«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының міндеті

0

Бәріміз білетіндей, биыл жазда елімізде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы іске қосылады. Негізі былтыр қаланған осынау жобаны Мемлекет басшысы кешегі халыққа арнаған Жолдауында ерекше атап өткен болатын. Елбасының атап өтетіндейі де бар, ақпараттық технологиялардың қарыштап дамып бара жатқан мына заманында IT саласын дамытпасақ, дамыған 30 елдің қатарынан көріну бізге жай арман боп қалары анық. Өйткені, өркениетті елдердің барлығы осы сандық жүйеге көшіп, өнеркәсібінің дамуын және халқының әл-ауқатын жылдан-жылға жақсартып келеді.

Президенттің соңғы жолдауының ерекшелігі сол, мұнда Қазақстанда биыл үшінші жаңғырудың басталатыны ресми айтылды. Яғни, елімізде үлкен экономикалық және технологиялық дүмпу болуы тиіс. Ал, ол үшін ең алдымен тағы сол IT саласына басымдық беріледі.

«…Біз цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет.

Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты.

Осыған орай, Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын әзірлеуді және қабылдауды тапсырамын…»,-делінген ҚР Президентінің Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауында.

Осылайша, биыл маусымда ҚР Ақпарат және байланыс министрлігі «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын Үкіметке енгізеді. Бұл туралы аталған ведомство басшысы Дәурен Абаев кеше Мәжіліс депутаттарының алдында баяндаған болатын.

Тұтастай алғанда, бағдарламаның басты мақсаты – қазақстандықтардың өмір сапасын арттыру, әрі ұлттық экономиканы цифрландыру. Құжатты жүзеге асыру шеңберінде 2020 жылға дейін интернет қолданушылардың санын 80 пайызға дейін арттыру, тұрғындардың 95 пайызын цифрлық xабар таратумен қамту, азаматтардың цифрлық сауаттылығын 80 пайызға дейін арттыру көзделуде.

Сондай-ақ, тек биылдың өзінде аталған бағдарлама аясында елімізде 244 радиотелевизиялық станция салынатын болады. Атқарылатын жобалардың басым бөлігі мемлекеттік-жекменшік серіктестігі аясында жүзеге аспақ.

Жол картасының 19-шы тармағына қатысты министрлік 2018-2020 жылдарға жоспарланған «Қуатты Қазақстан» бірыңғай республикалық медиа-жоспарына өзгеріс енгізуді көздеп отыр. Жоспардың аясында бұқаралық ақпарат құралдарын электрондық сауданы насихаттауға қатысты іс-шаралар қарастырылмақ. Жол картасының 24-ші тармағы бойынша тұрғындар арасында интернет желісін қолданушыларын арттыру жоспарына сай, министрлік сымды әрі сымсыз технологиялар арқылы инфрақұрылымға қол жетімділікті қамтамасыз етеді.

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының негізі былтыр «Зерде» ұлттық холдингінің базасында әзірленген болатын. Холдинг төрайымы Әсел Жиенбаеваның айтуынша, «Цифрлық Қазақстан» тек бір ғана IT саласын емес, қоғамдағы өзге де салаларды дамытуға бағытталған.

«Біз ЖІӨ-дегі IT-секторының үлесін 2020 жылға дейін 5 пайызға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, IT-секторында 150 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Дәл осы саладағы еңбек өнімділігі 37 пайызды құрамақ. Ал, халықтың цифрлық сауаттылығын 85 пайызға дейін жеткіземіз», — дейді Ә.Жиенбаева.

Оның айтуынша, жобаның басты мақсаты – ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттырып, халықтың әл-ауқатын көтеру.

