Байден Путинді «өлім әкелетін диктатор» және «таза бандит» деп атады

0

АҚШ президенті Джо Байден «Ирландия достарының» жыл сайынғы түскі асында ресейлік әріптесі Владимир Путинді «өлім әкелетін диктатор» және «таза бандит» деп атады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі The Guardian басылымына сілтеме жасап.

Басылымның жазуынша, Байден кездесу барысында Путин туралы сөз қозғаған. «Енді сіздерде Украина халқына азғын соғыс жүргізіп жатқан өлім әкелетін диктаторға, таза бандитке қарсы шығатын Ирландия мен Ұлыбритания бар. Қазір Ирландия мен АҚШ бірлесе жұмыс істеуде, өйткені Ирландия БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің бөлігі болып саналады», — деді америкалық көшбасшы.

Айта кетсек, бұған дейін Байден Ресейдің Украинадағы іс-әрекетін айыптай отырып, Путинді «әскери қылмыскер» деп атаған еді. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков АҚШ президентінің мәлімдемесіне рұқсат етілмейтінін хабарлады. Еске сала кетсек, Ресей АҚШ-тың лауазымды тұлғаларына қарсы санкциялар енгізген болатын. Тізімге ел президенті Джо Байден, мемлекеттік хатшы Энтони Блинкен және басқа да лауазымды шенеуніктер кірген. Осыған қатысты пікір білдірген Ақ үйдің ресми өкілі Джен Псаки санкция салынған америкалық шенеуніктердің Ресейге баруды жоспарламағанын мәлімдеді.

Сондай-ақ, ол олардың ешбірінде қол жеткізе алмай қалатын банк шоттары да жоқ екенін хабарлады.