ-да оқитын балалардың білімін салыстыру мүмкін емес. ҚР үкіметі ретінде құрылтайшы автономды білім беру ұйымына мүлік беруге құқылы болса да, «автономды білім беру ұйымының мүлкіне мүліктік құқығы жоқ».

Естеріңізге сала кетейік, «Назарбаев Университеті» Нұр-Сұлтанда үлкен аумақты алып жатыр, оған 400 – ден астам ғимарат, оның ішінде ғылыми зертханалар, тұрғын үйлер және соңғы үлгідегі техникамен жабдықталған медициналық орталықтар тиесілі.

Естеріңізге сала кетейік, «Назарбаев Университеті» Нұр-Сұлтанда үлкен аумақты алып жатыр, оған 400 – ден астам ғимарат, оның ішінде ғылыми зертханалар, тұрғын үйлер және соңғы үлгідегі техникамен жабдықталған медициналық орталықтар тиесілі.

Кезінде сол нысандардың бәрін «Самұрық-Қазына» арқылы мемлекет сатып алған. Күні бүгінге дейін яғни ол жерді сол қор жабдықтауы керек болған. Ал бұл жақсылық немен өтеледі?

Оқы, студент! Шетел күтіп отыр

«Біз бұл оқу орнының ең керемет ЖОО болғанын қалаймыз. ЖОО – жаңа ментальдықта көшбасшы. Қазақстандық жоғары мектептің ХХІ ғасырдағы үлгісі. Міне, университеттің іргесі осылай қаланды. Оған мен өз атымды беруге келістім», — деген еді 12 жыл бұрын Нұрсұлтан Назарбаев.

«Назарбаев Университеті» Елбасының үмітін қаншалықты ақтады, бағалау өте қиын – жоғары оқу орны бар болғаны 12 жыл істеп келеді. Оның дипломын 5 мыңнан астам адам алды. Әрине, олардың арасында ақылды мамандар бар. Сарапшылар бір рет университет түлектері нақты қай жерде жұмыс істеп жүргенін білгісі келіп, қоғамға сұрақ тастаған. Бюджеттің миллиардтарының арқасында бой көтерген ЖОО шет елде карьера қуған талай адамға көмектескені айтылады. Сонда біздің мемлекеттің қазынасынан оларды не үшін оқыттық деген сұрақ туындайды.

Он шақты жыл бұрын «Назарбаев Университеті» басқа елдердің дарынды жастарын тартатын орталыққа айналатыны айтылған. ЖОО-ның ресми ақпаратына қарағанда 2021 жылдың қыркүйегіндегі есеп бойынша университетте оқитын 6466 студенттің 163-і ғана шет елдерден келген. Бұл – бар-жоғы 2,5 пайыздық үлес.

ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2020-2021 оқу жылында Қазақстанның жоғары оқу орындарында 547,5 мың студент білім алған. Оның 29 мыңы немесе 5%-ы шетелдіктер. Салынған миллиардтарға, шетелдік оқытушылардың хантингіне және студенттерге тамаша жағдай жасалғанына қарамастан, «Назарбаев Университеті» 12 жыл бұрын Нұрсұлтан Әбішұлы ойлағандай, әлемнің түкпір-түкпірінен талапкер тартатын оқу орнына айнала алған жоқ.

Білім министрі Аймағамбетов үнсіз жүруін қойып, осы сұрақтың бәріне жауап береді деп үміттенеміз. Арнаулы заңдарға сүйеніп өмір сүрмейтін азаматтар мемлекеттің әлі күнге дейін «Назарбаев Университетіне» не үшін ақша салып жатқанын білгісі-ақ келеді. Осы сұрақ неге министрлікті емес, Ulysmedia.kz порталын алаңдатады. Жаңа стандарттарға қол жеткіземіз дегенімізбен, бюджеттен ақша шығарудың заңдастырылған әдісіне төр беріп қойған жоқпыз ба?

Автор: Асқар Дайыров