Жоба негізгі 4 бағыт бойынша жүзеге асатын болады. Бірінші бағыт – ауыл-аймақты кеңжолақты интернетпен қамтамасыз етіп, Қазақстанның транзиттік әлеуеттін арттыру. Екінші бағыт – экономиканың салаларына (көлік және логистика, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы және электронды сауда) цифрлық технологияны ендіру. Үшіншісі – мемлекеттік органдар жұмысының сапасын арттыру және төртінші бағыт – IT-мамандарды даярлау.

«Бұл бағдарлама Стратегия-2050, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары және «Нұрлы жол» секілді маңызды құжаттарда көрсетілген мақсат-міндеттерді жүзеге асыруға екпін беретін қосымша күш болады», — дейді «Зерде» ұлттық холдингінің басқарма төрайымы Әсел Жиенбаева.

Жалпы, Қазақстанда ақпараттық технологияларды мемлекеттік секторға ендіру жұмыстары осыдан он жыл бұрын сәтті басталғанын айта кету керек. Оған бір ғана мысал келтіруге болады, ол – eGov жүйесі немесе Қазақстанның электронды үкіметі. Дәл осы жүйенің көмегімен бүгінде жүздеген операцияны компьютер алдында отырып-ақ жүргізе аласыз. Құжат рәсімдеу, коммуналды қызмет түрлерінің ақысын, салық, айыппұл, сақтандыру және өзге де қызмет түрлерін үйде отырып төлеуге кез-келген қазақстандықтың мүмкіндігі бар. Ал, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында бұл жүйенің жұмысы одан әрі жетілдірілмек.

Жетілдіру үшін бірқатар дамыған мемлекеттердің тәжірибесі қабылданады. Атап айтқанда, цифрлық технологияны жүзеге асыруда үлкен жетістіктерге жеткен Австрия, Дания, Австралия, Канада және Сингапур секілді елдерден үйренеріміз мол. Мәселен, Австрия астанасы Венада қалалық бюджетті әзірлеуде жоспарлаудың «цифрлық» принципі қолданылады. Нәтижесінде, қала қазынасында жыл сайын 2 миллион еуро үнемделеді екен. Ал, Бостонда (АҚШ) коммуналды қызмет түрлерін бақылауға арналған мобильді қосымша іске қосылғалы бері тұрғындар тарапынан түсетін шағым 66 пайызға қысқарған.

Цифрлық технологияның ауылшаруашылық саласына да берері көп, әрине егер орнымен қолдана алсақ. Мәселен, әлемдегі №1 миллиардер Билл Гейтс ойлап тапқан «Оракул» деген компьютерлік бағдарлама ауылшаруашылық жерлерінің хал-ахуалын санаулы ғана уақыт ішінде талдаудан өткізіп, қандай жағдайда екенін айтып бере алады. Дәл қазір Қазақстанда егістік мен жайылым көбі жекенің қолында және пайдаланылмай жатқаны белгілі. Ал аталған бағдарлама сол жер иелерінің кім екенін, жерді қанша уақыттан бері пайдаланбай жатқанын анықтай алады. Демек, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында Билл Гейтстің «Оракулы» да елімізде кең қолданысқа енуі әбден мүмкін.

Цифрлық технология бұдан бөлек денсаулық сақтау және білім беру салаларында да қолданыста. Биыл оны жетілдіру мақсатында Қазақстан мектептерінде электронды күнделік қолданысқа енгізілмек. Сонымен қатар, педагогтар да атқарған жұмыстарының есебі мен жоспарларын қағаз күйінде емес, электронды үлгіде тапсыра алады.

Жалпы, мұның бәрі халықтың бақуатты өмір сүруі үшін жасалып жатқан шаралар екенін түсінуіміз қажет. Тұрғындардың әл-ауқаты артып, еңсесі тік көтерілгенде ғана Қазақстан дамыған өркениетті елдердің қатарына, яғни алдыңғы «отыздыққа» қосыла алады. Ал, бұл мақсатқа жету үшін еліміз үшінші жаңғыруды еңсеруі тиіс.

Abai.kz

Дереккөз: https://abai.kz/