Қандай әлеуметтік желілер Facebook-тің бәсекелестеріне айналмақ?
2020 жылдың басында әлем толықтай интернетке таңылып қалды. Пандемия кезінде адамдар қашықтықтан жұмыс істеуге, оқуға, азық-түлікке тапсырыс беруге, тіпті ғаламтордың көмегімен көңілдерін де көтеріп жатты. Әлемдегі жалпы дағдарыс адамдардың жаңалықтарға қарай бетбұруына әкелді. Мұндай өзгерістердің барлығы Reuters институтының 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында дайындаған БАҚ-ты тұтыну туралы есебінде баяндалған.
2021 жылы жағдай біршама өзгерді: адамдар әлеуметтік желілерден қажыды. Мәселен, соңғы 1,5 жылда Facebook-ті пайдаланушылардың саны да, уақыты да азайған. Ал тиісінше, ең таңғаларлық көрсеткіш TikTok-тан байқалады. Себебі платформа қолданушылардың күнделікті өткізген орташа уақыты бойынша екінші орынды иеленді. Цукербергтің жағдайы қиындай түскен сыңайлы. Reuter институтының 2021 жылғы есебінде, адамдардың жаңалықтардан жалыққанын және алдыңғы жылмен салыстырғанда ақпаратты аз тұтынатыны айтылды.
2021 жылдың қыркүйегінде журналистер компанияның кейбір ішкі құжаттарына қол жеткізіп, талдау жұмыстарын жүргізді. Расымен де Facebook-ті пайдалану уақыты қысқарған. Компания әдетте платформаларындағы белсенділікті көрсететін бірнеше шкалаларды жариялайтын. Дегенмен, өткен жылы Facebook тек платформаның жалпы деректерін, яғни Facebook, Instagram және WhatsApp қызметтерінің жиынтық статистикасын жалпылай ұсынды. Мүмкін әрқайсысының жеке көрсеткішін жариялауға Facebook платформасының батылы жетпеген болар. Бұл әлеуметтік қызметтерге (Facebook және Instagram) қызығушылықтың төмендегенінің екінші көрсеткіші болуы әбден мүмкін. Сонымен қатар, Facebook-ке қызығушылықтың төмендеуі басқа да объективті құбылыстармен байланысты болды. Мысалы, Reuters институтының 2021 жылғы есебінде, бұл әлеуметтік желі коронавирус туралы жалған жаңалықтарды жиі таратып отырған. Гарвардқа құжат тапсырушылардың ағымдағы профилін талдаған кезде, олардың 24,6% -ында Facebook аккаунты жоқ екені анықталды. Ал Қытай мен Оңтүстік Корея үшін бұл әлеуметтік желі үнемі алғашқы орында.
Facebook үшін қиын уақыт
Ең үлкен әлеуметтік платформа ұзақ уақыт бойы қиын кезеңдерді бастан өткерді. 2018 жылдан бері жалғасып келе жатқан манипуляциялық контент және Cambridge Analytica оқиғалары туралы айыптаулар пандемия кезінде өршей түсті.
2021 жылдың қыркүйек айы Цукербергтің шығармашылығы үшін нағыз қиындыққа толы уақыт болды. Беделді американдық басылымдардағы жарияланымдар сериясы, бұрынғы қызметкерлердің әшкереленуі, «компания пайданы пайдаланушыларының қауіпсіздігінен жоғары қояды» деген айыптаулар елеулі дағдарысқа әкеп соқтырды. Пайдаланушылар арасында дүрбелең, капиталдың 6 миллиард долларға төмендеуі, алты сағат әлеуметтік желінің жұмыс істемей қалуы жағдайды одан әрі қиындата түсті. Бұл сәтсіздіктен кейін басқа әлеуметтік қызметтердің көмегіне жүгінуші оқырмандардың саны еселеп артты. Мысалы, Telegram-ға 70 миллион жаңа қолданушы қосылды, Viber-те тіркелу саны бес есеге өсті. Сонымен қатар, пайдаланушылардың Snapchat қолданбасында өткізген уақыты 23%-ға көбейген көрінеді.
Әлеуметтік медиа нарығында топ жарған TikTok сервисінің жетістігі тіпті жоғары. Ал жыл басында ClubHouse әлеуметтік аудио қызметі пайдаланушылардың қызығушылығын тудырып, «от» болып, бірақ жылдам «жоқ» болды. Қазір оны трендтер қатарынан таба алмаймыз.
Оның жетістігі жаңа әлеуметтік қызметтер мен платформаларды қабылдау, контент жасау, пайдаланушылардың бір-бірімен байланыс жасап, қарым-қатынас орнатуы үшін жаңа тәсілдерді қолдануға дайын екендігінің дәлелі болды.
