Назарбаевқа қатысы бар компания Ақордадан миллиардтаған тендер алып отыр

0

Жыл сайын Президент іс басқармасына қарасты мекемеден миллиардтап тендер алып отырған «Жасыл-Жер» ЖШС-ның Қазақстан экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысы бар екені айтылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Мият Кәшібай telegram-арнасына сілтеме жасап.

Мият Кәшібай telegram-арнасының мәліметінше, «Жасыл-Жер» деп аталатын компанияға сегіз жыл бойы Назарбаев иелік еткен. Тіпті, Назарбаев президент болып тұрған кездің өзінде де Президент іс басқармасына қарасты кәсіпорыннан тендер алып отырған.

«1 млрд 530 млн теңге. Бұл – астанадағы алты мемлекеттік мекеме ғимаратының аумағын бір жыл бойы күтіп-ұстау мен абаттандыруға жұмсалатын қаржы. Алты мекеме мыналар: Ақорда, Үкімет үйі, Министрлер үйі, Қаржы министрлігінің ғимараты, Тұңғыш президент музейі және Бейбітшілік көшесінде орналасқан әкімшілік ғимарат. Мемлекеттік сатып алу порталындағы ақпаратқа қарағанда, 2021 жылы 24 желтоқсанда Президенті іс басқармасына қарасты «Президенттің әкімшілігі мен үкімет әкімшілік ғимараттары дирекциясы» деп аталатын кәсіпорын «Жасыл-Жер» компаниясымен екі келісімшарт жасасты. Біреуінің құны 773 млн, екіншісінікі 757 млн. Келісімшартқа сәйкес, «Жасыл-Жер» ЖШС 2022 жылы жоғарыда аталған алты ғимарат аумағының қарын күреп, бау-бақшасын күтуге міндетті. Екі тендер де «бір көзден сатып алу» тәсілі бойынша өткен. Яғни, тапсырыс беруші ашық конкурс жарияламаған, тікелей «Жасыл-Жер» компаниясымен келісімшарт жасасқан», – деп жазады Мият Кәшібай.

Оның айтуынша, кейінгі алты жылда «Президенттің әкімшілігі мен үкімет әкімшілік ғимараттары дирекциясы» кәсіпорыны дәл осы «Жасыл-Жер» компаниясымен 23 келісімшарт жасасқан. Олардың жалпы соммасы — 7 млрд, 636 млн теңге. «Жасыл-Жер»  ЖШС барлығында тендерді «тікелей бір көзден сатып алу» тәсілі арқылы алған.

«Жыл сайын Президент іс басқармасына қарасты мекемеден миллиардтап тендер алып отырған «Жасыл-Жер» ЖШС-ның Қазақстан экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысы бар. Қалай дейсіз бе? Баяндап берейін. Мұқият оқыңыз, шатасып қалуыңыз мүмкін. «Жасыл-Жер» ЖШС 2005 жылы сәуірде құрылған. Бастыпқыда құрылтайшылары жеке адамдар болды. Ал 2012 жылдан 2020 жылға дейін компанияға Назарбаевтың түрлі қорлары иелік етті. Нақтырақ айтқанда, 2012 жылдан 2017 жылға дейін «Фонд-Инвест» Мүлік басқару дирекциясы»  деген компания «Жасыл-Жер» ЖШС-ның құрылтайшысы болды. Ал бұл компанияның құрылтайшысы – Назарбаевтың «Елбасы қоры» деп аталатын қоры. Бұдан кейін, 2017 жылы Назарбаевтың «ҚР тұңғыш президенті – Елбасының қоры» деген қоры бірнеше ай бойы «Жасыл-Жер» ЖШС-ның құрылтайшысы болды. Ал 2017 жылдың қыркүйегінен 2020 жылдың ақпанына дейін бұл компанияға «Жылжымайтын мүлікті басқару жөніндегі дирекция» ЖШС құрылтайшылық етті. Бұл ЖШС да Назарбаевтың «Елбасы қоры» деген қорына тиесілі», – делінген жазбада.

Сондай-ақ ол «Жасыл-Жер» компаниясына сегіз жыл бойы Назарбаев иелік еткенін, сол кезеңде компания мемлекеттен миллиардтаған тендер алып, қыруар пайда тапқанын, тіпті, «Жасыл-Жер»  ЖШС Назарбаев президент болып тұрған кездің өзінде де Президент іс басқармасына қарасты кәсіпорыннан тендер алып отырғанын айтады.

«Бұл – Назарбаевтың мемлекеттік қызметте жүріп те бизнеспен айналысқанын дәлелдейтін бірден-бір факт.  2020 жылдың ақпанынан бастап «Жасыл-Жер» компаниясының құрылтайшысы жеке адамдар болды. Солардың бірі – Тіленді Қуғабаев деген азамат. Ол бұл компанияны бірнеше жыл басқарды, кейін құрылтайшысы да болды. Қазір де Қуғабаев «Eco city group» деген компания арқылы «Жасыл-Жер» ЖШС-ға иелік етіп отыр. Ашық дерекөздегі ақпаратқа қарағанда, Тіленді Қуғабаев бір кездері «Қазақстан Республикасы Парламенті Шаруашылық басқармасының Қызметтік тұрғын үйлерді пайдалану жөніндегі дирекциясы» деген мемлекеттік кәсіпорынды басқарған. Алматыдағы әйгілі «Алатау» санаторийінің директоры болған. Былтыр Азаттық радиосы бұл демалыс орынына Назарбаев иелік ететінін анықтаған еді. Соған қарағанда, Тіленді Қуғабаевты Назарбаевтың сенімді адам деп топшылауға негіз бар», – деп жазды Мият Кәшібай.