Бүркіт пен Аишаға сеніп, жиһазға тапсырыс бергендер алданып қалды

0

Танымал тұлғалар жасаған жарнама тағы да ондаған адамды сан соқтырды. Бұл жолы басы дауға іліккен Бүркіт пен Аиша. Бір топ қазақстандық жұлдызды жұп жарнамалаған жиҺаз компаниясына тапсырыс беріп, алданып қалғандарын айтты, деп хабарлайды kznews.kz сайты 31 арнаның «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап.

Айбек Жансейітовтің (Бүркіт) жарнамасын көрген 30-дан астам алматылық тұрғын жиһаз жасайтын компанияға қыруар қаражат төлеп, тапсырыс берген. Алайда, халық күткен жиһаз айтылған уақытта дайын болмаған. Келтірілген материалдық шығын 32 миллион теңге деп бағаланып отыр.

Алданып қалғандардың көбі шоу-бизнес өкілдерінің жарнамасына сеніп, «Safari Mebel» компаниясына сенім артқан. Алайда компания жиһазды уақытылы жасап бермеген. Есесіне жұлдыздарға келгенде тиянақтылық көрсеткен.

Мәселен, Бүркіттің айтуынша, компания өкілдері сапасы жоғары жиһазды уіде еткен уақытында жасап берген.

«Бір жарым жыл бұрын Instagram арқылы өтініш жасады. Тапсырысқа жиһаз жасап бере алатынын айтты. Үйге жиһаз қажет болғандықтан келістік. Бартер ретінде: олар бізге балалар бөлмесіне жиһаз жасап береді, ал біз Instagram арқылы жарнама жасап береміз. Артынша Аманжол есімді жігіт үйге келіп, бәрін өлшеп, бір айдан кейін дайын болатынын айтты», — дейді әнші Бүркіт.

Арада бірнеше ай өткен соң, өнер иесі тағы бір жиһазға тапсырыс берген. Бірақ бұл жолы екінші тарап уәдесінде тұрмапты. Арада бір жыл өтсе де, тапсырыс әлі дайын болмаған.

Сол сияқты ақшасын төлеп, жиһаздарын әлі ала ламай жүрген 30-дан аса азамат полицияға арыз жазған. Құзырлы орган өкілдерінің мәліметінше, жалпы материалдық шығын 32 миллион теңгеден асады. Қазір компания өкілі қамауға алынған.

«Исмағұлов Азамат қазір қамауға алынды. Оның қамауға алынуы ең алдымен прокуратура және сотпен санкцияланған. Қазіргі таңда тергеу басқармасының қызметкерлдері бұл азаматтың басқа да тәріздес қылмыстарға қатыстылығын тексеру үстінде», — дейді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Полиция департаментіндегілердің айтуынша, ұсталған ер адамның қылмысы дәлелденсе, мүлкі тәлкіленіп, жеті жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал маркетологтар жарнамасы жасалған кез келген қызмет пен тауар түрін жіті тексеру керектігін айтады.

«Біз бұл жерде үзілді- кесілді айта алмаймыз. Сатып алыңдар, сатып алмаңдар, блогерлерге сеніңдер, не сенбеңдер деп. Өйткені, ол жерде басқа да отзывтарды қарау керек. Маркетолог ретінде айтарым, ең бірінші қандай да бір блогер тауарды жарнамаласа сол тауар бойынша гуглдан, ютубтан, басқа да алаңдардан, эксперттерден сол тауар бойынша сұраңыздар, не болмаса қызмет бойынша», — дейді маркетолог Мақсат Сайлауов.

Яғни, шешім қабылдамас бұрын тауарға қатысты барлық ақпаратпен танысу маңызды. Және бірден ақша төлеуге асықпаған жөн, дейді маман.