Фотосуреттерді бөлісуге арналған әлеуметтік желілер
Карантин қарсаңында алыстағы ағайынға бара алмай, шектеулер енгізіп, шарасыз күйде қалдық. Сол тұста фотосуреттерді бөлісуге арналған желілердің бағы жанып, танымалдылығы арта түскен көрінеді.
Мысалы, BeReal әлеуметтік желісі, фотосуреттермен бөлісу, өзара алмасу сияқты механизмдерге негізделген. Қолданба бір уақытта хабарландыру жариялайды, ал пайдаланушылар тапсырма бойынша суретке түсіп немесе түсіріп, өздеріне берілген екі минутта жариялау керек. Әлеуметтік желіні қолданушылардың басым көпшілігі оның авторлары емес, контент тұтынушылары. Басқа адамның атынан тіркеліп, аккаунт ашу заңмен қудаланады. Мұны BeReal басшылары бақылауда ұстап отырады. Жылдың алғашқы бес айында қолданбаларды жүктеп алу саны айына 9 000-нан 212 000-ға дейін өскен.
2021 жылдың тағы бір кейіпкері — «Попарацци» жобасы «анти-Instagram» атауын иеленді. Сервис қолданушыларын кішігірім папарацци болуға шақырады: достарын сыртынан суретке түсіріп, оларды ғаламторға жариялайды. Ол фотоларды ешқандай жолмен өңдеуге мүмкіндік жоқ, шынайы түрде жүктелу керек. Пайдаланушының профилі оның достары түсірген фотолардан, яғни басқа адамдар түсірген шартты антиселфилерден тұрады. Жоба шынайылықты талап етеді және соған негізделген. «Біз пайдаланушылардың тек фотосуреттерін жариялауын қаламаймыз, біз олардың көңілін басқа дүниелерге аударғымыз келді. Өмір тәтті, ұмытылмайтын естеліктерден тұрады», — деп түсіндірді жоба авторлары. Алайда желіге ұзақ уақыт сурет жүктемей қалсаңыз, сізге басқа пайдаланушылардың фотосын жариялау ұсынылады. Ал бұл жеке басқа қол сұғушылық, яғни заңға қайшы әрекет. Бірақ құрылтайшыларды бұл мәселе мүлдем алаңдатпайтын сияқты.
Ойыншыларға арналған әлеуметтік желілер
Мастодон — ең табысты әрі тәуелсіз жобалардың бірі. Интерфейсі Twitter-ге ұқсайтын Mastodon сайтына тіркелу кезінде өзіңіз үшін қажет топты немесе қауымдастықты таңдап, ондағы таңдалған тақырыптар бойынша әңгіме-дүкен құруға болады. Бұл платформадағы топтардың кейбірі барлығына ашық, ал кейбірі жабық, сондықтан топтағылар шақырған жағдайда ғана қосыла аласыз. Mastodon мәтіндік хабарламаларды (ұзындығы 140 таңбадан астам), фотосуреттер мен бейнелерді орналастыру үшін қолжетімді. Қызметтің артықшылығы — жарияланған хабарларды кім көре алады, өзіңіз белгілейсіз және барлығын бақылауда ұстайсыз.
Тағы бір жылдам дамып келе жатқан әлеуметтік қолданба — Discord. Ол пайдаланушыларға мәтіндік чаттарда, сондай-ақ дауыстық немесе бейне қоңыраулар арқылы сөйлесе алатын «серверлерді» жасауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ойын процесі кезінде достарыңызға қоңырау шалып, өз әсеріңізбен, жетістіктеріңізбен бөлісіп отыратын мүмкіндік бар. Компанияның мәліметіне сүйенсек, Discord қолданушылары ай сайын 100 миллионнан астам адамға дейін артады.
Цензурасыз және модерациясыз әлеуметтік желілер
Кейбір әлеуметтік желілер Facebook-тың табысты идеялары мен механизмдерін иемденіп, оның қателіктерін қайтамаламауға тырысып жатыр. Мәселен, Telepath әлеуметтік платформасында Facebook элементтері бар: бұл әлеуметтік желі арқылы белгілі бір тақырыптарды зерттеуге және басқа оқырмандарға жазылуға мүмкіндік береді. Екінші жағынан, ол Snapchat механизмін пайдаланады: мұнда жарияланған хабарламалар бір айдан кейін автоматты түрде жоғалады. Алайда бұл жобаның қай уақытқа дейін жұмыс істейтіні белгісіз.
