Балқаш тұрғындары Қарағанды облысының құрамында қалуды сұрады
Балқаш тұрғындары Ұлытау облысына қосылғысы келмейді. Олар Қарағанды облысында қалғысы келеді. Тұрғындар осыған байланысты арнайы петиция жинаған, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
«Жезқазған қаласы Қарағанды қаласынан екі есе алыс орналасқан. Балқаш қаласының тұрғындары — денсаулығы нашар жасы егде адамдар. Олар Балқаштан Жезқазғанға дейінгі жолды көтере алмайды», — дейді тұрғындардың бірі.
Балқаш тұрғындары ұзақ уақыт бойы Қарағандыға апаратын тасжолдың құрылысы аяқталуын күтіп отыр: ол кезде облыс орталығына дейінгі жолға шамамен екі сағат кетеді. Сонымен қатар, белсенділердің айтуынша, жергілікті билік неғұрлым жақын болса, бақылау соғұрлым жақсы болады. Петицияға 10 мыңға жуық адам қол қойған. Балқаш Қарағанды облысымен біріктірілмегенге дейін Жезқазған облысына кірген болатын. Өткен аптада Мемлекет басшысы Ұлытау облысының құрылатыны туралы жариялады. Жергілікті билік петиция туралы біледі, сондай-ақ, оны әлі белгіленбеген шекараны анықтайтын адамдарға жеткізуге уәде берді.
Ал Ақадыр ауылының тұрғындары ауылға аудан орталығы мәртебесін қайтаруды сұрайды. 1997 жылы олар Шет ауданының құрамына енген. 23 мың адам тұратын ауыл мен жақын маңдағы ауылдарда қажет инфрақұрылым, теміржол торабы және жеке аудан болуға деген ниет бар.