MeWe, Parler және CloutHub сияқты әлеуметтік желілердің авторлары Facebook-ті қайталамауға шешім қабылдады. Мысалы, АҚШ-тағы 2020 жылғы президенттік сайлау алдында, ал 2021 жылдың басында Дональд Трампты Facebook пен Twitter-де бұғаттағаннан кейін Parler әлеуметтік желісіне жаппай тіркелу басталды.
2020 жылдың қараша айының соңына қарай жобаның аудиториясы 8 миллион қолданушыға дейін өсті, ал жоба өзін толық сөз бостандығын ұстанатын платформа ретінде көрсетті. Ал Parler-ді App Store және Google Play дүкендері бұғаттағаннан кейін MeWe әлеуметтік желісін пайдаланушылар көбейіп, оның танымалдылығы арта түсті. Тағы бір цензурасы жоқ әлеуметтік желілердің бірі — CloutHub. Оны «азаматтық және саяси белсенділерге арналған желі» деп атайды.
Жасөспірімдер арасында танымал әлеуметтік желі Yubo пайдаланушылар өз парақшасында жариялайтын контент негізінде құрылмаған. Болмаса бір адам екінші адамға жазылып, байланыс орната алмайды. Контенттерге лүпіл басып, пікір білдіре де алмайсың. Yubo-ның идеясы — виртуалды бөлмелерде сөйлесу. Бұл механик ClubHouse және Discord-тағы атмосфераға сәл ұқсас. Пайдаланушылар қызығушылығы ортақ бөлмелерді таңдау арқылы, өз контент немесе ойындарын ұсынады. 2020 жылдың соңында Yubo аудиториясы 40 миллион пайдаланушыны құрады. Ал жобаның жетістігін дәлелдейтін тағы бір көрсеткіш — пайдаланушының виртуалды бөлмеде өткізетін уақыты. 2020 жылы пандемия кезінде ол 400%-ға артқан. Қауіпсіздік мақсатында Yubo қатысушылардан жеке басына қатысты ақпаратты талап етеді, жасын анықтайды.
Likee – жасөспірімдер мен бастауыш сынып оқушылары белсенді түрде уақыт өткізетін әлеуметтік желі немесе балалар ересектерсіз сөйлесе алатын жоба. Әлеуметтік желінің механикасы TikTok-қа ұқсайды: пайдаланушылар музыкамен қысқа бейнелер жасап, оларды жариялай алады, дуэттер мен хэштег челлендж де осында танымал. Сервистің негізгі аудиториясы — Instagram желісіндегі ұзақ мәтіндер мен жарнамалардан шаршаған және ойын-сауық пен көңіл көтеруді қалайтын жасөспірімдер мен студенттер.
Nextdoor — бір ауданның тұрғындарын бір әлеуметтік желіде біріктіретін жоба. Бұл сайтта тіркелу үшін қолданушының аты-жөні мен мекенжайы керек. Жоба авторлары ойлағандай, бұл қызмет жақын жерде тұратын және оның көмегімен әртүрлі өзекті мәселелерді шеше алатын адамдарға қажет. Мысалы, Nextdoor көмегімен жергілікті бизнес бастаманы жарнамалай аласыз немесе қандай да бір әлеуметтік жәрдемақы, қайырымдылық үшін көршілеріңізді жинай аласыз.
Әлеуметтік медиа нарығының болашағы
Әлеуметтік қызметтер сегментіндегі Facebook триумвиратының сөзсіз үстемдігіне қарамастан, нарықта бәсекелестікке қабілетті жаңа ойыншыларды байқауға болады. Оның үстіне TikTok пен ClubHouse табыстары, сондай-ақ аудиторияның танымал жобаларға деген қызығушылығы Цукерберг компаниясын басып озатын платформалардың бар екенін дәлелдейді. Алайда әлемде әлеуметтік желілердің саны шектеулі болуы тиіс. Бүгінде адам күніне шамамен сегіз сағатын желіде өткізеді, ал оның алты сағатын ол негізінен Instagram, TikTok немесе Facebook сияқты әлеуметтік желілерге арнайды. Қазір Қытай, Ресей, Америка, Солтүстік Корея сияқты алып мемлекеттер күн сайын жаңа әлеуметтік желі, мобильді қосымша, жаңа платформалар жасап жатыр. Әсіресе, Facebook-те жиі орын алатын мәселер осы өзгерістерге түрткі болуы әбден мүмкін. Себебі әр компания Facebook-ті басып озатындай дүние жасамаса да, оған бәсекелес бола алатын жобаларды дайындауды көздейді.
(фото ашық ақпарат көздерінен алынды)